Жаңалықтар

Аттестат  табыс ету шарасы мектептерде өткізіледі

3-4 маусымдамектептүлектеріне аттестат табыс етіледі. Бұл салтанатты шара білім шаңырақтарында өткізіледі. Тамыз айынан бастап мектептерде негізгі пәндер бойынша жазғы мектеп ашу жоспарланып отыр. Білім саласындағы осы және басқа да өзгерістер, сондай-ақ әлеуметтік жәрдемақылар туралы облыстық телеарна бағдарламасында айтылды. Бағдарламаға облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Өтеген Үркімбаев қатысты. 

Төтенше жағдайға байланысты облыс тұрғындарына көптеген әлеуметтік қолдау көрсетілді. Бұл бағыттағы шаралар республикалық деңгейде де, облыстық деңгейде де, аудандық деңгейде де жүзеге асырылып жатыр.

  • Мемлекет өзінің алдына қойған әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу жөніндегі міндеттемелерін толығымен орындап отыр. Мұның игілігін облыс тұрғындары көріп жатыр, — деді Б.Елеусінова.

42500 теңге — төтенше жағдайға байланысты табысын жоғалтқан тұрғындарға тиесілі төлем. Біздің облыста бұл жәрдемақыны алу үшін тұрғындардан 700 мыңдай өтініш түскен. Оның 220 мыңға жуығына жәрдемақы тағайындалыпты.

  • Қалғандарының өтініші талаптарға сәйкес келмегендікте ноларға жәрдемақы тағайындалған жоқ. Жәрдемақы алмағандардың саны неге көп? Өйткені бір адам бірнеше рет өтініш жазған. Бірыңғай жиынтық төлемді төлемегендер де бар. Жеке басына қатысты мәліметті қате толтырғандар да жетерлік, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Бүгінде бірінші төлемдер толық төленді. Қазір екінші төлемдер беріліп жатыр.

  • Бастапқыда 78 мың адамға аударылса, кейін 25 мың адам төлемдерін алды. Одан соң 30 мың адамның есепшоттарына жәрдемақы түсті. Бүгін15 мың адамға берілуде, — деді Өтеген Үркімбаев.

ҰБТ өткізу форматында өзгеріс жоқ. Еліміз бойынша 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізіледі. ҰБТ-ның біздің облыста нақты қай күндері өткізілетіні әзірге белгісіз. Облыс бойынша 6604 бала мектеп бітіреді. Оның 5733-і тестілеу тапсыруға ниеттеніп отыр. Өңірдегі тестілеу өткізетін 15 пункт те дайын тұр.

Тұрғындар «облыс орталығында қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейі ашылатыны анық па?» деген сауал қойды.

  • «Білім-инновация» мектебін ашу жоспарланып отыр. Бұл — жеке мектеп. Министрлік бекітсе, маусымның 18-іне дейін сынақ тапсыратын оқушылардан құжаттар қабылданады. Емтихан өткізу уақыты содан кейін белгілі болады, — деді Ләззат Оразбаева.

25 мамыр күні оқуж ылы аяқталады. 26 мамырдан бастап бастауыш сынып және 5-8 сыныптың мұғалімдері еңбек демалысына шығады екен. 3-4 маусымда мектеп түлектеріне аттестат табыс етіледі.

  • Бұл салтанатты шара мектепте өткізіледі. Ата-аналардың аталған рәсімге қатысып-қатыспайтыны жөнінде қосымша хабарланатын болады. Маусымның 5-інен бастап қалған мұғалімдердің бәрі еңбек демалысына шығады, — деді Л.Оразбаева.

Жазғы лагерь қашаннан бастап балаларды қабылдайтыны әзірге белгісіз. Қала сыртындағы барлық лагерьлер балалардың демалысын ұйымдастыруға дайын.

26 мамырдан бастап ерекше балаларға арналған «Күншуақ» лагерінде 35 бала демалатын болады.

Колледж оқушылары дипломдық жұмыстарын қашықтан қорғайды.

Мектептерде маусым, шілде айларында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жасалады. Бұл жұмыстар тамыз айында толық аяқталуы тиіс.

Оқу процесі қашықтан жүргізілгендіктен, негізгі пәндерді өткізу барысында кемшіліктер болуы мүмкін. Сол себепті тамыз айынанан бастап жазғы мектепті ашу жоспарланып отыр. Тегін өткізіледі. Негізгі пәндер бойынша қосымша сабақ алғысы келген балалар ерікті түрде қатысады, — деді Ләззат Оразбаева.

Мамырдың 18-інен бастап жергілікті штабтың және өңірдегі бас санитар дәрігердің рұқсаты болса, балабақшаларда кезекші топтар жұмыс жасай бастайды. Жағдай қалыпқа келе бастаса, топтардың саны көбейтіледі. Сөйтіп, балабақшалар кезең-кезеңмен ашылады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button