Жаңалықтар

Емханаларда фильтр орнатылды

Ақтөбе қаласындағы емханаларда медицина қызметкерлері мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін арнайы фильтрлер орналасқан. Мамандар арнайы киіммен көмек көрсетеді. Қажетті сақтық шараларының барлығы жасалған.

Жалпы облыстағы емдеу мекемелері індетпен күресу үшін барлық талапты сақтаған. Мәселен, стационарларда арнайы оқшаулау бөлмесі жасақталған. Егер қызуы көтеріліп келген адам болса, бірден оқшауланады.

Әсет Қалиевтің айтуынша, Ақтөбе медицина орталығында сексен кереуеттік провизорлық госпиталь жасақталған. Мәселен, індет жұқтырған адамның қосалқы сырқаты, яғни жүрегі, бүйрегі ауыруы немесе жүкті болуы мүмкін. Егер осындай қосалқы ауруы бар науқастар болса, олар Ақтөбе медициналық орталығына жіберіледі. Осы жерде олардың толық емделіп шығуы үшін барлық жағдай жасалған. Тиісті мамандар да жеткілікті. Мәселен, өткен аптада коронавирус жұқтырған адаммен байланысты болған жүкті әйел босанған. Қазір ана мен баланың жағдайы жақсы, екеуінен де індет белгісі анықталған жоқ. Алайда коронавирустың инкубациялық кезеңі аяқталмағандықтан, олар орталықта дәрігерлердің бақылауында жатыр.

Басқарма басшысы тұрғындарға себепсіз сыртқа шықпауды тағы бір мәрте ескертті. Себебі індетке шалдыққандардың саны көбеймесе, азаймай отыр.

Қазіргі жағдайға бейжай қарауға болмайды. Барынша сақтық шараларын жасауымыз керек. Себепсіз көшеге шығып, қонаққа барып, індет жұқтырып алудан сақтануымыз қажет. Әсіресе балалар мен қарт адамдар, иммунитеті нашар, созылмалы ауруы бар тұрғындар қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағаны жөн. Медициналық бетперде киіп, антисептик пайдаланған дұрыс. Қарапайым санитарлық талаптрды орындап, сақтансақ қана ауруды жеңеміз. Ол үшін бәріміз талапқа бағынуымыз керек, — дейді басқарма басшысы.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button