Жаңалықтар

Сенім — адал қызметпен өлшенеді

Ақтөбе агломерациясы аясында облыс орталығын дамыту бойынша жоспар құрылып, бүгінде осы бағытта іс-шаралардың жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Мақсат — қала тұрғындарының өмір сүруі мен оларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру. Бұл бағытта қала Астана және Алматы атауымен екі ауданға бөлінді. Ақтөбе маңындағы Благодар, Қарғалы, Новый, Қурайлы және Сазды сияқты бес елді мекен қалаға қосылды.

Бүгінде 230 мың тұрғынды басқарып отырған Ақтөбе қаласының Алматы ауданының әкімі  Әділгерей Әуелбаевпен болған сұхбатымыз әкімдік жұмыстың қыр-сыры, ауданның қол жеткізген жетістіктері мен алдағы атқарылар жұмыстар жайында өрбіді.  

— Әкімдік қызметтің тізгінін ұстағаныңызға тура бір жыл болды. Басшылық қызмет — ерекше жауапкершілікті жүктейді. Бастапқыда қалай қабылдадыңыз?

—  Қашанда ел басқару оңай шаруа болмаған. Біріншіден, халыққа қызмет жасау үлкен мәртебе болса, екіншіден, басшылық қызметтің ең басты міндеттілігі — асқан  жауапкершілік пен халық артқан сенімді ақтау. Сондықтан өзіңе сенім артқан халқыңа ертелі-кеш еңбек етуге, адал қызмет жасауға тиіссің.    

— Сіз басшылық ететін аудан аймақтың экономикасы мен инфрақұрылымын дамытуға айтарлықтай үлес қосатыны белгілі. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы қандай?

— 2018 жылдың 28 мамырында 28 елді мекеннен құрылып, шекарасы теміржолмен бөлініп, аумағына бұрынғы Благодар, Қурайлы, Қарғалы және қаланың ескі бөлігіндегі тұрғын үй алаптары қосылған Алматы ауданындағы халықтың жалпы саны — 230 мың адам. Аудан аумағы — 175187 гектар. Аудан облыс орталығының шығыс бөлігінде орналасқан. Алматы ауданының батыс бөлігі қаланың Астана ауданымен, солтүстік бөлігі облыстың Мәртөк, солтүстік-шығыс бөлігі Қарғалы, шығыс және оңтүстік-шығыс аумағы Хромтау өңірлерімен шектессе, ал  оңтүстік жағы Алға ауданымен іргелес жатыр.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғандардың  қамтамасыз етілуі туралы мәліметтерді  саралап, стратегиялық шаралар әзірлеу — Алматы ауданы әкімдігінде қолға алынған алғашқы қадамдардың бірі болды. Бұл орайда Ақтөбе қаласы көлемінде «бәсекелестікке қабілетті ел — бәсекеге қаблетті адамдар» қағидасы бойынша зәруліктің басты себептерін анықтау мақсатында  кешенді  жоспар жасалған болатын. Аталған жоспардың негізінде  жұмыстар басталды. Бұл өз кезегінде еңбек нарығын реттеу, адамдардың өмір сүру ортасын жақсарту, халықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуді тұрақтандыру мәселесін шешіп, қолдау көрсету қажеттігін,  оларға тұрмыстық, әлеуметтік жағдай жасауға тиіс екендігін көрсетті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынды. Бұл — барлығымызға  ортақ талап. Ал жоғары талап деңгейінен шығу — үлкен міндет.  Осындай  жауапкершілікті терең сезіне отырып, еңбек өнімділігі мен сапасын  заманауи талаптарға сәйкестендіру бағытында жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.  Сол сияқты сандық технологияларды қолдану, электронды сауда-саттықты жандандыру, шағын және орта, ірі бизнестерді дамыту бағытында атқарылып жатқан шаралар — еліміздің, оның ішінде аймақтағы индустриалды-инновациялық даму саясатын жүзеге асыруға, озық технологияларды кең көлемде енгізуге оң ықпалын тигізетініне сеніміміз мол. Бұл бағытта аудан көлемінде біраз шаруа қолға алынды.

 — Мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету, оларды  тұрақтандыру үшін әкімдік тарапынан қандай шаралар қолға алынды?

Бүгінгі таңда ауданымызда 42 мектеп, 18 мектепке дейінгі ұйым, 36 медициналық нысан жұмыс істейді. Аудан мектептері мен балабақшаларын, емханалар мен ауруханаларды мұғалімдер, дәрігерлер және басқа да  мамандармен қамтамасыз етуде — ең бастысы, кадр сапасына көңіл  бөлуіміз қажет.  Қазіргі жаһандану дәуірінде мәдениетіміз бен өнеріміздің, ғылым мен әдебиетіміздің, салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарымыздың тұмадай тұнған кәусар бұлағы болған елдің қадір-қасиетін сақтайтын жастарымызды тәрбиелеуге  тиіспіз. Ол үшін бізге қабілетті,  халқымыздың өнері мен  мәдениетін, тарихы мен салт-дәстүрін, жалпы адамзатқа тән бағалы  қасиеттерді  бойына сіңіре білген, мемлекеттік және шетел тілдерін меңгерген мамандар қажет. Осындай мамандарды даярлау үшін оның қажеттілігі ең алдымен ғылыми тұрғыдан зерттеліп, дәлелденуі тиіс. Бұл мақсаттағы жұмыстарды жүргізу үшін және  қалыптасқан күрмеуі көп күрделі проблемалық мәселелерді шешу, оны зерттеу мақсатында   аудан мектептерінің жағдайы қаралып, білім берудің жаңа желілерін құруға және  педагогикалық кадрмен қамтамасыз ету қажеттілігіне сәйкес қосымша мамандандыру мәселелері бойынша ұсыныстар жасалды. Әрине, ол бүгін  айтылып, ертең шешіле қалатын шаруа емес. Бұл — осы салаға қатысы бар  барлық білім беру жүйесінің бірлесе отырып атқаратын жұмысы. Біз өз тарапымыздан алдымен, кадр саясатын жүзеге асыруды, әсіресе,  аудандағы мектептердің қажетін өтеуді таяу арадағы бірінші  кезектегі жұмыс деп белгіледік. Өткен жылы облыстың білім беру саласы қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз мәслихатында облыс әкімі Оңдасын Оразалин ұлттың ұстазы саналған Ахмет Байтұрсынұлының «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген мағыналы да маңызды сөзін еске түсірген болатын. Сондықтан осы саланың қызметкерлерін әрдайым көтермелеп, қолдап отыратын облыс басшысы бұл ұстанымды басшылыққа ала отырып, мектептер мен балабақшаларды көптеп ашуды бірден қолға алды. Бұл орайда маманға деген  сұранысқа қатысты қазір  екі тенденция байқалып отырғанын атап кетуге болады. Біріншіден,  облыс әкімдігі тарапынан  жасалып жатқан қамқорлықтың шынайылығы.  Оған дәлел — облыс әкімінің жоғары оқу орнында білім алушылар үшін арнайы грант бөлуде, ал екіншісі — сол мамандарды аудан, ауыл мектептерінде тұрақтандыру. Бұл бағытта кешенді жоспар жасалуы қажет деп білемін.  Аудан әкімшілігі  көтермелеу сыйақысын беру,  жұмысқа орналастыру туралы келісімшарт негізінде қамтамасыз етуді үнемі басты назарда ұстауда. Биыл да жылдағыдай әкімдік тарапынан жастарға көмек көрсетіліп, оларды қолдау мақсатында жеңілдіктер қарастырылып жатыр. «Дипломмен ауылға!» тақырыбында  түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, бәскелестікке қабілеттілігі бар мамандар тартылуда. Сонымен бірге сұранысқа ие мамандықтарға да мониторинг жүргізіп,  еңбек нарығындағы тенденцияларға талдау жасап келеміз.

