Жаңалықтар

Қазақстан неге аналогтық хабар таратудан бас тартуда?

Жаңа жүйе

Қазақстанда аналогтық хабар тарату желісінің заманы бітіп, цифрлық эфирлік телевизия кезеңі келді.

Ең алдымен аналогтық телевизияның не екеніне тоқталайық. Бұл — бейне мен дыбысты тарату үшін аналогтық электр сигналын қолданатын телевизиялық жүйе. Аналогтық хабар тарату кезінде станциядан сигнал антеннаға беріліп, бір жиілікке бір арна бекітіледі.

Аналогтық хабар тарату жүйесі телевизия пайда болғаннан бастап қолданылып келе жатыр. Аналогтық хабар таратуда түстің қанықтығы мен дыбыс тез өзгеретін амплитуда жиілікпен ұсынылған. Үзіліссіз диапазонда сигнал өзгеріске ұшырап, тысқы әсерден тәуелді болып келеді. Бұл — аналогтық телевизияның басты кемшілігі. Қолайсыз ауа райы, жел, жаңбыр, найзағай кезінде сигнал нашарлап, көрерменге кескін қаз-қалпында емес, бұрмаланып жетеді. Телестанцияның алыс орналасуы да сигнал сапасына әсер етеді. Сигнал көзі мен теледидардың арақашықтығы неғұрлым алыс болса, соғұрлым сапа нашарлай бермек. Басқаша айтқанда, аналогтық хабар таратуда бейне мен дыбыс көрерменге төмен сапада жетеді. Осылайша көгілдір экранда бейне бұлдырап, дыбыс шумен шығады. Оның үстіне, қазір көптеген фильмдер мен телебағдарламалар цифрлық форматта түсірілгендіктен, аналогтық телевизия бейне мен дыбыстағы арнайы эффектілерді бере алмайды.

Яғни аналогтық хабар тарату ескірген әрі заманауи талаптарға сай келмейді. Сондықтан әлем біртіндеп аналогтық хабар таратудан бас тартып, цифрлық эфирлік хабар таратуға көшуде.

Цифрлық телевизия 1990 жылдары Еуропада пайда болды. Алғаш рет сигнал Нидерланды мен Германияда сынақтан өткен болатын. 2019 жылғы мәлімет бойынша дүниежүзінде 70-тен астам мемлекет толықтай цифрлық эфирлік хабар таратуға көшкен. Тағы 60 ел digital-форматқа көшу үстінде.

Қазақстан да әлемдік стандартқа көшіп жатыр. Жұмыстар 2012 жылдан бері жүргізілуде. Цифрлық телевизияны дамыту және ендіру жобасы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазір бірқатар облыстар цифрлық хабар таратуға толықтай көшті, халықты қамту көлемі 87,37 пайызды құрайды. Қазақстанда аналогтық хабар тарату 2022 жылы толығымен тоқтатылады деп жоспарланған.

Цифрлық хабар таратудың артықшылығы неде? Ең бастысы — айқын бейне мен жоғары сападағы дыбыс. Цифрлық сигнал түрлі бөгет-кедергіге ұшырамайды әрі телекөрерменге, тіпті шалғай орналасқан елді мекендерге бастапқы түрінде, шуылсыз, бұлдырлаусыз жетеді. Тағы бір артықшылық — сигнал таратудың жоғары жылдамдығы. Цифрлық хабар тарату телекөрерменге жоғары сападағы контеннтті жеткізеді.

Сапа

Биыл 684 елді мекен цифрлық телехабарға қол жеткізді

Қазақстанда цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін енгізіп, аналогтық жүйені өшіру жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Сапалы телевизияны ендіру жұмыстары аясында теле-радиохабар тарату саласындағы Ұлттық оператор «Қазтелерадио» АҚ радиотелевизиялық станциялар тұрғызып, модернизациялау үстінде.

Биылдың өзінде ғана 43 радиотелевизиялық станция: Солтүстік Қазақстан облысында — 13, Қызылордада — 16, Шығыс Қазақстан облысында — 6, Ақтөбеде — 5 және Ақмола облысында 3 РТС қолданысқа енгізілді. Бұл станциялардан тарайтын сигнал аталған аумақтардағы 684 елді мекен немесе 800 мыңға тарта тұрғынды қамтиды.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Қарағанды облысында цифрлық эфирлік телехабар тарату желісіне 5 РТС тестілеу тәртібінде іске қосылған, сынақ жұмыстары сәтті аяқталған соң «Жастар», «Осакаровка», «Қантай», «Сұңқар» және «Пионер» радиотелевизиялық станциялары қолданысқа енгізіледі. Бұл РТС-тердің қамту аумағына Қарағанды облысының 25 елді мекені енеді.

Цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін енгізу жұмыстары 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. Бірқатар облыстар жаңа жүйеге толықтай көшті. Атап айтқанда Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында аналогтық телехабар тарату жүйесі өшірілді, биыл ЦЭТВ-ға толықтай көшу Алматы қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысында жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру 2022 жылы аяқталады деп көзделген, «цифрға» көшу үшін барлығы 827 радиотелевизиялық станция тұрғызылып, жетілдірілуі тиіс.

2020 жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша 518 РТС қолданысқа енгізіліп, цифрлық сигнал ел халқының 89,42 пайызын қамтып отыр.

«Қазтелерадио» АҚ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button