Әлемде

Әлемде көбейді, елімізде азайды

17 қыркүйекте әлемде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 30 миллионнан асқан еді. Соңғы он күнде олардың қатары тағы 3 миллионнан астам адамға көбейді.

Өкінішке қарай, осы дерттен көз жұмғандар саны миллионға жетті. Әсіресе, Еуропа мен Америка елдерінде коронавирус індеті өршіп тұр. Украина президенті Владимир Зеленский жуырда елде коронавирус індетінің екінші толқыны басталғанын  хабарлады. Бір тәулік ішінде 3 мыңнан астам адамның індетті жаңадан жұқтырғаны анықталған. Бүгінгі күні сырттан келушілерге бұл елдің шекарасы жабылған.

Ресей астанасы Мәскеуде де індетті жаңадан жұқтырғандар қатарының күннен-күнге көбеюіне байланысты, 1 қазаннан бастап 65 жастан асқан адамдарға үйден шықпауға кеңес берілген.

АҚШ-та коронавирусты жұқтырғандар қатары 7,3 миллионнан асты. Ал қайтыс болғандар саны 210 мыңға жуықтады. Бұл — әлем бойынша ең «жоғары» көрсеткіш.

Ал біздің елімізде, керісінше, бір тәулікте тіркелген науқастар саны азайды. Жексенбі күні 52 науқас тіркелген. Сондай-ақ коронавирус белгісі бар пневмониямен ауыратыны анықталған науқастар саны да, жексенбі күні күрт азайған. Бұл күні 38 жағдай тіркеуге алыныпты. Мысалы, 20 қыркүйекте 62 жағдай тіркелген еді.

Дегенмен дәрігерлер қазір босаңсуға болмайтынын, керісінше, сақтық амалдарына барынша ұқыпты болу керектігін ескертіп отыр. Үйден шыққанда бетперде мен антисептикалық сұйықтықты ұмытпай, көшеден келгенде беті-қолыңызды жақсылап жуып, мұрныңызды шайыңыз! Көпшілік жиналатын жиын-тойларға мүмкіндігінше бармауға тырысқан жөн.

А.САРЫБАЙ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button