Жаңалықтар

Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын көтеру — басты міндет

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мәртөк, Ойыл, Қарғалы және Темір аудандарының әкімдерін қабылдады. Олар облыс басшысына 2020 жылдың алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есеп беріп, екінші жартыжылдықтағы негізгі даму басымдықтарын белгіледі.
Алдымен аудандардағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жайында баяндалды. Аудан басшылары жағдайдың тұрақты, дәрі-дәрмекпен және науқастарды төсек орындарымен қамтамасыз етуге байланысты мәселелердің үнемі бақылауларында екенін жеткізді.
Мәртөк және Қарғалы аудандарының әкімдеріне Оңдасын Оразалин: «Астық егетін аудандардың әлеуеті айтарлықтай жоғары. Олар жыл сайын астық жинау науқанында жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Биылғы жаздағы ауа райы егіннің өнімділігіне жағымды әсер етуі керек», — деп атап өтті.
Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану жұмыстарын сараптауды тапсырды.
«Нашар жұмыс істейтіндердің, жылдар бойы пайдаланбай отырғандардың жері кері қайтарылып, қолынан іс келетіндерге берілетін болады. Шаруаларға мемлекеттік қолдаулардың барлық түрін ұсынып, оларды жан-жақты қолдау қажет. Ауыл тұрғындарының өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасау және тұрмыс сапасын жақсарту — жергілікті биліктің таяу жылдардағы басты міндеті», — деді облыс әкімі.
Жиын соңында Оңдасын Оразалин ауыл шаруашылығын дамытатын «Бизнестің жол картасы», нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту сынды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына баса назар аудара отыра, аудандарды әлеуметтік-экономикалық жағынан әрі қарай өркендету жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button