— Аудан деңгейінде жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту мәселесі қалай жүргізіліп жатыр?

— Қазір жастардың қоғамдық жұмыстарға деген белсенділігі өте жоғары. Бұл жерде айта кететін бір жайт, аудан жастары өздерінің  туған жерге деген сүйіспеншілігі мен ұлтжандылығын, бойдағы патриоттық сезімдерін қандай қиыншылықтарда  болмасын көрсетіп-ақ жүр. Жастарымыздың елдің мәртебесін көтеріп, көсегесін көгертіп, түтіні түзу шығу бағытында жұмыс жасауды ойлағаны, көкейінде тәуелсіз Қазақстанның тұғыры берік, еңсесі биік болса екен деген арман жатқаны және өсер елдің жас ұланына лайық, қазақ баласына тән азаматтық танытатындары қуантады. «Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деп  Ахмет Байтұрсынов айтпақшы,  дағдарыстың салқыны бізге де жетіп отырған кезде, ең алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың, сондай-ақ  жетім  балаларға үлкен әлеуметтік көмек көрсетіліп келеді. «Жердегі жетім-жесірлердің маңдайынан сипасаң, аспандағы періштелер де қуанып, қол соғады» деген халық даналығымен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне  көмек ұйымдастырылды. «Мектепке жол» акциясы жылма- жыл өтіп тұрады. Құрбан айт мерекесі кезінде мектепте оқитын ата-анасы жоқ және әлеуметтік жағынан аз қамтылған  отбасыларға ауданнан сайланған мәслихат депутаттары мен бизнес өкілдері, кәсіпкерлерді ұйымдастырып, қаржылай көмек пен  киім-кешектер берілді. Биыл Шәмші Қалдаяқовтың туғанына  90 жыл толуына орай кешенді іс-шаралар жоспары жасалды, эстафета ұйымдастырдық. Соның жалғасы,  жақында әнші, копозитор ағамыздың атындағы ауылдың және  біздің ауданның жастарынан құралған еріктілер тобы Қарғалы өзенінің бойын қоқыстан тазартып шықты. Ақын Тұманбай ағамыз айтқандай: «Шәмшінің әні, Шәмшінің әні — әніміз, Біраздан кейін Шәмші боп кеттік бәріміз» деп жырлағандай, ауыл, аудан жастары сазгердің  әндерін кең далада шырқап айтты.

Бүгінде аудан аумағында қазақтың тарихи тұлғалары мен ақын-жазушыларының атында біраз көше бар. Ұлыларымыздың есімдерін ұлықтау мақсатында кешенді жоспар әзірленіп, жұмыстарды бастадық. Қазіргі таңда ұлы Абайдың — 175 , Әл Фарабидің — 1150  және Алтын Орданың —  750 жылдығына арналған жұмыстар жастарымыздың араласуымен жүйелі жүргізіліп жатыр.

— Жақында баспасөз бетінде жарияланған «Атакәсіпті алға жылжыту — басты бағыт» атты мақалаңыз оқырмандарға көп ой салғанын білеміз. Әкімдік қызметіңізде ғана емес, азамат ретінде алаңдататын жайттар туралы айта аласыз ба?

— Мен ауылда еңбек адамдарының өмірін көріп өстім. Бала кезімнен білетінім, ауыл адамдары бозторғай шырылдамай тұрып, таңғы асын ішер-ішпестен кеңшардың  жұмысына асығатын. Сол жұмыстың ыстығы мен суығына шыдап жүріп,  еңбек адамдары «менің жалақым аз болмаса  үй,  су мәселесін шешіп беріңдер» деп талап қоймайтын. Елдің адамдары бірқалыпты өмір ағысында жүріп, мал бағып, жайылымын таңдап, «қыс — қыстау, жаз  — жайлау» дегендей, көнеден келе жатқан  атакәсіпті тастамай, жалғастырып келеді.  Атакәсіптің қадір-қасиеті туралы менің «Атакәсіпті алға жылжыту — басты бағыт» атты мақаламда мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың жердің ыңғайы мен бедеріне қарай мал жаюы, көшіп-қонуы, тіпті малды түстеп айыруы да  осы дәстүрмен  ұштасатындығы туралы айтқан болатынмын. Мақалаға қатысты  сенатор Аңсар Мұсахановтың және университет ғалымдарының ауқамды талдаулары жарық көрді.  Бұл тақырып жан-жақты талданып, үлкен ғылыми конференциялар аясында талқылануы қажет деп ойлаймын.

