Әлемде

20 миллионнан асты

Қауіпті індет

Джонс Хопкинс университетінің санауы бойынша, сейсенбі күні әлемде коронавирусты жұқтырғандар саны 20 миллионнан асты.

Өкінішке қарай, пандемия қарқын алып, жаңа індетке шалдыққандар қатары тез көбейіп келеді. Вирус ыстыққа шыдай алмай, жаз кезінде таралу қарқынын тежейді деген үміт ақталмады. Егер мамыр мен маусым аралығында індетті жұқтырғандар санының 5 миллионнан 10 миллионға дейін артуына 38 күн уақыт кеткен болса, шілде-тамыз аралығында, небәрі 20 күннің ішінде науқастар саны 15 миллионнан 20 миллионға өсті.

Еуропаның кейбір мемлекеттерінде соңғы күндері індет жұқтырғандар қатарының күрт көбеюі тіркелген. Францияда соңғы екі аптада тіркелген науқастар саны күннен-күнге өсіп, бұл елдің билігі тұрғындарды көшеде де медициналық бетперде киюге міндеттеуге мәжбүр болды. Испанияның солтүстік-шығыс провинцияларында коронавирус дерті қайта бой көтерді. Өткен жұмадан бергі төрт күн ішінде 1400 жаңа науқастың тіркелуі ел тұрғындарын қатты алаңдатып отыр. Ал Грекия бірқатар мемлекеттерден, соның ішінде Испания, Бельгия, Швеция, Дания және Чехиядан келген саяхатшыларды коронавирус дертінің жоқ екенін растайтын анықтамасыз елге кіргізбеу туралы заң шығарып, сақтық шараларын одан әрі күшейтуге көшті.

COVID-19 дертін жұқтырғандар саны жөнінен бұрынғыша АҚШ бірінші орында тұр. Мұнда науқастар саны 5 миллионға жетіп, 163 мың адам осы дерттен қайтыс болды. Қазіргі күні Президент әкімшілігінің шетелде жүріп коронавирус жұқтырған азаматтарды елге кіргізбеу жөнінде Жарлық жобасын әзірлеп, сараптамадан өткізуге тапсырғаны жөніндегі хабар баспасөзде жарияланды.

Ал Бразилияда науқастар саны 3 миллионға жетті. Бұл елдерден кейін үшінші тұрған Үндістанда 2,3 миллион науқас тіркелген. Тек дүйсенбі күні, бір тәуліктің ішінде мұнда 64 мың жаңа науқас тіркеліпті.

А.САРЫБАЙ.    

Басқа жаңалықтар

Back to top button