Басты жаңалықтарӘлемде

16 миллионнан асты

Әлемде COVID-19 індетіне шалдыққандар саны 16 миллионнан асты.

Бұл дерттің қарқыны, өкінішке қарай, бәсеңдер емес: мысалы, 18 шілдеде 260 мың жаңа науқас тіркелді. Бұл — пандемия басталғалы бергі уақыттың ішінде әр күні тіркелген жаңа науқастардың саны жөнінен ең жоғары көрсеткіш.

Бұған дейінгі шектеу шараларынан, індеттің бәсеңдеуіне байланысты бас тартқан бірқатар елдер соңғы апталарда жағдайға қайта алаңдай бастады. Мысалы, Жапония астанасы Токиода күніне орта есеппен 100 науқастан тіркеліп келсе, өткен демалыс күндерінде бұл көрсеткіш үш есеге өскен.

Індет осыған дейін ресми есепке бірде-бір науқас алынбаған елдердің кейбіріне де жетті. 24 шілдеде Солтүстік Кореяның Кэсон қаласында шектеу шаралары жарияланып, мемлекеттік эпидемияға қарсы қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. 19 шілдеге дейін бұл елде COVID-19 індетін жұқтырған бірде-бір науқас тіркелмеген болатын. Осы күні, ресми мәлімет бойынша,Кэсон қаласының Оңтүстік Кореямен арадағы шекарадан заңсыз өтіп келген бір тұрғынынан коронавирус белгілері байқалған. Қазіргі күні науқас пен онымен байланыста болған жандардың бәрі басқалардан оқшауланып, дәрігерлер бақылауына алынған.

Мамандар індет қарқынының бәсеңдеп барып, қайта өршуін COVID-19 вирусын жұқтырғанмен, аурудың еш белгісі байқалмайтын жандардың, әсіресе жастардың сақтық талаптарын сақтамауымен байланыстырып отыр. Мысалы, зерттеушілердің пікірінше, COVID-19 індетін жұқтырған америкалықтардың үштен екісі — әлі 60 жасқа толмаған жандар.Жалпы, ғалымдардың айтуынша, вирус жұқтырғандардың 25-50 пайызы коронавируспен ауырмайды, тіпті өзінің вирус жұқтырғанын мүлде сезбеуі де мүмкін, бірақ алаңсыз жүріп, оны айналасындағы басқа адамдарға таратады. Сондықтан мамандар індетті таратпаудың алдын алу мақсатында көпшілік жиналатын орындарда, қоғамдық көліктер мен ғимараттарда медициналық бетперде тағудың маңызын айрықша атап өтеді. Оларға сенсек, бетперде тағу індетті жұқтыру қаупін 40 пайызға дейін азайтады.

 А.САРЫБАЙ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button