Жаңалықтар

Учаскелік полиция танымайтын адамның пәтерақысын төлеп берді

Ақтөбе қаласы №1 қалалық полиция басқармасының №12 ПБ учаскелік полиция инспекторы Бақтияр Жақыповтың жұмыс барысындағы жақсы ісін бүгінде облыстағы барлық ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Мұны бәлкім, адамгершіліктің көрінісі, бәлкім, ерлік деп те жазуға болады. Себебі бүгінгі уақытта біреуге қалтасындағы ақшасын суырып бере салу — екінің бірінің қолынан келе бермеуі мүмкін. Әрі біреуге ақшалай көмек көрсету учаскелік полиция инспекторының қызметтегі міндетіне кірмейді.

Мән-жай былай болыпты. 23 сәуірде Чекалин көшесіндегі жалдамалы пәтерде жанжал шыққан. Себебі пәтер жалдап тұратын отбасының пәтерақыны төлеуге ақшасы болмағандықтан, үй иесі оларды төтенше жағдай режиміне қарамастан пәтерден шығармақшы болған. Алайда мұндай жағдайда ешкімнің ешкімді құқық қорғау органдарының шешімінсіз үйден қуып шығуға хақы жоқ. Сондықтан үй иесі учаскелік полиция қызметкерін шақыртып, жалдаушылардан пәтерді босатуын талап етті.

Учаскелік полиция инспекторы Бақтияр Жақыпов жалдамалы пәтерге барған кезде үйде екі балалы ерлі-зайыптылардың тұрып жатқанын, әйел адамның бала күтімінде отырғанын, отағасының төтенше жағдайға байланысты жұмысынан айырылғанын біледі. Осы сәтте шұғыл шешім шығарған учаскелік полиция инспекторы қалтасынан пәтерақыға қажетті 40 мың теңгені суырып алып, үй иесіне ұсынды.

— 23 сәуір күні бізге Чекалин көшесіндегі пәтер иесінен шақырту келіп түсті. Әріптесім Асылан Алмашевпен бірге осы мекенжайға келдім. Алдымыздан қыз бен жігіт шығып, пәтер жалдаушыларын шұғыл түрде шығару керектігін айтты. Мен: «Үйден шығаруға құқығымыз жоқ, оны сот қаулысын шығарғаннан кейін ғана шығара аламыз», — дедім. Пәтер жалдаушылармен сөйлескім келді, мүмкін олар нашақорлар немесе маскүнемдер шығар деген күмәннің болғаны да рас. Алайда үйге кірген кезде алдымыздан томпаңдап 2 жасар кішкентай қыз бала жүгіріп шықты. Анасы, емізулі баласы бар әйел адам: «Бізге екі сағаттың ішінде пәтерді босатуды талап етті, бізде дәл қазір пәтерақыға төлеуге ақша болмай тұр, күйеуім жұмыстан шығып кетті, мемлекеттің көмекке беріп жатқан 42 500 теңгесін де әлі алғанымыз жоқ», — дегенде өзімнің де пәтер жалдап жүрген кездерім есіме түсті.

Сондықтан еш ойланбастан бұл отбасына көмектесу қажет деп шештім, жақында жалақы алған едім, содан 40 мың теңгені алып, пәтер иесіне бердім. Пәтер жалдаушы таңғалып: «Ақшаны қайырымдылық қорынан алдыңыз ба? — деп сұрады», — дейді Б.Жақыпов.

Учаскелік полиция инспекторының айтуынша, сол күні ол картасына түскен жалақысын банкоматтан алып, кешке зайыбына апарып беруі керек болған екен.

«Әйелім бұл әрекетіме еш қарсы болған жоқ. Себебі біздің отбасымыз үшін қайырымдылық жасау — тұрақты, үйреншікті іс. Ай сайын өз әріптестеріммен бірге мұқтаж адамдарға, науқас балаларға банктердің мобильді қосымшалары арқылы қаржы аударып тұрамыз. Алайда оны ешқашан жарнамалаған емеспіз. Осы жолы пәтер жалдаушы ерлі-зайыпты менің аты-жөнімді көрсетіп, азғантай көмегім туралы әлеуметтік желілерге жазып, алғыс білдірген. Мен мұны ерлік деп есептемеймін, мұқтаж адамға көместесу —  жүрегінде иманы, адамгершілігі бар әр азаматтың парызы», — дейді ол.

Бүгінде Бақтиярдың жан-жақтағы, еліміздің әр түкпіріндегі әріптестері хабарласып, Қазақстан полициясы қатарында осындай азаматтардың бар екендігін мақтан тұтатындығын және мұқтаж отбасына көмектескісі келетіндіктерін айтып жатыр.

Полиция капитаны Б.Жақыпов ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет етіп келеді. Әріптестері оның өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтынынын айтады. Полиция департаменті басшылығы Бақтиярдың мұндай игі ісі ескерусіз қалмайтынын айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button