Әлемде

Вирус жас-кәріні таңдамайды

Әлемде COVID-19 дертіне шалдыққандар саны 2 миллионға жуықтады.

Ал 3 сәуір күні бұл көрсеткіш 1 миллион болған еді. Коронавирус індетін жұқтырғандар саны жөнінен әлем бойынша тізімде бірінші болып АҚШ тұр. Дүниежүзіндегі COVID-19 дертіне шалдыққандардың төрттен бірінен астамы осы елден тіркеліп отыр.

АҚШ-тан кейін тізімді Еуропаның ең алдыңғы қатарлы саналатын Испания, Италия, Франция, Германия, Ұлыбритания мемлекеттері жалғастырады.

Жалпы,сарапшылар АҚШ пен Еуропада коронавирусты жұқтырғандардың күрт көбеюіне о баста бұл індетке қатысты түрлі жалған пікірлердің таралуы да әсер етті деп есептейді.Соның бірі — коронавирустан сақтануға медициналық бетперденің еш көмегі тимейтіндігі туралы әңгіме.Сарапшылардың айтуынша, бастапқыда медициналық бетпердені жұрт жапа-тармағай көтере сатып алуға көшпесін деп, яғни бетперде тапшылығының алдын алу үшін таратылған бұл пікір ақыры Батыс елдеріне қымбатқа түсті. Керісінше, 2000 жылдардың басынан бері құс тұмауы, атиптік пневмония, т.б. эпидемиялардан зәрезап болып, ешкімнің ескертуінсіз-ақ медициналық бетперде тағып жүруге әбден үйренген Шығыс елдері, оның ішінде о баста індет ошағы болған Қытайға көрші елдердің халқы тіпті биліктің дабыл қағуынкүтпестен, дереу сақтық шараларына көшіп, соның арқасында індеттің кең таралуына жол бермеді.

Батысты қамсыздыққа соқтырған жайттың бірі — коронавирустың жастарға, әсіресе, балаларға тіптіжұқтырып алғанның өзінде еш зардабы тимейтіні, оның тек қарттар үшін ғана қауіпті екені жайлы пікір. Бұл негізібасында жай қауесет емес, мамандардан тараған пікір еді. COVID-19 дерті алғаш анықталған Қытайдағы бастапқы 44 700 науқастың жағдайына талдау жасаған зерттеушілер 40 жасқа дейінгілер арасында өлім-жітімнің болмайтыны, 50-59 жастағылар арасындаөлім-жітім көрсеткіші — 0,6%, 60-69 жас аралығында — 2%-ға жуық, 70-79 жас аралығында — 4,3 %, 80-нен асқандар арасында 7,8% болатыны туралы қорытындыны алға тартты. Көп жағдайда бұл жұрттың үрейін, қорқынышын сейілтті. «Кәдімгі суық тиген секілді бір ауырып тұрады екенбіз ғой» деген ой сақтық шараларына немқұрайлы қарауға әкелді. Тіпті көшеде ересектердің өздері бетперде тағып, ал балаларды емін-еркін алып жүру жағдайлары жиі кездесті.

Сәуір айының басындағы мәліметтер бойынша Еуропада да коронавирустан қайтыс болғандардың көпшілігі, атап айтқанда 95%-ы 60 жастан асқан жандар болса, олардың жартысынан астамы 80-нен асқан қариялар еді.

Алайда сәуірдің басында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық бюросының директоры Ганс Клюгеөзінің мәлімдемесінде коронавирусты тек қарттар үшін ғана қауіпті деген түсініктің қате екеніне арнайы тоқталды. «Біз COVID-19 дертінің тек егде жастағы адамдар үшін ғана қауіпті екені жөніндегі пікірлерді теріске шығарамыз. 20 жасқа дейінгі науқастар арасында да бұл дерттің ауыр түріне ұшырағандар немесе тіпті мәңгілікке көз жұмғандар бар. 50 жасқа дейінгі науқастардың 10-15 пайызыжансақтау бөлімдеріне түскен. Сонымен бірге 100-ден асқан жандардың арасында ауруы жеңіл өтіп және оны біржола жеңіп шыққандар тіркелді», — деп, жұртшылықты коронавирусты қариялардан басқаларға зияны жоқ дерт санайтын түсініктен бас тартуға шақырды.

Клюгеденкейін ДДСҰ-ның баспасөз хатшысы Маргарет Харрис те коронавирустың жастар үшін, соның ішінде тіпті денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын ұстанатын жастар үшін де қауіпті екенін айтып, мәлімдеме жасады. Ол вирустың күннен-күнге күш алып келе жатқанын, індетті жас-кәрі демей, әр адамға үлкен қауіп ретінде қабылдау керектігін ескертті.

Мысалы, Ресей астанасындаосы аптаның алғашқы күнінде бұл дерттен 13 адам қайтыс болса, олардың арасында, өкінішке қарай,29-дағы жап-жас адам бар. Ұлыбританияда 21 жастағы Хлоя Миддлтон коронавирустан көз жұмды. Оның анасы Би-Би-Си арнасына берген сұхбатында көпшілікке арнап: «Бәрін дұрыстап ой елегінен өткізіңіздер. Коронавирус менің 21 жастағы қызымды әкетті. Оның денсаулығы да мықты болатын. Бұл вирус біздің көз алдымызда енді ғана күшіне мінді. Оны тоқтатуға өз үлесіңізді қосыңыз. Өзіңізді және басқаларды қорғаңыз. Вирусты біз өзіміз,адамдар, бір-бірімізге таратып жатырмыз», — деді.Ал АҚШ-та әлі жасқа да жетпеген сәбидің өлімі тіркелді.

Біздің елімізде 13 сәуірде коронавирустан 40 жастағы әйел көз жұмса, нақ сол күні 82 жастағы кейуананың жазылып шыққаны хабарланды.

Сондықтан түрлі қауесетке ермей, сақтық шараларын орындауға мұқият болыңыз.

Деніңіз сау болсын!

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button