Жаңалықтар

Тамыз: тұйықтан шығу жолы

Тамыз айы үйлерінен ұзап шыға алмай, тұйықталып қалған тұрғындарға аз да болса кеңшілігін ұсынды. Қауіпті дерттің беті қайтып, жақсы күннің жылуы сезілді.

Кәсіпкерлердің біразы тоқтап қалған тіршіліктеріне жан кіргізе бастады.

Қысқасы, бұл ай тұйықтан шығу мезгілі іспетті көрінді…  

Баға және бағдар

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бірнеше ауданда болып, іс жайымен тікелей танысты, тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстарын тыңдады, маңызды бағыттарды дамытуға көңіл бөлді.

Мәселен, Алға ауданында эконтуризм бағытында бой көтеріп жатқан демалыс кешені болашақта мұнда келушілерге табиғи таза өнімдер ұсынумен бірге, атпен серуендеу, балық аулау, тағы басқа сергектікке шақыратын шараларды ұйымдастырады.

Мұғалжар ауданында облыс басшысы инватакси қызметі жұмысына назар аударды. Мұнда шақыртуға тапсырыс беретіндер негізінен бірінші топ мүгедектері мен сал ауруына шалдыққан балалар. Мүгедектердің арасында жұмыс жасайтындары да бар. Осы уақытқа дейін 40 адамнан тапсырыс түскен.

Шалқар ауданының жаңа әкімін тағайындаған облыс басшысы мал шаруашылығын дамытуда әлі де болса мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндігін молырақ пайдалануға бағдар берді.

Осы айда барлық аудандардың басшылары мен Ақтөбе қаласының әкімін қабылдаған облыс басшысы атқарылған істерге нақты баға беріп, жедел атқарылуға тиісті тапсырмаларды белгіледі.

Праймериздің пайдасы көп

Тамыз айының орта тұсынан бастап елімізде Nur Otan партиясының сайлауы — праймериз өтуде.

Оның басты мақсаты — қоғамның сенімі мен қолдауына ие болған беделді кандидаттарды партия ішінде іріктеп алу. Үміткерлер дауыс беру арқылы іріктелгеннен кейін Парламент Мәжілісі және түрлі мәслихаттар депутаттығына, мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсынылады. Сонымен бірге, партиялық желі бойынша ілгерілеу мүмкіндігіне ие болады.

Қыркүйек айында кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Қазан айының басында кандидаттарға партия мүшелері дауыс береді.

Nur Otan партиясы облыстық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов ақтөбеліктердің партияішілік сайлауға ынталылығы мен қызығушылығын жоғары бағалады.

Жүйелі жұмыс жалғасы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамды жұмылдыру мақсатындағы жұмыстар одан әрі жалғасуда.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов бастаған ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері Ырғыз, Әйтеке би секілді бірнеше ауданда болып, осы бағыттағы Заңға енгізілген өзгерістерді көпшілікке кеңінен түсіндіріп, мемлекеттік органдарда өткізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігі жөнінде жеткізді.

Облыстық штаб мүшелері аудан орталықтарында «Сервистік орталықтардың» ашылуына қатысып, «Адалдық алаңы» жобасы жұмыстарымен танысты.

Қарапайым заттар экономикасы: қағаз өнімдері сұранысқа ие

 Ақтөбеде биылдыққа жалпы құны 431 миллион теңгенің қағаз өнімдері өндірілді. 

Көпбалалы ана, кәсіпкер Жаңылай Ыбыраеваның қағаз майлықтар өндіруге қатысты startup жобасына «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсеткен.

«Ибраева» жеке кәсіпкерлігі Қырғызстаннан қағаз өндірісі үшін тапсырыс берілген жабдыққа қол жеткізді. Желіні жедел іске қосқан кәсіпкер қағаз майлықтарын шығаруды жолға қойып үлгерді.

Ақтөбе өңірінде «Қазқағаз» ЖШС өндіруші компаниясы қағаз майлықтарын шығарып, қағаз өнімдеріне ішкі сұранысты қамтамасыз етуде.

GoSauda — онлайн сауда алаңы

Жергілікті кәсіпкерлер жаңа онлайн сауда платформасын іске қосты. GoSauda сауда алаңы — дәстүрлі сауда алаңдарының интернеттегі баламасы. Мұнда бір мезгілде бірнеше мың адам өз өнімін мыңдаған тұтынушыға көрсете алады.

Аталған платформа ауқымында жеке және заңды тұлғалар, сатушы-сатып алушылар — барлығы да сауда алаңын сатып алып, жұмысын істей береді.

Кәсіпкерлер интернеттегі кабинетті жалға алады, бастапқы уақытта ай сайынғы абоненттік төлем 9 мың теңге көлемінде.

Платформаға тіркелу үшін заңды тұлғалар арнайы тексеріледі. Кәсіпкерлік құжаттары, әділет органдарында тіркелуі қаралады.

Бүгінде GoSauda онлайн сауда платформасына ірі сауда желілері де қызығушылық танытуда.

«Ашық аспан» жобасы тиімді

Алдағы аптада B&K AERO әуе компаниясының Ақтөбе-Анталия халықаралық қатынасындағы рейстері іске қосылады. Одан кейін Ақтөбе-Үрімші және Ақтөбе-Пекин халықаралық рейстерін ашу жоспарда тұр.
Қазіргі уақытта әуежай ғимаратының барлық залында антисептиктер үшін санитайзер құрылғылар орнатылып, басқа да санитарлық талаптар — әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимі, байланыссыз термометрия жүзеге асуда.
Карантин кезінде халықаралық қатынастағы барлық рейстер тоқтағанымен, ішкі қатынастар бірнеше есе өскен. Бұл ретте «Эйр Астана», «Sсat» және «Qazaq air» компаниялары рейстері де арта түскен.

Ақтөбе әуежайы  облыс әкімдігімен бірлесіп «Ашық аспан» жобасы негізінде жұмыс жасауда. Бұл — ауа еркіндігіндегі бесінші саты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button