Жаңалықтар

Дара қолтаңба

Өнеге

Еңбек ер атандырады. Бүгінде көмескі тартып, көнерген сонау жылдары Дөң тау-кен байыту комбинатының іргесін қалап, Хромтаудағы әр нысанда алақанының табы қалған аға буын өкілдері де бар арамызда. Осындай еңбегінен ел таныр алдыңғы толқын тобынан Ерсайын Сағитов есімі де кездеседі. Біз өз ортасы мен кейінгі жастарға еңбегімен ерекше сыйлы болған ерен қартпен арнайы жүздесіп, жүрек төріндегі жылы естеліктерін бөліскенбіз.

Орынбор  облысында дүниеге келген Ерсайын Сағитов — туған елдің топырағын тұмарындай көретін адам. Адамов жерінде туып-өсіп, білім алып, сол жақта еңбек жолын бастаған соң, өткен ғасырдың жетпіс бірінші жылы Қазақстанға қоныс аударады. Өмір керуенімен Хромтау өлкесіне тұрақтап, өндіріске өлшеусіз үлес қосады. Қазір сексеннің төрінде. Дөң тау-кен байыту комбинатының еңбек сіңірген ардагері.

Қостанай маңында құрылыста, кен орындарында қызмет етіп жүрген 37 жастағы азамат «Ақтөбе өңірінде жаңадан шахта құрылысы басталып жатыр. Учаске басшысы керек екен» деген хабарды жиі естіп жүріпті. Тіпті, орыс жолдастары: «Дөңге барсаңшы, жалақысы да жаман емес көрінеді» деген кеңестерін де айтатын. Жылы орнын суытқысы келмеген Ерсайын өсіп келе жатқан қызының болашағын ойлап, «Нар тәуекел!» деп көзді жұмып, Хромтау жаққа қарай ат басын бұрады.

— Содан «Хромтау қайдасың?» деп осы өлкеден бір шықтым. Самолетпен жол ұзақ болмады. Әуелі өзім келдім. Орналасып болған соң, жұбайым мен қызымды алдырттым, — деп әңгімесін желілете түсті қария. Әңгімесі әуезді екен.

Біз жаққа қарай келгісі келмеген жас келіншегі Ерсайынның «Хромтау — үлкен қала» дегеніне иланса керек, көз алдына қаптаған жұрт, биік үйлер мен зәулім ғимараттары бар  қала өмірін елестетіп келіпті. «Выходите, гражданка!». «А мне город Хромтау надо!». «Ну, вот город Хромтау!»… Осы әңгімені бүгінде ата мәз болып отырып айтады.

— Осылайша көліктен түскен жұбайым жылармандай болып келіп еді бұл жерге. Қалаға алып келмедің деген ренішімен бір ай далаға шықпастан үйде отырды. Оған күліп жүрсем де, сол сәттерде менің көңілім тыншымады. Расымен де, неге Хромтауды көркейтпеске. Қолымнан келеді емес пе? Шахтаны құрсақ, адамдар жұмысқа кіріп, әдемі өмір сүреді. Құрылыс қолымнан келіп тұрғанда, өндірісті өлкені жайнатуға кірісуім керек деп ойладым. Менің осы мақсатыма ой салған жұбайым, — деді сөз арасында.

Аудандағы орталық шахта ол кезде енді бой көтеріп жатқан болатын. Саршұнақ аяз бен ақ боранда аяққа байпақ киіп, шахтаға 35 минут жүріп баратын кезі еді. Хромтауға келгеннен үйсіз қалмай, артынша  астына 5600 рубль тұратын «Жигули» көлігін мінеді. Еңбектің қамына бірден кірісіп, шаршауды білмей, шахта құрылысының тарихында қалған адамдардың бірі — осы кісі.

Күнделікті ізбен барып-келіп жүргенінде орталық шахтаның құрылысын он бір жыл бойына салыпты. Ақсақалдың айтуынша, шахта ішіне түсіп, тіреуіштерді орнатып жүргенінде 23 жасар маркшейдер жігіттің дәуір алмасып, бүгінде Дөң тау-кен байыту комбинатының  директоры боларын кім білген. Ми далада клетті оқпан тұрғызып, шахта горизонтын ашу — Қостанайдан қоныс аударған Ерсайын Сағитұлының өзіне жаңалық болғандай.

Орталық шахтаның учаске басшысын кейіннен күрделі құрылыс бөліміне — шахтаның жерасты жұмыстарының бас инженері қызметіне тағайындайды. Құрылыс қарқынын қарыштатар маманды сол қызметте жетпіске келгенше ұстайды. Себебі, кәсіпорынның кезекті шахтасына өмір сыйлаған құрылысшыны ешкім жібергісі жоқ еді.

— Кеңес үкіметі ыдыраған кезде елде біраз жағдайлар өзгерді. Құрылыс тоқтап, шығынның көптігінен шахтаны тоқтатамыз деген дүрбелеңде де жүрдік. Төрт оқпан дайын болып тұрған кез. Ерен еңбек. Соңына дейін беріспей, шахтаны құлатпауды мақсат еттік.  Шахтаға келген сарапшыларға шығатын кеннен бес миллион долларды есептеп, дәл осы сомада пайда табатынымызға сендірдім. Нәтижелі шықтық. Қуандым. Балаша шаттандым, — деді өткен күндерін еске алып.

Ақсақалдың қуанышы ұзаққа созылып, 1999 жылы сол шахтадан алғашқы кен шығып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев лентасын қиса, 2001 жылы ол кезде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болған бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, ел Тәуелсіздігінің он жылдығына Хромтау қаласындағы орталық шахтаға «Қазақстан Тәуелсіздігінің он жылдығы» шахтасы деген атау берді. Осындай үлкен оқиғамен тарихта қалған шахта бүгінгі күні мыңдаған хромтаулықтың басын қосқан ұжым ортасына айналды.

Ерсайын Сағитұлының қолынан бір ғана шахта құрылысы шықпады. Хромтау орталығындағы нысандардың нобайын құрған да осы ардагер. Кейде жұбайы Балкүміспен гүлденіп, көркейген Хромтау көшелерін аралап шығатын көрінеді. Кім біледі, кезіндегі жан-жарының назданған сәтін еске алып, іштей күліп, «сертімде тұрып, Хромтауды қалаға айналдырдым» деп өз-өзіне риза болатын да шығар.

Уақыт өте келе құрылысшының тұңғышы Айсұлу әке жолын жалғап, Дөң тау-кен байыту комбинаты күрделі құрылыс бөлімінде бас инженер қызметін атқарып жүр.

Сексенге келген қария жас күніндегідей ширақ, тың. Жұбайы Балкүміспен алтын тойын тойлап, ұл-қызының, немере-шөберелерінің қызығын қызықтап отыр.

— Алдымнан жас бала шықса, «сендер базарға енді кіріп жатырсыңдар, мен базардан қайтып бара жатқан адаммын. Өмір базарында адаспай, жолдарыңды дұрыс құрыңдар» деймін. Еңбек ете білу  керек. Қалған өмірім қанша екені белгісіз. Бірақ артқы буынға жүрген жерімде батамды беріп келемін, — деп әсерлі күйде әңгімесін аяқтады ол.

Көне де болса, көсеге көгертер өнегесін айтатын Ерсайын ақсақалдай үлкендеріміздің ортамызда жүре бергенін қалаймыз. Қарттарымыз аман болсын!

Арайлым ҒАНИ,

Хромтау қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button