Бүгінгі қарқынды дамыған заманда күн сайын түрлі өзгерістер болып жатыр. Алайда әлем қаймағы бұзылмаған қазақ елінің кейбір көкейтесті проблемаларын көтеріп әлек.  Дегенмен қазір заман басқа. Күнделікті жұмыста кейбір келеңсіз жағдайларға жолығып қалып жатамыз.  Сондықтан ұрпақ алдындағы қарыз бен парыз болып отырған қазақ қоғамындағы өткір де өзекті мәселелердің бірі —  халықтың қазіргі жағдайы. Елдегі кейбір  проблемалар қайырымдылық шараларының негізінде шешіліп жатыр. Мұқтаж жандарға көмек көрсету және қайырымдылық іс-шараларын жасау — халқымыздың ежелден келе жатқан игі дәстүрі.  Егер біздің жастарымыз қайырымдылық туралы көбірек білетін болса, оның қаншалықты маңызды және пайдалы екенін түсінсе, онда біздің қоғам прогрессивті және ізгілікті қоғамға айналатыны сөзсіз.

Еліміздің табысты болуы жəне халықтың барлық тобы үшін сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету, адамдарды біріктіре отырып, игі істер жасауға жұмылдыру, мұқтаж жандарға көмектесу, сондай-ақ жастар арасында қайырымдылық мəдениетті арттыруға күш салуымыз қажет. Бүгінгі жас ұрпақ бір сала бойынша жұмыс істеп, жанына сая іздеп, күнкөріс қамымен кетпесе екен деп ойлаймын. Қазіргі ұрпақ тарих тағылымдарын кеңінен ұғына білуі қажет. Яғни оларға  ақыл айтудан бұрын, рухани тазалық, имандылық, адалдық пен турашылдық сияқты қадір-қасиеттерді бойына сіңіртсек, жастарымыз ұлттық құндылықтарымызды біліп өсері анық. Ең бастысы — халықты әлеуметтік қолдаумен бірге, жастарды  еңбекке тарту­дың маңызы зор. Сондықтан жаңа жұмыс орындарын құруға күш салатын боламыз.

— Осы қызметке келгендегі сәтті қадамдарыңыздың бірі — дәрігерлерге көрсетіп жатқан құрметіңіз…

— Жаһанды әбігерге салған пандемия біздің елімізді де айналып өтпеді.  Халықтың тыныштығы, денсаулығын сақтау  — біздің негізгі міндетіміз. Nur Otan партиясының жалпыхалықтық «Біз біргеміз!» акция­сына үн қосып, әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында ауданда біраз жұмыстар атқарылды. Елімізде, оның ішінде біздің өңірімізде де таралған жаман індеттің бетін қайтаруда, дерттің алдын алуда дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлері адыңғы қатарда болып, күні-түні әрбір адамның денсаулығы үшін күресті. Қауіпті пандемияға қатысты қабылданған қатаң шаралар өз нәтижесін бере бастады. Қазіргі уақытта облыс аумағында індет жұқтырушылардың саны төмендеп, жедел  жəрдемді шақыртулар азайды. Осындай «мылтықсыз майданның» алдыңғы шебінде жүрген  ақ халатты абзал жандар қиын кезеңдерде тынбай еңбек етті. Қаншама адамды ажал аузынан арашалап қалған медицина мамандарына біз  алғыс айтып, құрмет көрсетуге міндеттіміз. Сондықтан  облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасы бойынша және Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың ұсынысымен аудан тарапынан қаладағы жедел жәрдем бекетінің қызметкерлері мен диспетчерлері, көлік жүргізушілерін «Көк жайлау»,«Жеті қазына» «Грин-лэнд», «Халва» сияқты  демалыс орындарына шақырып, олардың таза ауада қымыз бен шұбат ішіп, серуендеп, демалуын ұйымдастырдық. Демалыс базаларында медицина мамандарына облыс, қала басшылары атынан Алғыс хаттар  мен сыйлықтар да  табыс етілді. Алдағы уақытта да бұл іс-шара аудан көлемінде өзінің жалғасын табады.

