Жаңалықтар

Жаңа техника — табыстың кепілі

Тікелей эфир

Еліміздегі  төтенше жағдай алынып тасталғанымен карантин режимдері әлі де сақталады. Бірақ  облыстың ауылшаруашылық, кәсіпкерлік салаларының жандануына ешқандай кедергі жоқ. Жергілікті  телеарнаның  бағдарламасында тікелей көрсетілім арқылы облыс тұрғындарының сұрағына жауап берген облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин ірі жобалардың қолға алынып отырғанын айтты.

Солардың бірі — Шалқар ауданынан бір мезетте 20 мың  қой бордақылайтын алаң салынады.  Әзірге 10 мың қой сатып алынған. Алдағы уақытта бордақы алаңындағы қой санын 50 мыңға дейін жеткізу жоспарланып тұр. Қобда ауданында да 3 мың ірі қара ұстайтын бордақы алаңы салынбақ. Мұның бәрі облысты етпен қамтып қана қоймай, шетелге шығатын ет экспортының артуына бағытталған.

Тұрғындардың бірі  жергілікті жылыжайдағы бақша өнімдерінің 80 пайызы экспортқа кететінін, сол себепті өзімізде қияр, көкөністердің қымбатшылығын айтты. Бұған жауап берген облыс әкімінің орынбасары бұл түсініктің қате, жаңсақ пікір екенін дәлелді түрде жеткізді.

Керісінше жылыжай өнімдерінің экспортын арттыруымыз қажет. 2018 жылы сыртқа сату көрсеткіші 18 пайызға төмендеген.  Былтыр 20 пайызға көтерілді. Биыл жылыжай аумағы тағы 8 гектарға көбейеді. Биылдан бастап облыс картоп, бақша өнімдерімен толық қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Батыс өңіріне сатуға мүмкіндіктерді арттырамыз. Әрине, өз тауарларымыздың өзіндік құны арзан болуы керек. Ол үшін оған кететін шығынды азайтудың бір амалы —жаңа техникалар алу. Олар болмаса егу мен жиын-терінннің уақытын өткізіп аламыз. Жаңа техниканың күшімен күніне 60 гектар жерге дейін егуге болады. Сөйтіп ауылшаруашылық саласының техникалық паркін жасақтау бүгінгі күннің басты талабы болып отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Тікелей көрсетілімге қатысқан «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының директоры Жанар Исмайлова-Есжанова жаңа техника алудағы жеңілдіктерді атады. Соның ішіндегі қол жетімдісі — «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 5 пайызбен 10 жылға несиеге беріледі. Жаңа техникаға қол жеткізудің тағы бір мүмкіндігі —16 пайызбен несие алу. Оның 10 пайызын үкімет субсидия арқылы төлейді. Бұл ауыл кәсіпкерлері үшін тиімді. Соңғы екі жылда облыста техника жаңарту мәселесі жоғары деңгейге жеткен. Филиал басшысының айтуынша, 2002 жылдан бері Ақтөбе облысына тартылған инвестиция 35 миллиард теңгені құрайды.

Тікелей көрсетілімде әлеуметтік желі арқылы қойылған сұрақтардың бірі—  шетелдіктердің елімізге келуі, орналасу тәртібі. Бұған Ақтөбе полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ұлбике Оспанова жауап берді. Сырттан келген жеке тұлғалар үшін  3 жұмыс күні ішінде алғашқы рет 30 тәулікке тіркеледі. Одан кейін тағы тұрғысы келсе, уақытша тұрғылықты мерзімін 3 айға ұзарта алады. Бұл 3 ай сайын жасалады. Ал заңды тұлғалар бірден 1 жылға дейін құжатын рәсімдейді.  Қазіргі таңдағы өзекті мәселе — еңбек мигранттарының қозғалысы. Құрылыс жұмыстарына өзбек ағайындарының тартылуына кедергі жоқ. Бірақ жеке тұлғалар  бес адамға дейін ғана келісімшарт арқылы ұстай алады.  Оның бәрінің құжаттары карантин талаптарына сай болуы тиіс.

Қала тұрғындарының ортақ сауалы—ірі базарлардың қашан ашылатындығы мен ауданға баратын блок-бекеттердің алынуы.

Базарлар мен блок-бекеттердің қашан ашылатыны әзірге белгісіз болып отыр. Өңірлік штабтың шешімі бойынша қорғаныс талаптары әлі де жалғаса береді. Өйткені облыстағы ауру жұқтырғандардың саны өсіп отыр. Індет шегіне дейін жеткен жоқ. Екінші толқыны соғуы мүмкін. Сондықтан адам көп шоғырланатын жерлерді ашуға ерте. Ал аудандарға аурудың бармауы керек. Сол себепті блок-бекеттер қашан алынатынын кесіп айта алмаймыз. Мұның бәрі әрбір ақтөбеліктің саулығы үшін жасалынып отыр, — деді А.Бердалин.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button