Жаңалықтар

Мәскеуден келген төрт адамнан індет анықталды

28 сәуір күні індет жұқтырғандардың қатарына тағы да төрт адам қосылды. Олардың төртеуі де ақпан айынан бері Мәскеу қаласында жұмыс жасаған. 27 сәуір күні Орынбор арқылы Жайсаң бекетінен өтіп, қалаға келген.

Мамандар үш адамды провизорлық, біреуін карантиндік госпитальге жатқызады. Тексеру кезінде төртеуінен де коронавирус анықталған. Дереу арнайы көлікпен инфекциялық госпитальге жеткізілді. Қазір кешенді ем алып жатыр. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев әлеуметтік желіде өткізген тікелей эфирде айтты.

  • Коронавирус жұқтырғандардың барлығы сырттан келген адамдар. Олармен байланыста болған 18 облыс тұрғыны індетке шалдықты. Қазір шекаралық бекеттердегі тексеру шаралары күшейтілді. Сырттан келген тұрғындарды оқшаулау, толық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар қажетті шаралардың барлығын жасауда. Облыстағы эпидемиологиялық ахуалды күн сайын әлеуметтік желі арқылы халыққа таратып отырмыз. Тұрғындар тарапынан сұрақ көп. Мәселен, кеше теміржол ауруханасына бір науқас түсті. Көпшілік «оны неге инфекциялық ауруханаға апармаған, неге теміржол ауруханасына жатқызады?» деген сұрақ қойды. Теміржол ауруханасында пульмонология бөлімі жасақталған, яғни өкпесі, тыныс жолдары қабынған науқастар жедел жәрдем бригадасымен осы жерге жеткізіледі. Қажетті мамандар жеткілікті. Барлық емдік шараларды алады. Медицина қызметкерлері инфекция жұқтырып алмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтайды. Олар да карантинге алынған, — деді басқарма басшысы.

Жалпы облыста 63 адам коронавирус жұқтырса, оның он бірі жазылып үйіне шықты. Науқастардың төртеуі — бала. Бір бала толық айығып, отбасына оралды. Қазіргі күні провизорлық, карантиндік, инфекциялық госпитальдерде 971 адам жатыр.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша1930 адам үй карантиніне алынған. Эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден келген 472 адам қоңырау шалу арқылы медициналық бақылауда.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button