— Алматы ауданы территориясында Есет батыр Көкіұлына қойылған ескерткішті тұрғызуға, сондай-ақ Едіге батырды, Шалқар өңірінен шыққан атақты батырлар мен билердің, ақындар мен жыраулардың есімін ұлықтауға қосқан  еңбегіңіз ерекше. Тарихи сананы қалыптастыру бағытындағы осындай істерге  уақыт тауып, әрқашан қолдау білдіріп, атсалысып келесіз. Мұның сыры неде?

— Адам бойындағы адамгершілік қасиетімен, қоғаммен байланысымен ерекшеленеді. Абай атамыз жетінші қарасөзінде: «Дүниенің көрінген  һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды», — дейді. Сондықтан еліміздің ертеңі — жастарымыздың санасын бірден өзгерте қою қиын. Себебі әр өңірдің тарихын зерделеу проблемалары тек қана  тарихшы, тілші, әдебиетші  немесе осы  жүйенің ғана қызметкерлері шешетін мәселе деп қарамай, елім, жерім дейтін әрбір қазақ азаматтарының міндеті болуы тиіс. Бұған дәлел ретінде, 1991 жылы ел Тәуелсіздігі жарияланған 16 желтоқсанда  қасымда  Сәкен Болысов және басқа да  жiгіттер бар, қазіргі Республика алаңына барып тұрдық. Жастар жиналған алаңға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келіп, Жоғары Кеңестің сессиясында  ел Тәуелсіздігін   жариялағаны туралы хабарлады. Сол кездегі керемет сәттер мен  кеудені кернеген қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ұлттық ғылым академиясына қарасты экспериментальды биология ғылыми-зерттеу институында аспирантурада оқығанымда, биология ғылымдарының докторы, профессор

М.Кройтер менің жұмысыма ғылыми жетекшілік жасады. Өте еңбекқор, өз ісіне берілген тамаша адам еді. Ол кісі: «Қазақ халқы өте дарқан халық. Тарихы тереңде жатыр, әлі де ашылмаған, сырға толы беттері көп.  Болашақта соны  жарыққа шығару керек, бұл — сендердің еншілеріңде», — деп толғанып сөйлейтін.  Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғылым академиясының алдындағы Шоқан Уәлихановтың ескерткішінің жанында қазақ зиялылары жиналып, елдің болашағы,  тарих, азаматтық қоғам, тәуелсіздік туралы пікір таластыратын. Қазір ойласам, сол кездегі Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Герольд Бельгер және басқа да қазақ зиялылары тәуелсіз  елдің  болашағы  туралы өздерінің пікірлері мен көзқарастарын жеткізе отырып,  жастарға  ақыл айтып, еңбекқорлық пен білімнің арқасында мемлекетімізді өркениетті елдердің  қатарына жеткізуге болатындығын айтады екен. Мұндай бағыттағы жұмыстардың ең бастыларының бірі — мәдени- рухани жаңғыруға  жол ашу. Сондықтан тәуелсіздік жылдары қол жеткізген толағай табыстарымызды енді мәдени-рухани бағыттағы жұмыстармен ұштастыруымыз қажет деп ойлаймын. Соның бір дәлелі — Едіге батырды жаңа Қазақстанның тарихи сахнасына шығару болды. Бұл істің жүзеге асырылуын мен Ақтөбе жерінде азаматтық ойдың қалыптасуы мен ұлттық тарихымызды зерделеу, оны келешек ұрпаққа мирас етуді мақсат етіп, туған елі мен жеріне қызмет етіп жүрген ел азаматының атымен байланыстырғым келіп отыр. Бұл — облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің ел қорғаған Едіге бабамызды ұлықтаудағы ерен еңбегінің жемісі. Едіге батырды  ұлықтау республика мен көршілес жатқан мұсылман елдерде үлкен қолдау тауып, көптеген жағымды пікірлер айтылуда. Соның бірі осы тақырыпқа қатысты абзал азамат, марқұм Сансызбай Құттыбаевтың «Түркістан» газетінде (12 тамыз, 2020 жыл) жарық көрген «Ер Едіге» атты мақаласы болды. Мақаланың негізгі өзегі — автор тарихты таразылауда даңғазалық пен науқаншылдыққа бой бермей, қазақ халқының мүддесін алға қойғандығын көреміз. Сондықтан өзіміздің тарихымызды осылай зерделеп отырсақ, болашақ ұрпақтың жүрегіне дән себетін, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын, осы бағытта белсенді қызмет жасайтын жастардың тәрбиеленіп шығатыны ақиқат. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихы мен өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан бабаларымыздың есімін  ұлықтауды негізгі міндет деп санаймын.

