Жаңалықтар

Шағын және орта бизнес 1 қазанға дейін сақтандыру төлемінен босатылады

Шағын және орта бизнестің субъектілері 1 қазанға дейін, ал ірі бизнестің кейбір субъектілері 1 шілдеге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемінен босатылды. Бұндай шара мемлекет тарапынан  төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін қабылданды.

Кәсіпкер жұмыс беруші ретінде 2% мөлшеріндегі аударымдарды төлемейді. Сондай-ақ өз қызметкерлерінің жалақысынан 1% жарна  ұстамайды. Осылайша 1 миллионға жуық азамат медициналық сақтандыру ақысын төлеуден босатылды. Бұл — осы салалардағы қызметкерлердің жалпы саны. Алайда олардың барлығы қажетті медициналық көмекті толық көлемде алады. Бұл үшін ақыны қор төлейді. Бұл туралы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мәлімдеді.

Салықтар мен әлеуметтік төлемдерге «нөлдік» мөлшерлемені қолданатын субъектілердің тізімі бекітілді. Бұлар — сауда, көлік және техникалық қызметтер, білім беру, медицина, туризм, мейрамхана және қонақүй бизнесі, ойын-сауық, бағдарламалық қамтамасыз ету және фитнес субъектілері.

Қаулыда көрсетілген санаттарға кірмеген бизнес субъектілерінесақтандыру  жарналары мен аударымдарды төлеу мерзімі биылғы жылдың 1 маусымына дейін шегерілді.

Жеке кәсіпкерлер де жеңілдік алды. Оларға 1 қазанға дейін өз қызметкерлері үшінаударымдарды төлеудің және жалақыларынан жарна ұстаудың қажеті жоқ. Алайда өзі үшін төлеуі керек ақының төлеу мерзімі 1 маусымға дейін ұзартылды.

Заң бойынша жарналар мен аударымдардан бас тартуға болмайды, яғни міндетті түрде төлеу керек. Сондықтан 1 қазанға дейін бизнес субъектілерінде төленбеген кезең бойынша қарыз пайда болады. Осыған байланысты қор ақы төлеуден  босатылған қызметкерлерге қарызды есептемейтін заң нормасын енгізу туралы ұсыныс тастап отыр. Бұл өзгерістерді енгізу жөніндегі жұмыстарды Үкімет қарайды.

Сондай-ақ қазір бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер саны өсіп отыр. Себебі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік жәрдемақы алуы үшін бұл төлемді төлеуі тиіс.

Табыссыз қалған және ресми түрде жұмыс істемейтін азаматтар, оның ішінде қалада тұратындар 2 651 теңге, ал ауылда тұратындар 1 325 теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеуі тиіс. Төлем жасағаннан кейін жәрдемақы алу үшін өтінім береді. Осылайша әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүшесі бола алады.

Қазіргі күні бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің саны 85 мыңнан(1 сәуірге дейін төлегендер) 1,8 миллионға дейін көбейді. Алайда міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу үшін төлемдерді үнемі жасап тұру керек. Сақтандыру мәртебесін алу үшін кемінде 3 ай төлеуі керек.

Қазір Қазақстанда сақтандырылмаған азаматтардың үлесішамамен халықтың 15%-ы.

Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін барлық азаматтар шартты сақтандырылған болып саналады және медициналық көмекті толық көлемде алады. Жалпы бұндай жеңілдіктер төтенше жағдайға байланысты жасалып отыр.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button