Жаңалықтар

100 бұлақ табылып, 10 бұлақ ақты

Табиғат

Әзірге Ойыл өзенін бұлақтың суымен сақтап қалудан басқа амал болмай тұр. Бұлақ — өзеннің бір тамыры десек, оның да тартылып, қашып кетпеуі үшін көздерін ашып отыру керек. Ойылдықтар сол өзен бойы мен оның салаларындағы сайлардан бұлақ көзін іздеп, ашып жатыр.

Аудан басшылары ұйытқы болған бұл іс алдымен Көзді өзенінің бойынан басталды. Бірнеше жылдан бері әбден суалып, құрғап кеткен Көзді өзенінің табанынан 6 бұлақтың көзін тапты. Одан кейін Құмсай бағытындағы Ойыл өзені бойынан 4 бұлақ табылған. Тек өзен бойынан ғана емес, тепсеңдердегі бұлақтарды да зерттеу жоспарланды.

Біз ашқан бір бұлақтың суы 16 секундта бір литр ыдысты толтырды. Бұл — ең мол көзі. Ал қалған бұлақтар 1 литр суды 30-40 секундта берді. Үлкендердің айтуымен бұлақ көздерін ашуды жалғастыра бермекпіз. Барлық ауылдық округ әкімдеріне тапсырма берілді. Олар өз жерлеріндегі бұлақтарды анықтап, ашады. Ойылға құятын Қиыл өзенінің бойында 100 бұлақтың көзі бар екенін білдік. Әр сенбі, жексенбі сайын жеріміздегі бұлақ көздерін ашу, тазалау  жұмыстарын жүргізетін боламыз, — дейді аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев.

Ашылған бұлақтардың барлығы өзен суын толтырмағанымен қыста малға керек. Суы бар жерден жылқы да алысқа кетпейді. Сонымен қатар әр бұлақтың табаны тоң түсіріп, көктемгі қар суы мен жаңбырдың тамшысы жерге бірден сіңіп кетпей, сол тоңның бетімен өзенге қарай ағуына септігін тигізеді.

С.ЖҰБАНҒАЗИН,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button