Жаңалықтар

Қамкөңіл жандар мекені

1 қазан — Қарттар мен мүгедектерді қолдау күні

Қилы тағдырлы жандардың басы қосылып, бейқам өмір сүріп, бұйығы тірлік кешіп жатқан мекеменің бірі — қарттар мен мүгедектер үйі. Қазіргі ресми атауы  — Ақтөбе қаласындағы «№1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.  Қарттар мен мүгедектерді қолдау күні қарсаңында осы мекемені мекен еткен қамкөңіл жандардың жағдайын білуді жөн көрдік.

Ақтөбе қаласының шеткері Сүт зауыты ауданында орналасқан орталықта бүгінгі таңда 204 адам тұрып жатыр. Оның 88-і — бірінші және екінші топтағы мүгедек. Мұнда тұратындардың ең үлкені 96 жаста болса, ең кішісінің жасы 30-дан асыпты. Бұл туралы бізге №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Сән Нұрышева баяндап берді.

— Біздің мекемеде барлығы 154 қызметкер жұмыс істейді. Олар еліміздегі Денсаулық сақтау және әлеуметтік  даму министрлігінің 2018 жылы бекіткен Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарына сүйеніп, орталық тұрғындарына әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-еңбекке баулу, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық секілді 7 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Атауларына қарап қай бағыттың қандай көмек көрсететіні белгілі. Орталықта төрт мезгіл тамақ беріледі. Жуынатын орын бар, — дейді Сән Қалпақбайқызы.

Ал қамқоршысы жоқ тұрғындардың бірі қаза болған жағдайда мешіттен имам шақыртып, марқұмның жаназасын шығару, кебін пішу секілді жөн-жоралғыларды шариғат заңдылықтарына сүйене отырып, ұлттық әдет-ғұрпына сай ақтық сапарға шығарып салады екен.

Осы орталықты паналаған қамкөңіл жандардың тең жартысы — қазақтар, қалғаны — өзге ұлт өкілдері. Олардың әрқайсысы өздерінің денсаулық жағдайына қарай, енді бірі қызығушылығы мен ептілігіне қарай еңбек етіп, мәдени  іс-шараларға қатысады. Айталық, бірі тоқыма ісімен шұғылданса, тағы бірі ән айтқанды ұнатады екен.

Тоқымашы Салима

Биыл жасы сексенге жеткен Салима Құрманғалиеваның осы орталықта тұрып жатқанына да он жылдан асыпты. Қолы қалт етсе бес сым темірді ермек ететін ол басқа бұйымдардан гөрі шұлық тоқығанды жақсы көреді екен. Өмірбаяны мен осы жерге қалай келіп қалғанын әже өзі былай деп әңгімеледі:

— 1940 жылы Қарақалпақстанның Нөкіс қаласында дүниеге келіп, бес жасымда медреседе сауат аштым. 1948 жылы шешеммен бірге Ақтөбе қаласына көшіп келдік. Інім Нөкісте қалып қойды, одан хабар жоқ. Содан біз де Ақтөбеде қалдық. Мектепке бардым, 7 класс оқып бітірдім. Мектептен кейін Петропавловка ауылында тігін шеберханасында бір жыл жұмыс жасадым. Сосын Алматыға барып, бір жыл оқып келдім. Оқудан келген соң Родниковка ауылындағы тұрмыстық қамту комбинаты мені меңгеруші етіп жұмысқа алды. 1962 жылы Ақтөбедегі тамақ қалдықтарын жинау жөніндегі кеңсеге бухгалтер-оқушы болып жұмысқа тұрдым, екі жыл жұмыс жасадым. Содан тағы Алматы қаласында екі жыл оқып, келгесін тағы да бір мекемеге бухгалтер болып орналастым, сол жақта 55 жасыма дейін, яғни зейнет жасына дейін жұмыс жасадым. Зейнетке шыққан соң ауруханада тазалықшы болып еңбек еттім.

