Жаңалықтар

Үйден шықпай-ақ, құрбан шала аласыз

Биылғы 31 шілде Құрбан айт мерекесінің бірінші күніне сәйкес келіп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Зекет қоры індетке байланысты биыл құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуді ұсынды.

Біздің облыста бұл шараны ұйымдастыру облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітіне тапсырылған.

ҚМДБ ұсынысына сай қашықтан құрбан шалу үшін qurban2020.kz сайты арқылы тапсырыс беру керек. Сайт мәзіріндегі «Құрбан шалу» ұяшығына өтіп, өңірлер арасынан Ақтөбе облысын таңдайсыз. Осы жерге аты-жөніңіз бен ұялы телефоныңызды қалдырасыз (WhatsApp желісіне қосылған нөмір болуы керек). Одан әрі құрбандық малын таңдауға өтесіз. Малды таңдап, жіберу батырмасын басқан соң, тапсырыс нөмірі мен төлем жасау туралы ақпарат шығады. Малдың құны осы ақпаратта көрсетілген реквизитке жіберіледі. Осылайша үйден шықпай-ақ, құрбандық шалуға тапсырыс беруге болады.

Ақтөбе қаласы бойынша тоқтының құны — 40 мың теңге, қой — 55 мың теңге, ірі қара малдың бағасы 329 мың теңге болып бекітілген. Ірі қара малын 7 адамға дейін бірігіп шалуға болады, ал тоқты мен қойды жеке бір адам шалады.

Құрбан малы шариғатқа сай сойылып, сіздің атыңыздан имам бата жасайды. Қазіргі жағдайға байланысты құрбан етінің үштен бірі бұрынғыдай құрбандық шалушыға берілмей, түгелдей мұқтаж жандарға тарату көзделіп отыр. Құрбандық шалушыға WhatsApp желісі арқылы фото және бейне есептер жіберіледі.

Құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады.

Ал құрбандық малын үйінде соятын ауыл жұрты мен қаладағы жер үйі бар тұрғындар алдын ала қамданып, малды 30шілдеге дейін алып қойғандары дұрыс. Өйткені Айт күндерінде мал сататын және мал соятын орындар жабық болады. Індет қаупі әлі де сейілген жоқ. Ендеше індеттің одан әрі таралуына жол бермеу үшін ағайын-туысты жиып, қонақ шақырмаңыз!

30 шілде — Арапа күні. Бұл күні құрбандық малы сойылмайды. Бірақ дұға етіп, ораза ұстап, басқа да ізгі, сауапты амалдармен өткізгеніңіз дұрыс. Құрбандық шалу уақыты біздің облыста 31 шілде күні сағат таңғы 7.00-ден басталып, 2 тамыз күнгі ақшам намазына дейін жалғасады.

Ниеттеріңіз қабыл болсын!

Қосымша ақпаратты «Нұр Ғасыр» мешіті қызметкерлерінен мына телефондар арқылы алуға болады: 8 (7132) 77-43-49 немесе 8-775-837-67-98.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button