Жаңалықтар

Жауынгерлер мұражайға кітап сыйлады

Тәрбие

Ауданымызға «Облыстық  ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойлыбаев пен Ақтөбедегі «Чернобыль мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Сатов бастаған жауынгер ардагерлер арнайы іссапармен келді.

Сапар аясында жауынгерлер Ақжар ауылдық мәдениет үйінде ауыл жастарымен кездесіп, патриоттық рух беретін ойларын ортаға салды. Жастар өз кезегінде сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Кездесу барлық санитарлық талаптарға сай өтті.

Бір айта кетерлігі, бұл кездесу аудан әкімдігінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаның тікелей эфирі арқылы да көрсетілді.

Содан соң қонақтарды аудан әкімінің орынбасары Меткүл Қосымбаева Ақжарда салынып жатқан спорт кешенінің құрылысымен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Ауыл мектебіне арнайы барған қонақтар ондағы ауған соғысы ардагерлерінің мұражайын аралап көріп, ауыл әкіміне мұражайға қою үшін құнды кітаптарды тарту етті.

Ауданға жасаған сапарлары кезінде олар Ақжар ауылы маңындағы Айдарлыаша геологиялық қимасымен де танысты. Бұл жерге қонақтарды Хромтау ауданының әкімі Нағымжан Алдияров бастап барды.

Айдарлыаша қимасында 350 миллион жыл бұрынғы, яғни карбон кезеңінің соңы мен пермь кезеңінің басындағы ежелгі жануарлар мен өсімдіктердің таңбалары сақталған. Айдарлыаша геологиялық қимасы Ақтөбе қаласынан 50 шақырым жердегі Айдарлыаша өзенінің оң жағындағы жартаста орналасқан. Хромтау ауданының Айдарлыаша бұлағының жағалауын алып жатыр.

Киелі мекеннің жер қабатының көлемі — 3 гектар, ені — 200 метр, ұзындығы —  1500 метр болатын жіңішке алқап. 1991 жылы әлем ғалымдары пермь жүйесінің 150 жылдығына, осы кезеңге байланысты барлық геологиялық қималарға  экскурсия жүргізеді. Олар Айдарлыаша қимасы жердегі өмірдің дамуы туралы, карбон және пермь дәуірлерінен толық мағлұмат беретінін атап айтқан.

1996 жылы дүниежүзі халықтарының Қытайда өткен халықаралық геологиялық конгресінде Айдарлыаша қимасы карбон мен пермь кезеңдерінен сақталған теңдесі жоқ орын деп танылған. Осы конгресте Айдарлыаша қимасына халықаралық геологиялық ескерткіш дәрежесі берілген.

Облыс орталығынан келген қонақтарға аталған жердің қасиеті мен тарихы түсіндірілді. Олар Айдарлыаша қимасына қойылған белгіні суретке түсіріп, сырына қанық болды.

 Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button