21 жасымда тұрмыс құрып, бөпелі болып едім, кішкентайында шетінеп кетті. Содан күйеуіммен дәм-тұзымыз жараспады. 26 жасымда екінші рет тұрмыс құрдым, екі балам болды. Қуанышым ұзаққа бармады, ол екеуі де өмірден жас кетті. Үлкен ұлым орыс қызға үйленіп еді, бірақ бөпелері болмады. Әкем Нөкісте қайтты, шешем де дүние салды.

Ақтөбеде тумаларымнан тек Айша деген сіңлім бар, ол да жетпістің үстінде, сол сіңліммен қатынасып тұрамыз, бірақ ол қазір қатты ауырып, жатып қалды. Менің жағдайым —  осындай.

Осылайша баратын жерім, үйім болмағасын 2008 жылы Қарттар мен және мүгедектер үйіне келдім. Әуелгі уақытта бұл жерде мен кітапханада жұмыс жасадым. Бұрыннан қолөнерге қызығушылығым бар болатын, ептеп тоқитыным, тігетінім бар. Осы орталыққа келген соң тоқыма өнерін еске түсіріп, бес сым темірімді қайта қолға алдым. Бұл жерде өзім секілді тағдырластармен әңгіме-дүкен құрып, сүйікті ісіңмен айналысуға жағдай бар. Орталығымыз жақсы, қызметкерлер әрдайым көмектесуге дайын. Тамақ, дәрі-дәрмек, киім — барлығын береді. Ауырып қалып жатсақ, медбикелер көмек көрсетеді. Бізді қамқорлыққа алып отырған мемлекетімізге, орталық басшысынан бастап барлық қызметкерлерге бізге жасаған қызметтері үшін алғыс айтамын. Жақсылықтары Алладан қайтсын!

Оригами шебері

Орталықтағы белсенді тұрғындардың бірі — І топ мүгедегі Алпысбай Нарымбаев. 27 жасында екі көзі бірдей көрмей қалған ол он бес жылдай бауырларының қамқорлығында болыпты. Алты жыл бұрын бауырларына салмақ салғысы келмей, осы орталыққа келгенін айтады. Мұнда ол оригами өнерін үйренеді. Қазір қағаз бүктеп, түрлі пішіндер жасау сүйікті ісіне айналыпты. Алпысбай Мырзағалиұлының өзі былай дейді:

— Жасым — 47-де. Темір ауданы Қопа ауылында дүниеге келдім. Бес ағайындымын. Мектеп бітірген соң екі жыл қырманда, сосын 26 жасқа дейін кеңшар малын бағып, шопан боп еңбек еттім.

27 жасымда екі бірдей жанарымнан айырылдым. Ауыл манында жылқыға мініп жүрген кезім еді, кешкілік болатын, кенет көзім қарауытып, айнала қап-қараңғы болып кетті. Көзімнің нұры сол сөнгеннен әлі күнге дейін көрмейді. Тас түнек. Қос  жанарымнан айырылғаннан кейін 15 жыл бойы аға-бауырларымның қамқорлығында болдым. Содан ол кісілерге салмақ болмайын деген оймен 2014 жылы осы №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына келдім, ол кезде Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйі деп аталатын. Бұл жақта барлығы өзіме ұнайды, барлық жағдай жасалған, жайлы. Өзіммен сөйлесіп, әңгімелесетін достарым да көп, бос уақыттарымызда  бірге серуендейміз, спорт залына барып бірге шұғылданып, акт залында ән тындап, бойымызды жазып, билеп қайтамыз. Ең сүйікті ісім — қағаз бүктеп, оригами аққуларын жасау. Оригами өнерін осы орталыққа келіп үйрендім. Қағаздан қандай да бір кішкене болса да дүние жасап шығарып отырсаң, ол өзіңе күш береді екен. Аққу жасап отырған кезде бар ойым сол іске бөлініп, бір ерекше демалып қаламын, рахаттанатын секілдімін. Әрине, кейде көңіл күйің түсіп, жабығатын, мұңаятын кездер де болып қалады, жабыққан сәттерде орталықтың психолог мамандары келіп көңілімді аулап, әңгімелеседі.  Сырласқаннан да жеңілдеп қаламын.

