Жаңалықтар

Қайың мен үйеңкі «сауған» жігіт

ОЙЫЛ АУДАНЫ ЕКПЕТАЛ АУЫЛЫНДА ТҰРАТЫН РАСУЛ ЕРСЕЙІТОВ ҚАЙЫҢ МЕН ҮЙЕҢКІ «САУАДЫ» ЕКЕН. КЕЙІПКЕРІМІЗ БАҒБАНДЫҚ ӨНЕРДІ ТӘУІР МЕҢГЕРГЕНІ СОНШАЛЫҚ — ОТБАСЫН ӨЗІ ЕГІП-БАПТАЙТЫН БАҚШАСЫМЕН АСЫРАП ОТЫР.

Шежірелі Ойылдың табиғаты Барқын құмының ортасында орналасқан орманымен ерекшеленеді. Ал Расул — сол өңірдің перзенті. Оның үстіне Жер-Ананың игілігін барынша пайдалану оған ата-бабасының өсиеті іспетті.

— Адамзаттың екі анасы бар: біреуі осы өмірге әкелген анамыз болса, екіншісі қазіргі тұрағымыз және бақилық болғаннан кейін де құшағына алатын Жер- Анамыз. Алланың құдіретін қарасаңызшы, «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» шағында адамға әл беретін, иммунитетін көтеруге ықпал ететін сусынды өзі ұсынып тұр. Тек айналаға сәл байыппен көз тоқтата мән беріп қарасаңыз, қоршаған ортада өзара үйлесім, үндестік барын байқайсыз, — деп бастады әңгімесін Расул.

Төрт-бес жыл бұрын ол несие алып, «Ойылдың құлпынайын» өсіргенін жазды әріптестерім. Сол кездері орман шаруашылығына қызығып, өз үйінің ауласына алма ағашын отырғызғанын, қайың мен үйеңкіден шырын алуды ойлап жүргенін айтыпты.

Содан бері Расул Барқынның орманына балаларын ертіп, жиі барып тұрады.

— Барқында қарағай мен қайың көп қой. Қайыңның табиғи шырыны туралы интернеттен көп қарайтынмын. Сөйтіп, ізденіп отырғанымда бірде үйеңкі шырынының пайдасы туралы жарнамаға көзім түсті. Содан кәдімгідей қызыға бастадым. Ізденіп, табиғи шырын алуға шындап кірістім. Қайың мен үйеңкіні кертіп, тес- кенде, бойынан тамшылап ағатын судың, яғни табиғи шырынның денсаулыққа пайдасы шаш етектен. Атап айтсам, адамға ерекше күш-қуат беретін керемет сусын. Иммунитет көтереді, бүйрек пен бауырға жақсы әсер етеді. Көктемдегі авитаминоздан құтқарады. Сондай-ақ микроэлементтерге, дәрумендерге бай. Мен де сол әу баста денсаулығымызды нығайту мақсатында ізденгенмін. Мынадай бір жайтты айтайын: 2014 жылдың көктемінде келіншегім кенжеміз Нұрсейітке жүкті болатын. Сол кезде қа- йың мен үйеңкінің табиғи шырынын бірінші «сауған» кезім, әрі сол жылы үш тоннадай шырын жинадым. Микроэлементтер мен витаминдерге бай керемет сусын Жазираның денсаулығына оң әсер етті. Оған дейінгі балаларды көтеріп жүргенде қатты қиналып, ауыратын. Дәрігерлер жаңа туған балаларымыздың да ана жері, мына жері ауырады дейтін. Бұл жолғысы жеңіл өтті. Дәрігер іздеп сабылмағанымызға қуандық. Кенжетайымыздың да денсаулығы жақсы дегенін естіп, тіпті мәз болдық. Содан табиғи шырынның көп аурудың алдын алатынын аңғардым. Ғалымдар кальцийдің үйеңкі шырынында сүтке қарағанда әлдеқайда көп екенін, калийдің бананға қарағанда мол екенін жазып жүр, — дейді Расул Есенұлы.

Расул мен Жазира отбасында Әділшын, Әділет, Әли, Нұрсе- йіт есімді төрт ұл тәрбиелеп отыр. Кейіпкерімның әңгімесінен кейбіреулер секілді денсаулыққа бейжай қарамайтынын аңғардым.

Кейіпкерім де құрдастары секілді облыс орталығына барып, құрылыста еңбек етіпті. Содан шаң-тозаң мен түрлі химиялық бояулардың иісінен қолқасы ауырып, аллергияға тап болады. Мұндай аурулармен бұл жұмыс- та көп жүре алмасын байқаған ол келіншегі Жазира екеуі екі баласын алып, атамекені Ойылға көшіп барады. «Ауру — астан» деген қағиданы ұстанған ол содан бері салауатты

өмір салтын барынша ұстанып, тіпті ішіп отырған тамағының табиғи әрі таза болуына аса мән береді. Бір ғана мысал, аулада өсіп тұрған, анығы, көліктің, ошақтың түтіне уланған үйеңкі, қайыңнан шырын ақпайды екен. Сондықтан да ауылдан оқшау тұрған орман алқабына барып, таза ауамен тыныс- тап, табиғи шуға құлақ түріп, ағаштармен сырласып, олардың жарақатына май (арнайы замазка) жағып, табиғи шырынын ішкенді дұрыс санайды. Айтпақшы, сенбі мен жексенбіде орманға бармайды екен, ауылдастарына арнап монша жағуды әдетке айналдыр- ған.

