Жаңалықтар

Берсең балаға бер

Сыйлық

Саға мектеп-балабақшасы биыл тағы да жаңа ойыншықтармен толықты. Былтыр 1972 жылы туған түлектер мектеп бітіргендеріне 30 жыл толуына орай көптеген ойыншықтар сыйға тартқан болатын.

Биыл бүлдіршіндер мектеп бітіргендеріне 25 жыл болған 1978 жылы туған түлектердің тартуын қабыл алды. Жалпы балабақшаға демеушілік жасау жырақтағы ауыл жастарының дәстүрлі ісіне айналып келеді. Жеке кәсіпкер Руслан Дүйсенғалиев өз қаражатына терезелерге арнайы қорғаныш жабдықтарын алып берген. Мектеп директоры Тұрлан Дүйсенғалиевтің айтуынша, қазір балабақшада 40 бала тәрбиеленіп жатыр. Әлі 10 баланы қабылдай алады. Электр тоғымен жылитын балабақша жөндеуден өткен, жиһаздары жаңарып, барлық жағдай жасалған. Балалар күніне төрт мезгіл тамақ ішеді.

— Бірінші ойыншықтың сапасына мән бердік. Ағаштан жасалған, құрастыратын, балалардың ойлау қабілетін шыңдайтын ойыншықтарды таңдадық. Барлығы 80 мың теңгені құрады. Бірақ біз балаларға сыйлық жасауды жалғастыра бермекпіз. Жақын күндері сыныптасымыз Жалғас Егізбаев автоматты кір жуғыш машина алып беретін болды. Сол балалардың барлығы да өзіміздің аға-апаларымыздың балалары, ұстаздарымыздың немерелері. Ауылымыздың кішкентай бүлдіршіндері кең де жайлы балабақшада тәрбиеленіп жатқанына қуанамыз, — дейді түлектердің бірі Ира Мәдешова.

С.ЖҰБАНҒАЗИН,

Ойыл ауданы,

Қайыңды ауылы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button