Жаңалықтар

Жағдай штабтың жіті бақылауында

Сейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин мен облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов тікелей эфирде тұрғындар сауалына жауап берді.

Аманғали Бердалин облыстағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екендігін айта келе, өңір тұрғындарының қауіпсіздігі үшін облыс аумағында тиісті шаралар жасалып жатқандығын жеткізді. Індет жұқтырған азаматтардың өз деңгейінде тиісті ем-дом алып жатқандығын мәлімдеген ол барлық жағдай облыс әкімдігі жанынан құрылған жедел штабтың жіті бақылауында екендігін айтты.

Ал облыс бойынша жекелеген қызмет түрлеріне шектеулерді алып тастау 4 кезең бойынша жүзеге асырылатындығын хабарлаған  кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов төтенше жағдай кезінде облыс кәсіпкерлеріне көрсетіліп жатқан қолдаулар мен жасалып жатқан жұмыстар турасында баяндап берді.

— Шектеулерді жұмсартудың 1 кезеңі 1 мамырдан басталды. Екінші кезең бойынша бірнеше мекеме өз жұмыстарын 4 мамырдан бастап жасап жатыр. Ал шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде айтар болсақ, кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет тарапынан бірнеше бағдарлама қарастырылғанын бұған дейін де хабарлаған болатынбыз. Айта кетейік, биыл «Бизнестің жол картасы» бойынша бөлінген қаражаттың мөлшері екі есеге дейін көбейіп отыр. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлер жеңілдетілген мөлшерде несие ала алады.Елде төтенше жағдай жарияланғалы бері де қаншама кәсіпкерлерге арналған жеңілдіктер пайда болды. Соның ішінде салық, несие төлеу,мемлекеттік сатып алуларға қатысу бойынша бірнеше мүмкіндіктер қарастырылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады, — деген басқарма басшысынан тұрғындар бизнеске оқыту жұмыстарының қашан басталатындығын сұрады.

— Бұған дейінгі хабарда «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова айтып өткендей, ол жұмыстар мамыр айында онлайн және оффлайн режимінде жүргізіледі. Оқуға қатысқысы келетін азаматтар кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына барып тіркелулері қажет. Ал оқыту жайында және оның кестесі жайында алдағы уақытта бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тағы да нақты ақпарат берілетін болады, — деді.

Тікелей эфирге хабарласқан тұрғындар қаладан ауылдарына жете алмай жатқандығын айтып, блок-бекеттердің қашан ашылатындығын сұрады.

— Жағдайды түсініп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, еліміздегі төтенше жағдай мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылды. Барлығы елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, тұрғындар қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Ал төтенше жағдайдың аяқталуына қатысты ресми мәлімдемені Мемлекет басшысы жасайды, — деп жауап берді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ тікелей эфир барысында көктемгі егіс жұмыстары мен өңірдегі азық-түлік қоры жөнінде де әңгіме айтылды. Ал қала көшелерінің тазалығы, жол құрылысы мен автобус мәселесіне қатысты қойылған сұрақтарды облыс әкімінің орынбасары қала әкіміне жеткізетіндігін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button