Жаңалықтар

Жанат жүлдемен оралды

Жұбан оқулары

Биыл қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай туған жері — Батыс Қазақстан облысындағы ақынның атын иемденген облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана «Жұбан — ұрпақтар жүрегінде» атты халықаралық ХХ Жұбан оқуларын онлайн ұйымдастырды.

Аталған байқауға Ресей елінің Орынбор, Волгоград облыстарынан, Татарстаннан, Башқұртстаннан, Қырғызстаннан және Қазақстанның барлық өңірінен үміткерлер қатысты. Біздің облыстың намысын әріптесіміз — С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Жанат Ертілеуова қорғады. Әуелі қатысушылар Жұбан Молдағалиевтің бір өлеңін мәнерлеп оқып, өлеңнің мазмұнын ашатындай, бейнеролик түсіріп, эссе жазып жолдады. Бұл кезеңде ақынның «Әлия» өлеңін таңдап алған әріптесіміздің бағы жанып, келесі кезеңге жолдама алды.

Бірнеше күннен кейін өткен екінші, үшінші кезеңге Жанат Нұрымқызы асқан ұқыптылықпен дайындалып, онлайн форматта ZOOM бейнеконференцияға арналған қосымшада тікелей эфир арқылы төрешілермен байланыс орнатып, жасырын ұяшық арқылы таңдалған «Мен солдатпын» өлеңін жатқа оқып, викториналық сұрақтарға мүдірмей жауап берді.

Жиынтық бағалау нәтижесінде әріптесіміз Жанат Ертілеуова жүлделі екінші орынға ие болды. Орал қаласындағы облыстық драма театрдың төрінде өткен марапаттау кешінде Жанат Нұрымқызына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады.

                                                              Ләззат  БӨЛТЕКОВА,

С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының

 абонемент бөлімінің  меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button