Бұл өмірдегі ең асқақ арманым — көз жанарым қайта қалпына келіп, көріп кетсем екен, далаға шығып, аспанды, жерді, айналаны, қоршаған ортаны, адамдарды, тіршілікті бір көрсем деп армандаймын. Бір рет болса да көре алсам ғой, шіркін, сол жетер еді…

Әнші Орал

Осыдан алты жыл бұрын қой бағып жүрген кезінде екі қолы үсіп, саусақтарынан айырылған Орал Асылбекқызы да осы орталықта тұрып жатыр. Қандай қиындық көрсе де, ұнжырғасын түсірмейтін ол қашан көрсеңіз де ән салып, ыңылдап жүреді екен. «Ән салғанды ұнатамын» дейтін Орал Қосыбекова бізге бұл жерге қалай келгенін де баяндап берді.

— 1968 жылы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында дүниеге келдім. ІІ топ мүгедегімін.

Сарыкөл ауылындағы мектепте білім алдым, бірақ толық аяқтамадым.

1989 жылы өз ауылымның жігітіне тұрмысқа шықтым. 1990 жылы ұлды болдық. Бірақ қуанышым көпке ұзамай, жолдасым мен бір жастағы ұлым көлік жууға кеткенде жол апатына ұшырап, екеуінен де айырылып қалдым. Бір жылдай қайын енемнің қолында тұрып, кейін анамның денсаулығы болмағандықтан, қолына көшіп бардым. 2013 жылы анам қан қысымынан дүниеден озды. Өзім қалдым, үйсіз, ағам мен әпкем де ауырып қайтыс болды.

2014 жылы қыс айында бір ауылдағы жеке қожалықта, қой бағып жүрген кезімде, адасып кетіп, қолымды үсіріп, саусақтарымнан айырылдым. Сол жеке қожалықта жұмыс істеп жүрген кезімде ауылға келген бір жігіт маған Ақтөбе қаласында ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық бар екенін айтты. Сол жігіттің айтқаны жақсы болды, соның арқасында бес жыл бұрын желтоқсан айында сықырлаған аязда ақшасыз Ақтөбеге жол тарттым.

Ауыр тұрмыстық жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіруге арналған орталыққа барып, директордың орынбасарына жолығып, бар жағдайымды айттым. Ол кісі мені түсініп, бір тәулік ішінде, ауыл әкімінен құжаттарымды алдыртып беріп, орталыққа орналастырды.

Алты айдан соң, 2016 жылдан бастап «№1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесіне келдім. Бұл орталықта мені бәрі жақсы қарсы алды. Директорға, оның орынбасарына, қызметкерлерге алғысым шексіз. Осы орталық болмаса жағдайым қазіргідей тәуір болмас еді. Асхана қызметкерлері жақсы тамақтандырады, орталық қызметкерлері киімдерімізді алып береді, дәрігерлер дәрі-дәрмектермен уақтылы емдейді. Мен секілді тағдыр тауқыметін тартқан қаншама жанды осындай орталықта бағып-күтіп отырған барлық қызметкерлерге ризашылығымды білдіремін. Мемлекет қамқорлығы деген осы шығар.

Орталықта өтетін барлық мерекелік кештерге, концерттерге белсене қатысамын. Ән айтамын. Ән айтқанды ерекше жақсы көремін. Қазіргі күйіме ризамын. Атқан таң мен батқан күнді көріп, бұл өмірде бәрі бақытты болсыншы деп тілеп отырамын.

P.S. Жанары жәутеңдеген мүгедектер мен қазыналы қарттарға жасалған жағдай қанша керемет болса да, қазақы туыстық қарым-қатынастың орнын алмастыра алмасы анық. Сондай-ақ бұл жерде «қарты бар үйдің құты бар» деп есептейтін ұрпақтың азайып, отбасы құндылығының әлсіреп бара жатқаны көрініп қалады. Дегенмен қараусыз қалған қамкөңіл жандарды мемлекет қамқорлығына алу да осындай олқылықтың орнын толтырудың қамы екені анық.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button