Жаңалықтар

Тексерілді, тағайындалды, есепшотқа аударылды…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес елімізде төтенше жағдай режимі 2020 жылдың 11 мамырына дейін ұзартылды. Осыған  байланысты Ақтөбе облысы аумағындағы шектеу шаралары да өз жалғасын табады. Бұл туралы дүйсенбі күні «Aqtòbe» телеарнасының «Ақпараттық сағат» бағдарламасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов мәлімдеді.

Тікелей эфирде өткен бағдарламаға облыс әкімінің бірінші орынбасарымен қатар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысыБекболат Нұрашев қатысып, тұрғындар сауалына жауап берді.

— Еліміздегі төтенше жағдай мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылды. Осыған байланысты Ақтөбе облысы аумағындағы шектеу шаралары мен Ақтөбе қаласындағы карантин мерзімі де 11 мамырға дейін созылады.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 59 жағдай тіркеліп отыр. Індет жұқтырғандардың 67 пайызы сырттан келгендер болса, қалғаны ішкі байланыстар арқылы жұқтырғандар.

Халық арасында індеттің көбейіп кеткендігіне байланысты сұрақтар туындап, түрлі пікірлер айтылып жатыр. Шектеу шаралары енгізілгенімен халық қозғалысы көп. Әсіресе көршілес Ресеймен арадағы қозғалыс күшейді. Төтенше жағдай жарияланғаннан бері Жайсаң мен Әлімбет шекаралық бекеттерінен 8 мыңнан астам көлік пен 2200-дей адам жаяу өтті. Ресейдегі ахуалдың нашарлап кетуіне байланысты ел азаматтары кейін қайтып жатыр. Келіп жатқандардың ішінде өзге өңірлердің тұрғындары да бар. Оларды шекарадан күтіп алып, қауіпсіздік шараларын жасап, арнайы стационарларға жатқызамыз. Осы жерде тұрғындардың дұрыс түсінгенін қалаймыз. «Неге өзге өңірдің тұрғындарын кіргізеді? Неге шекараны жауып тастамайды?» деген пікірлер айтылып жатыр. Бірақ мемлекеттің алдында өз халқының, тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті бар. Сондықтан дәл қазіргідей жағдайда ана облыстың, мына облыстың тұрғыны деп бөлініп отырудың өзі артық болады. Мәселен, өткен аптада бір күнде 1300-дей адам қабылдадық, 28 жағдай тіркелді. Олардың 18-і Ресейден келген өзге өңірдің студенттері болса, 10-ы — жұмысшылар. Әрине, бұның барлығы өңірдің статистикасына кері әсерін тигізеді. Дегенмен тұрғындардың түсіністікпен қарауларын сұраймыз, — деген Нұржауған Қалауов облыс орталығындағы мекемелердің жұмысы алдағы уақытта кезең-кезеңімен іске қосылатындығын, бұл жауаптың шешімі штаб отырысынан кейін белгілі болатындығын айтты.

Бұдан соң жергілікті атқарушы билік өкілдері тікелей эфир мен әлеуметтік желілер арқылы қойылған сұрақтарға жауап берді. Әдеттегідей тұрғындар қойған сұрақтардың дені республикалық, облыстық бюджеттен, сондай-ақ Nur Otan партиясы жанындағы «Birgemiz» қоғамдық қорынан беріліп жатқан әлеуметтік қаржылай көмектерге қатысты болды. Бірі өзінің мүмкіндігі шектеулі азамат екендігін, бірақ төтенше жағдай кезінде ешқандай қаржылай қолдауға ие болмағандығын айтып хабарласса, енді бірі 42 500 теңгеге сәуір айының алғашқы жартысында өтініш бергенін, дегенмен әлі жауап ала алмай жүргенін айтты. Тұрғындардың бұл сұрағына Бұлбұл Елеусінова:

— Бұған дейін Nur Otan партиясы жанындағы «Birgemiz» қоғамдық қорынан 7894 ақтөбелікке 7 санат бойынша көмек көрсетілді. Бұл азаматтар 50 мың теңгеден алды. Хабарласып отырған тұрғындар зейнетақысын немесе жәрдемақысын мүгедектігіне байланысты алып отырған болса, әрине, бұл қаражат оларға да міндетті түрде тиесілі болады. Nur Otan тарапынан бүгінгі күннен бастап мұқтаждарға көмек көрсетудің екінші кезеңі басталады. Бұл жолғы 50 мың теңгені 2,3-топтағы мүгедектігіне жәрдемақы алып отырған азаматтар және қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген аз қамтылған отбасы мүшелері ала алады. 

Ал жергілікті бюджеттен беріліп жатқан 20 мың теңгеге қатысты айтар болсақ, аталған сома аудандарда тұратын өтініш берген азаматтардың барлығына аударылды. Қазір тек қала бойынша қаралып жатыр. Әрине, хабарласып жатқандар көп. Бірақ бұл қаражаттың атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасыларға тиесілі емес екендігін тағы да қайталап айтамыз. 

Сондай-ақ 42 500 теңгеге қатысты да сауалдар өте көп қойылып жатыр. Күні бүгінге дейін облыс бойынша 213 мыңға тарта тұрғын осы жәрдемақыны алу үшін өтініш берген. 207 мыңына тағайындалып, 204 мыңнан астам тұрғынның есепшотына аударылды. Сонымен қатар өтініші кейін қайтарылғандар да, есепшотын дұрыс көрсетпеген тұрғындар да бар. Бұл жерде әр тұрғынның өтініші жеке-жеке қаралады. Тағы бір айта кететін жағдай, соңғы өзгерістерге байланысты ендігі жерде 42 500 теңге төтенше жағдай жарияланғанға дейінгі 12 айдың ішінде салық төлеген немесе бір реттік бірыңғай жиынтық төлем төлеген тұлғаларға ғана тағайындалатын болады, — деп жауап берді.

Тікелей эфирге сауал жолдаған тұрғындардың бірі Батыс-2 ауданында ұялы байланыстың нашар екендігін айтса, ал «Нұр Ақтөбенің» 3-шағын ауданында тұратындар жарықтандыру қашан жүргізілетіндігін сұрады. Елді мекенге коммуникация желісі қашан тартылатынын сұрап хабарласқандар да болды. Сондай-ақ көшедегі қоқыс салатын жәшіктердің ескіргенін айтып, балалар алаңдарына не себепті ешқандай дезинфекциялық жұмыстар жүргізілмей жатқандығын сұрап қоңырау шалғандар да болды. Бұл сұрақтарға Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысыБекболат Нұрашев барлығы қаражатқа байланысты екендігін, қаражат мәселесі шешілген жағдайда кезең-кезеңімен жүзеге асырылатындығын жеткізді. Сондай-ақ ол биыл 600-дің үстінде қоқыс контейнерін сатып алып, қажетті жерлерге орнатылатындығын хабарлады. Ал дезинфекция мәселесіне қатысты қойылған сауалға бөлім басшысы бұл жұмыстардың қала бойынша жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын айтты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button