— Шаруашылықпен қоса, шығармашылықпен айналысатын әкім екеніңізден де хабардармыз…

— «Адам баласы үшін кітап — тілсіз тәрбиеші, кітап адам баласына бала кезінен бастап өмірінің соңына дейін сырлас досы бола алады», — деп  хакім Абай айтпақшы, кітап оқу — өнер. Сонымен бірге әр адам өзінің мамандығына, қызметіне және басқа да талғамына қарай кітап таңдап, оны жинап, оқи білуі де — үлкен өнер. Менің жеке кітапханам бар. Іссапарға шыққанда  уақыт тауып, кітап дүкендеріне соғамын. Қазір кітап дүкендері аздау ғой, дегенмен қазақ ақын- жазушыларының жаңадан шыққан шығармаларын сатып алуға тырысамын. Қадірін білген адамға кітап — қымбат дүние.

Мен туған ауыл — Шалқар қаласынан алыстау жатқан елді мекен. Бір жағы — Ұлықұм, бір жағы — кең жазық сары дала. Сол ауылдағы мектепте сабақ берген ұстаздарым менің, жалғыз мен емес сол ауылдан түлеп ұшқан талай жасқа өмірлік сабақ болатын —  кітап оқуды үйретті. Олардың қатарында Жалғас Жаңабергенов,  Нәжімадин Иманов, Назарбай Қыдыров, Шәйкен апай Бақытжанова, Шайхышбулла Ибрагимов, Бердалы Алдашев, Нағашыбай Өтебаев,  Аманбай Садықов, Зинел Жолекенов сияқты ұстаздарымыздың есімін ерекше атағым келеді. Алматыда оқыған жылдарымда, Мәскеуге тәлімгерлікпен барған іссапарларымда да осы бір әдетімнен танған жоқпын. Алматыда талай қазақ ақын-жазушыларымен, зиялылармен дидарласып, әңгімелеріне куә болдым. Сағат Әшімбаевтың  «Парыз бен қарыз» атты бағдарламасына  барып, ел болашағы, тәуелсіздік ұғымын жастардың бойына сіңіру  сияқты қызу пікірталастардың куәсі болдым.  Ақселеу Сейдімбеков, Сағат Әшімбаев, Қадыр Мырзалиев, Үмбетбай Уайдин сияқты ақын-жазушылармен елдің болашағы, қазақ тарихы, өнер мен мәдениет, ғылым туралы пікір алысып, олар бізге ел дамуы жолында үлкен сенім білдіріп, баталарын берген болатын. Осындай сәулелі сәттерді мен үлкен өмірге аттаған алғашқы баспалдақтарым деп білемін.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button