Жаңалықтар

Жақсылық жасап жарысайық

«БәйішевМед» клиникасы ұжымының облыс тұрғындарына арнаған Үндеуі

Құрметті ақтөбеліктер!

1 қазан — Қарттар күні мен 11 қазан — Мүгедектерге қамқорлық көрсету күні қарсаңында   баршаңызды әлеуметтік осал топқа жататын жалғызілікті қарияларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға жақсылық жасауға шақырамыз.

Қазақ халқы тарыққанға көмек көрсетіп, қол ұшын созудан еш уақытта шет қалмаған. Сондықтан биылғы қазан айының 1-11 аралығында қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық жасап, оның ішінде қаражат, азық-түлік, киім-кешек үлестірумен шектелмей, денсаулықтарын нығайтуға, рухани бағытта қолдау көрсетейік.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында:  «Өзгеге қол ұшын созып, тілеулес болу, тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалды. Дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бейжай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер айрықша табандылықтың және зор  жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер», — деп, өз сөзінде жақсылық пен қайырымдылықты ерекше атап көрсеткен болатын. Осы орайда жақсылықтың жаршысы  болуды, біз, дәрігерлер, өзімізден бастауды жөн санадық. Қай уақытта да қоғамның көш басында жүретін ақ халаттылар, біз, «БәйішевМед» клиникасының ұжымы, биылғы жылдың 1-11 қазан күндері қайырымдылық акциясын бастаймыз. Бұл күндері біздің емхана есігі қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, Ұлы Отан соғысы мен тыл, ауған соғысы ардагерлеріне, Семей, Арал апат аймағында қызмет еткендерге, Чернобыль апатына қатысушыларға, еңбек мүгедектеріне және мүмкіндігі шектеулі балалар үшін айқара ашық.

Сондай-ақ осы акцияға өз әріптестерімізді, саяси партия өкілдері мен депутаттарды, облыс тұрғындарын, кәсіпкерлерді атсалысуға шақырамыз.

«БәйішевМед» клиникасының ұжымы атынан Н.Құрманова, А.Бектенғалиева, Г.Рысқұлова, Б.Қасымова, А.Елеуова, А.Салықбаева, Д.Маутова, Г.Шарапова, Ж.Құттымұратова, К.Жұмабай.

Басқа жаңалықтар

Back to top button