Жаңалықтар

Жаңа техника сатып алуға субсидия  төленеді

Осы жылдың басынан бері өңіріміздегі ауылшаруашылық құрылымдары 187 жаңа техника сатып алған. Оның ішінде 66 трактор, 3 астық оратын комбайн, 2 егіс кешені, 9 жер жыртатын және 52 мал азығын дайындайтын техника, бұлардан өзге түрлі  тағы да 55 техника бар. Облыс көлемінде машина-трактор паркін жаңарту мәселесі «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ қаржы институттары арқылы іске асырылды. Бұл туралы ауылшаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай «Ақтөбе – адалдық алаңы» кеңсесінде өткен  тікелей эфирде баяндады.

Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен нысандарын субсидиялау бағдарламасы бойынша биылғы жылы республикалық бюджеттен 4 527,5 млрд теңге бөлінді. Осы қаржының 1 641,4 млрд теңгесі ауылшаруашылық техникалары мен жабдықтарын сатып алған  шаруашылықтардың шығынын өтеуге жұмсалды.

Тікелей эфирде басқарма басшысы көктемгі егіспен айналысып жатқан шаруашылықтарды арзан жанар-жағармаймен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын субсидиялау туралы сауалдарға жауап берді. Қазіргі кезде «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» қаржы институттары  шаруашылықтарды техника лизингі мен қаржылай қолдау арқылы  субсидиялайды. Техника субсидиясы бойынша ауылшаруашылық құрылымы сатып алған жаңа техниканың 25%-ынмемлекет төлейді. Бірақ бұл жердегі негізгі шарт — техника шаруашылықтың айналысатын саласына байланысты ғана алынуы тиіс. Ал қаржылай субсидия ауыл шаруашылығы құрылымы алған несиенің сыйақы мөлшерлемесін 10%-ға арзандату арқылы іске асырылады.

— Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мақсатымен республикалық және жергілікті бюджеттен 15,3 миллиард теңге субсидия бөлінді. Мұның ішінде мал шаруашылығына — 6,9 миллиард теңге, өсімдік шаруашылығына — 1,3 миллиард теңге және инвестициялық субсидия — 4,5 миллиард теңге. Қазіргі уақытта мұның 3,5 миллиард теңгесі  игерілді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын субсидиялау бойынша мемлекеттік қызмет «Qoldau» ақпараттық жүйесі арқылы көрсетілуде. Яғни кәсіпкерлер  «Qoldau» ақпараттық жүйесіне өз электрондық цифрлық қолтаңбалары арқылы кіріп,субсидия алуға өтінім бере алады, — деді Құсайын Сәрсембай.

Жыл басынан бері мемлекеттік субсидияға жаңа техника сатып алған 410 ауыл шаруашылығы құрылымы ие болды.

Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button