Жеңіс

Жеңіс туралы алғашқы мақалалар

Жеңіс-75

Редакцияға Ембі қаласының тұрғыны, оқырманымыз Бисен Айтмамбетов хабарласып, 1945 жылдың 11 мамырында шыққан газетті сақтап келе жатқанын айтты. Әкеден балаға берілген құнды құжат —  отбасылық жәдігердің суретін де жолдапты бізге.

Сарғайған газет. «Актюбинская правда». 1945 жылдың 11 мамырында шыққан. Кеңес әскерінің фашистік Германияны жеңіп, ұлы Жеңісті жариялаған дәл 9 мамыр күні және одан кейінгі 10 мамыр күні де «Актюбинская правда» газетінің тілшілері тыным таппаған секілді. Себебі газетті баспаханаға басуға жібергенше де көп жұмыс жасау қажеттігін, біз, журналистер жақсы білеміз. Газет тұтастай Жеңіс мерекесіне арналыпты.

  • Әкеміз Өмірзақ Дүйсенбайұлы 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, соғыстан аман-есен туған еліне оралған. Содан анамыз Жұма Бисенбаевамен отау құрып, алты бала өсіріп, тәрбиеледі. Әкеміз осы газетті өле-өлгенше сақтап келді. «Бұл газеттің бірінші бетінде Сталиннің суреті тұр. Бүкіл Еуропаны басып алған фашистермен төрт жыл бойы соғысып, Сталиннің қатал басқаруымен жеңіске жеттік. Сен осыны балаларыңа, немерелеріңе айта жүр», — деп маған тапсырды. Бұл газет —әкемнің аманаты, бұл сонау 1945 жылғы жеңістің «тірі» куәгері, — дейді  Бисен Айтмамбетов.

Шынында, газеттің бірінші бетінде Кеңес Одағының Маршалы, сол кездегі Жоғарғы Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің суреті басылған. Жанында Сталиннің үндеуі:

«Германияны тізе бүктірген Ұлы Жеңіс күнінің таңы атты! Қызыл Армия мен біздің отандастарымыздың әскері тізе бүктірген фашистік Германия өзінің жеңілісін мойындады. 7 мамыр күні Реймс қаласында осы қарсылықсыз тізе бүгуге қатысты алдын ала хаттамаға қол қойылды. 8 мамыр күні Берлинде неміс бас қолбасшылығының өкілдері одақтас әскер мен кеңес әскерінің Жоғарғы Қолбасшылығы өкілдерінің қатысуымен капитуляция туралы ақырғы актіге қол қойды. Бұл құжат 8 мамыр күні сағат 24-те күшіне енді.

Бүгін таңертеңнен бастап неміс әскері капитуляция туралы актіні орындау үшін жаппай қаруларын тастап, біздің әскерге өз еркімен беріліп жатыр. Біз енді Германияны, германдық империализмді ойсырата жеңгеніміз туралы тарихи сәттің туғанын толық айта аламыз.

Бостандық үшін, Отанымыздың тәуелсіздігі үшін құрбан болғандар есепсіз, соғыс кезінде халқымыздың қайғыдан қан жұтқан сәттері де көп, майдан өтінде, тылда еңбек еткендердің еңбегі өлшеусіз… осының барлығы текке кеткен жоқ, бізге Жеңіс әкелді.

Бұдан былай Еуропада халықтар арасында бейбітшілік туы желбірейтін болады.

Жолдастар! Ұлы Отан соғысы біздің жеңісімізбен аяқталды! Еуропада соғыс кезеңі бітті. Бейбіт даму кезеңі басталды!» делінген Сталиннің үндеуінде.

Сондай-ақ, бірінші бетте Сталиннің Жеңісті атап өту туралы бұйрығы да жарияланыпты:

«9 мамыр — Жеңіс күні сағат 22.00-де Мәскеуде Отанымыздың атынан осы соғыста жеңіске жеткен Қызыл Армия әскерлерінің, Әскери-Теңіз флоты корабльдері мен бөлімдерінің құрметіне мыңдаған қарудан отыз рет артиллериялық дүркіндете ату арқылы салют берілсін», — делінген.

Сондай-ақ газетте орден-медальдар тағайындау, олардың түсіндірмелері де берілген. Фашистік Германия әскерлерінің жаппай беріліп жатқандары туралы да ақпараттар бар. Сол кездегі Ұлыбританияның премьер-министрі У.Черчильдің, АҚШ президенті Г.Трумэннің, француз генералы Шарль де Голльдің мәлімдемелері де жарияланған. Варшаваның, Белградтың халқының жеңісті қалай тойлап жатқандары туралы мақала да шығыпты.

Жеңісті Ақтөбе халқы ерекше қарсы алыпты. Газеттің үшінші бетінде жарияланған Ю.Корсуков деген автордың «Бүкілхалықтық мереке» деп аталатын мақаласына көз жүгіртейікші:

«Жеңіс! Көптен күткен бұл жаңалықты ерте таңмен Ақтөбеге Левитанның дауысы жеткізді. Бұ жаңалық қала ішіне лезде таралды. Бұл қуанышты естіген ақтөбеліктер терезелерін ашып, үйлерінен жүгіріп шығып, бір-бірін ұлы қуанышпен құттықтап жатты.

Таңғы сағат 8. Зауыттар мен шеберханалардың, депо мен паравоздардың дауыстары шықты. Ол жеңістің дауысы еді. Адамдар бір-біріне танымаса да, құшақтасып, қолдарын қысып, қуанып жатыр. Міне, 60-65 жастағы қария келе жатыр. Ол — үш майдангердің анасы Евдокия Соколова. Оған қарсы аға сержант, төрт әскери орден мен медаль кавалері келе жатыр. Евдокия Соколова дірілдеген қолымен оған тоқта дегендей ишара білдірді:

  • Рахмет саған, балам, — деп кеудесіне басын қойды, оның көз жасы майдангердің орденіне тамып жатты. Танымайтын қарияны бауырына басқан жауынгер: «Сізге рахмет, ана…» деп жауап қатты дауысы дірілдеп.

Сағат таңғы 9. Ақтөбеліктер Ленин атындағы теміржол клубының алдына жиналып қалыпты. Қуанышты бөлісуге асыққандар әлі де толассыз келіп жатыр. Адамның көптігі соншалықты, шеру іште емес, сыртта болатын болды…

Ақтөбе басқа қалалар секілді Жеңіс күніне орай салтанат құрды. Ал кешке Сталиннің құттықтауын естідік», — делінген қысқаша бұл мақалада.

Өмірзақ Дүйсенбайұлы бұл газетті дүниеден озарында ұлына табыстап кетіпті.

— Әкем 2005 жылы өмірден өтті. Менің әкем секілді Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер осы газетті көріп, есіне алсын деген мақсатпен редакцияға хабарластым. Мүмкін, әкемізбен бірге соғысқа қатысқан аталар да бар шығар. Сонымен қатар газет арқылы Ембі қаласы тұрғындары атынан соғыс ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтағым келеді. Еліміз тыныш болсын, — дейді Б.Айтмамбетов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button