— Үйеңкінің түрі көп. Біздің Ойыл орманында өсетіні — шаған тектес үйеңкі. Оның жапырағы Канада туындағыдай емес, тіпті басқа. Үйеңкінің табиғи шырынын алу үшін ағаштың діңгегіне жерден есептегенде 20-30 сантиметр биіктікте ғана кертіп, тесіп, кішкентай түтікше қойып, оны шелекке немесе арнайы ыдысқа тамшылап ағатындай етіп қойып кетеміз. Сөйтіп, жинап әкелген соң оны сол таза күйінде де ішуге болады. Бірақ сақтау үшін оған шекер мен лимон қышқылын қосып, қайнатып, банкаға жауып қоюға да болады. Ал мен оны ешқандай қоспасыз қайнатып, шәрбат әзірлеймін. 45 литр табиғи шырыннан тек бір ғана литр шәрбат шығады. Табиғи шырынды баппен ұзақ қайнатуға тура келеді. Себебі үйеңкі шырынының тоқсан пайызы — су, қалғаны — табиғи қант. Мұндай процеске ешкімді араластырмаймын. Шәрбат алудың бейнеті мол, бірақ балдай дәмі соған татиды. Ал қайыңның табиғи шырынын тек қайнатып, шекер мен лимон шырынын қосып, банка жауып аламын. Одан шәрбат шықпайды. Бірақ жылқының қымызына ұқсас «қайың қымызын» әзірлеуге болады. Орыстар оны «березовица квасы» деп жатады.

Қайыңды наурыздан бастап «саууға» болады. Онда да табиғи шырын жиырма шақты күн ғана ағады. Ал үйеңкінің шырынын ақпаннан бастап жинау- ға болады. Ағаштар көктемде ғана бүршік жарғанға дейін шырын береді. Шырын жинау — аса ұқыптылықты талап ететін жұмыс. Олай дейтінім, ағаштың бойындағы шырынды жинап жатқанымызда оған құ- мырсқа, қоңыз, басқа да қоқым түссе, түсі өзгеріп, тез бұзылып кетеді, — дейді Расул Есенұлы.

Жақында Расулдың қайың мен үйеңкіні «сауатынын» естіген бір студент елордадан Екпеталға арнайы іздеп келіпті. Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ агротехникалық университетінің агрономия факультетінің орман ресурстары және орман шаруашылығы мамандығының төртінші курсында оқитын Әсел Өмірзақ осы тақырыпта ізденіп, диплом жазып жүр екен. Ол да осы біздің облыстың, анығы, Байғанин ауданы Ноғайты ауылының тумасы.

Айтпақшы, Расулдың үлкен ұлы Әділшын жетінші сыныпта жүргенде үйеңкі шырынының пайдасы туралы ғылыми жоба әзірлеп, оқушылар арасындағы «Зерде» ХІ республикалық байқауында «Биология, химия» секциясы бойынша жеңімпаз атанды. Бүгінде ол Ойыл қазақ орта мектебінің 11-сыныбында оқиды.

Расул өзінің арнайы оқу орнын бітірмегенін, алайда бар қызығушылығы бақша мен жеміс бағы екенін айтты. Оның жасап жүрген ісіне қарап, мықты агроном, шебер бағбан деуге болатындай. Ағаштарды будандастыру, жарақаттарын таңу, оларды егу, бақшаны арамшөптерден тазартып, өз тәртібімен егу ─ күнделікті сүйікті ісіне айналғалы қашан… Тіпті Расул бізге: «Балаларым банан мен ананас сұраса, ауламда ол ағаштарды да егуге бармын», — дейді. Бұл оның отбасы алдындағы жауапкершілігін, балажандығын, сүйікті ісіне адалдығын білдіреді.

Кәсіпкер Расул Ерсейітовтің ең үлкен арманы қыста да, жазда да өсіп тұратын үлкен алма бағын, жалпы жеміс ағаштарының бағын жасау. Әзірге көкөністерін сақтайтын қойма, шырын дайындайтын цех ашқысы келеді.

P.S. Адамдардың табиғаттан ажыраған, техногендік кезеңінде Расулдың қаладан ауылға барып, өзі еккен бақша өнімдерімен балаларын асырап отырғаны, әсіресе денсаулыққа пайдалы, таптырмас табиғи шырын жасап ішіп отырғаны — көпке үлгі. Айтпақшы, «Қайың сауған» сөзінің тарихы тереңде жатыр. Тарихты зерделесек, Шәкәрім Құдайбердіұлының келтірген деректері бойынша, жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтардың үштен екі бөлігі қырғынға ұшыраған, халық ашаршылыққа душар болды. Өлмей аман қалу үшін қайыңның сөлін ішкен. «Қайың сауған» деген сөз содан қалған.

Соңғы уақыттағы еліміздегі эпидемиялық жағдайды ескерсек, әу баста адамзатты ашаршылықтан аман алып қалған таптырмас шырынды табиғаттың өзі тағы да осы сәтте ұсынып тұрғандай…

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button