Жаңалықтар

Эко-марафон — жаңа формат

Акция

20 қыркүйекте Талдықорған қаласында бастау алған «760greenkm» эко-марафонына қатысушылар сейсенбі күні Ақтөбеге келді. Құтты мекенде 4 сағат 14 минуттың ішінде 42 шақырымды жүгіріп, рекорд жаңартқан әуесқой спортшылар марафон аясында Шығармашылық академиясының маңына бірнеше түп ағаш екті.

«760greenkm» экологиялық марафонын әуесқой спортшылар Ғалым Чуашев, Дмитрий Ким, Айдын Сәдібеков салауатты өмір салтын насихаттап, ішкі экотуризмді дамытуға септігін тигізу мақсатында қолға алып, 20 қыркүйек күні Талдықорған қаласында бастаған еді. Осы уақыт аралығында олар еліміздің 9 қаласында болды. Ақтөбе — есеп бойынша оныншы қала. Алда тағы 8 қаланы аралап жүгіріп өтпек. Мақсат — 18 күнде еліміздің 18 қаласында марафон өткізу. Ақтөбеде өткен акцияға бұл жолы Ғалым Чуашев пен Дмитрий Ким ғана қатысты. Айдын Сәдібеков аздаған жарақаттарына байланысты Ақтөбедегі жүгіріске қатыса алмады.

Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясының қолдауымен бастау алған «760greenkm» — жүгірудің мүлдем жаңа форматы. Марафонға қатысушылар әр күні 42 шақырым жүгіре отырып, акция аясында күн сайын Қазақстанның түрлі өңірлерінде ағаш отырғызатын болады. Акция аясында еліміз бойынша 1000-ға жуық ағаш отырғызу жоспарланған.

— Марафонды алғашында еліміздің барлық облыс орталықтарында өткізуді жоспарлағанбыз. Кейін биыл ұлы Абайдың мерейтойы екенін ескеріп, Семей қаласын да тізімге қостық. Сөйтіп, 18 күнде 18 қалада жүгіріп өтуді қолға алдық. Әр қалада 42 шақырым жүгіреміз. Сол шақырымдардың барлығын қосқанда 760 шығады. Сонымен қатар еліміздің барлық қаласына ағаш көшеттерін егетін боламыз. Өйткені экология кез келген адамның өмірінде маңызды орын алады. Ал табиғатты күтіп, оған жанашыр бола білу — біздің басты мақсатымыз, — дейді Ғалым Чуашев.

Марафоншылар Орал қаласына қарай бет алды. Жоспар бойынша «760greenkm» эко-марафоны 7 қазан күні Алматы қаласында өз мәресіне жетеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button