Жаңалықтар

Ұзынкөлден шыққан ғалым

Медицинада өзіндік жолы бар профессор Асылбек Төлеуов 1941 жылы Ырғыз ауданының Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. Сол тұста №11 ауыл деген атпен белгілі болған бұл елді мекен тұрғындары заман ағымына орай көптеген қиындықтарды бастан өткерді.

Асылбектің әкесі — Төлеу Шерімбетов отыздан асқан шағында Ұлы Отан соғысына қатысып, ел қорғаған жауынгер. Майданнан елге мүгедек болып оралған ол өзінің білім мен біліктілігін еңбекке арнайды, жүрген ортасында жан-жағына жақсы тәрбие таратады, елдің сөзі өтімді көрнекті азаматтарының бірі болады. Ал анасы Нәдира үй шаруасында, шаңырақтың берекетін келтіріп отыратын адам болған.

Әсіресе, соғыстың қысталаң жылдарының өртіне балалығы шарпылған жас буын ойын-күлкіні өзгелерден кемдеу көріп, жоқшылықпен жетілді. Сондықтан ба екен, олар есейе келе білімге ерекше құштарлық танытты.

Солардың бірі жасөспірім Асылбек орта мектепті бітірген соң жоғары білім алуға талаптанады. Ойлана келе Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына құжаттарын тапсырады. Мақсаты — адам денсаулығын қорғауға үлес қосу, елдегі ауру-сырқаудың бетін қайтару жолдарын іздестіру.

Талап тас жарады. Ол алты жыл институт қабырғасындағы студенттік шақты ұдайы ізденістермен өткізеді. Медициналық әдебиеттерді тыңғылықты оқып, ұдайы үйренумен болады. Ал жоғары курстарда салалық бөліністер кезінде ол аса кәсіби біліктілікті қажет ететін мамандық хирург болуды таңдайды. Әдетте бұл бағытқа студенттер көп ұмтыла бермейді. Өйткені ота жасаудың қиындығы әркімге де белгілі. Ол өзгеше бір талантты, адамның туабітті дерлік икемділігін, бейімділігін қажет етеді.

Жас маман Ақтөбе қаласындағы №1 медициналық-санитарлық бөлімде хирург болып, алғашқы тәлімдемеден өтеді. Мұнда тәжірибелі оташылардың жанында жүріп, қолы да, көзі де сырқат сырын ұғынуға, ем жасауға қалыптаса бастайды. Аз-кем тәжірибе жинаған жас жігітті сол кездегі облыстық денсаулық сақтау бөлімі Қарабұтақ ауданына жібереді.

Жауапкершілік жүгін мойынға алып, дербес жұмыс жасау оңай еместігін осында сезінген ол уақытпен санаспастан еңбек етеді, алдына келген сырқаттың амандығы жолында маңдай терін сылып тастап жүріп, кейде демалысты да ұмытып кетеді. Ауылдық жердегі емханалардың материалдық-техникалық жағдайы белгілі, соған қарамастан, жоқтан бар жасап, талай адамның өмірін сақтап қалған жайларын көпшілік кейін айтып жүрді.

Үнемі ізденісті, ілгерілеуді жүрегі қалаған маман 1965 жылы Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының клиникалық ординатурасына талап қылады және осы кезден бастап ғылымға айрықша ден қояды. Бұдан әрі Мәскеудегі Бүкілодақтық онкологиялық ғылыми-зерттеу орталығына аспирантураға түсіп, академик Борис Евгеньевич Петерсонның жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғайды. Әуелі тәжірибесін толыстырып, содан кейін оны ғылыми негіздеген дәрігердің біліктілігі Ақтөбеде жоғары бағалана бастайды. Ол өзі білім алған Ақтөбе мемлекеттік медицина институтында кафедра жетекшісі және проректорлық қызметтерді абыроймен атқарып, болашақ мамандарды даярлауға сүбелі үлесін қоса бастайды.

Сексенінші жылдардың соңында Мәскеудегі беделді ғылыми орталықта докторлық диссертациясын қорғаған ғалым онкология саласында Қазақстанда өңеш және асқазан хирургиясы саласында жетекші маман ретінде көрінді. Оның қатысуымен Ақтөбедегі онкологиялық диспансерде күрделі операциялар жасауға жол ашыла бастады. Медициналық университеттің өзінде осы бағытты дамытуға мүмкіндік туды, студенттер арасында да қызығушылық байқала бастады. Асылбек аға жастарға жол көрсетуден, бағыт сілтеуден ешқашан да шегінген емес.

Ол университетте онкология кафедрасына он жылдан астам уақыт жетекшілік жасап, жас ғалымдардың кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғауына қолдау-көмегін жасады.

Өзі де ізденісін тоқтатпай, жетпістен астам ғылыми жарияланымның авторы атанды. Мұның сыртында үш өнертабыстың иегері болуы оның онкология саласында әбден маманданумен бірге, көшбастаушылық биікке көтерілгенін де байқатқандай еді.

Өмір қаншалықты өзгеріп, білім-ғылым дамығанымен, адам денсаулығын сақтаудың құпиясы әлі көп. Сондықтан да ғалымдарымызға артылар үміт те аз емес. Осы ретте оның «Асқазан обырын емдеудің заманауи әдістерінің тиімділігін бағалау» атты еңбегі Одақ көлемінде жоғары бағаланды. Сондықтан да болуы керек, Мәскеу қаласындағы Медицина ғылымдары академиясының онкологиялық ғылыми орталығы баспасынан жарыққа шықты.

— Мен Асылбек ағаның шәкірттерінің бірімін, онкология мамандығына келуіме себепкер болған да осы кісі. Бұл мамандыққа ие болғаныма ешқашан да өкінген емеспін. Сол үшін де ұстазыма айтар алғысым шексіз. Өйткені ауыр дертке шалдыққан адамдарға ем жасап, оларға өзімнің ақыл-кеңесімді беріп, айналама жеңілдік әкелгенімді сезінген сайын еңбегімнің жемісін көргендей боламын, — дейді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің онкология жане визуалды диагностика кафедрасынын меңгерушісі Әріп Қойшыбаев.

Ғажайып ғалым өзінің сексен жас биігіне көтерілместен дүниеден өтті. Ағаның асыл зайыбы Ғалия  апа да дәрігер болып, ұзақ жыл елге қызмет етті. Олардың үлкен қызы Алма тәжірибелі дәрігер.  Әлия —  медицина ғылымдарының кандидаты. Еркінбек те медицина институтын бітірген.

Бір кездері Ырғыздан түлеп ұшқан ұлан кейін қалың ел білетін ауқымда қыран болып қалықтады. Оның медицина саласындағы елеулі еңбегі, ғылыми зерттеулері әлі халық игілігіне пайдаланыла беретіні күмәнсіз.

Н.ӘБДІЛДАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button