Жаңалықтар

Екі жұмысшыдан коронавирус анықталды

«Теңізшевройл» компаниясында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын екі жұмысшыдан коронавирус анықталды. Қазіргі күні науқастар облыстық жұқпалы аурулар  ауруханасының боксталған палатасында жатыр.

Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев тікелей эфирде айтты.

Бүгінгі күнге дейін қалаға аталған  компанияда жұмыс жасайтын 1278 облыс азаматы келген. Соңғы келген топтан екі адамның індет жұқтырғаны анықталды.

Қазір олар арнайы палатада жатыр. Барлық медициналық көмек көрсетілуде. Бүгінгі күні коронавирус жұқтырған 46 адам емделіп жатыр. Оның ішінде екі науқастың жағдайы ауыр болатын. Бүгін бір науқас жансақтау бөлімінен шықты. Ал жүрегіне кардиостимулятор қойған науқастың жағдайы қалыпты. Дәрігерлер бақылап отыр. Карантиндік, провизорлық госпитальде 977 адам жатыр. Жалпы тіркелгендердің ішінде он бір адам жазылып, үйіне шықты.

Ақтөбе — шекаралық аймақ. Әсіресе жерлестеріміздің басым бөлігі Ресейден келіп жатыр. Олардың барлығы тексеруден өтуде. Егер індет белгісі байқалмаса, үй карантиніне жіберіледі, — деді басқарма басшысы.

Коронавирус жұқтырған соңғы екі адаммен байланысты болғандардың барлығы карантинге алынған. Әсет Қалиев облыста науқастарды емдеп жазу үшін барлық жағдайдың жасалғанын айтты. Тікелей эфир арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button