Жаңалықтар

10557 отбасы  «Birgemiz» қоғамдық қорынан 50 мың теңге көмек алады

Ақтөбе қаласындағы 10557 отбасы «Birgemiz» қоғамдық қорынан 50 мың теңгеден көмек алады. Бұл туралы Nur Otan партияcы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов партия филиалының Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі тікелей эфирінде мәлімдеді.

Төтенше жағдай режимі кезінде партиялықтар оңтайлы тәсіл арқылы халықпен байланыс орнатқан. Ербол Данағұловтың айтуынша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Nur Otan партиясы алғашқы күннен бастап өзінің бүкіл әлеуетін Президент жариялаған коронавируспен күрес шараларын қолдауға, мұқтаждарға көмек ұйымдастыруға жұмылдырды. Елбасы бастамасымен «Birgemiz» қоры құрылып, бүгінде аталған қорға кәсіпкерлерден 23,5 миллиард теңгеден астам қаражат түскен. Көмектің алғашқы толқынында республика бойынша 152 мың отбасы 50 мың теңгеден бір реттік қолдауға ие болды.

Тікелей эфир барысында Е.Данағұлов «Birgemiz» қоғамдық қорынан кімнің қандай қолдау алатынын нақты түсіндірді. Бұған дейін аталған қордан Ақтөбе қаласындағы 7894 адамға 7 санат бойынша көмек көрсетілген болатын.

27 сәуірден бастап мұқтаждарға көмек көрсетудің екінші кезеңі басталады. Ақтөбе қаласындағы 10 557 адам 50 мың теңгеден жәрдемақы алады. Олардың қатарында 2,3-топтағы мүгедектігіне жәрдемақы алып отырған азаматтар және қалалық жұмыспен қамту орталығында 1 сәуірге дейін жұмыссыз ретінде тіркелген аз қамтылған отбасы мүшелері бар. Олар бұған дейін мұндай көмекті алған жоқ, — деді Ербол Данағұлов.

Тікелей эфирде әсіресе ауыл тұрғындары белсенділік танытты. Олардың қатарында Алға, Әйтеке би, Байғанин, Мұғалжар, Ойыл, Шалқар аудандарының тұрғындары болды. Оқырман сұрақтарының дені «Birgemiz» қоғамдық қоры және  мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек, оның ішінде мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға жергілікті бюджеттен бөлінетін 20 мың теңге бір жолғы қолдауға байланысты болды. Сонымен қатар материалдық көмекке қатысы жоқ сауалдар  да қойылды. Оның ішінде еріктілер тарапынан қолдау, қаладан шығу мүмкіндіктері, интернет жылдамдығын жақсарту, жұмысқа орналасу сияқты мәселелер де айтылмай қалмады. Диалогқа көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар да араласты. Тек өтініштер ғана емес, Nur Otan партиясынан көмек алғандардан көптеген алғыс түсті. Соның бірі —  көпбалалы ана Айнұр Жалмағамбетова. Тікелей эфир кезінде Айнұр жолдасы екеуі төрт бала тәрбиелеп отырғанын жазды. Оның бірі — мүгедек. Сондықтан да бұл отбасыға аталған қор арқылы 50 000 теңге бөлінген. Айнұр қиын жағдайда отбасына көрсетілген мұндай көмек үшін партиялықтарға өз ризашылығын білдірді.

Эфир кезінде оқырмандардың бірқатары Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «BizBirgemiz» акциясы жұмысына қызығушылық танытып, азық-түлік көмегін сұрады. Ербол Данағұлов облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалиннің қолдауымен ақтөбеліктер акцияға белсене атсалысып жатқанын айтты. Бүгінге дейін 3728 отбасы азық-түлік көмегін алыпты. Сондай-ақ ол өз сөзінде Nur Otan партиясы осы игі іске 150 млн теңге бөліп, партияның Орталық аппараты мен филиалдарының қызметкерлері қосымша өздерінің бір күндік жалақысын аударғанын да атап өтті.

Бір сағатқа созылған тікелей эфир барысында Ербол Данағұлов қасиетті рамазан айының алғашқы күні кәсіпкерлер мен мейірімді жандардың көмегімен жасотандықтар үш жүзден астам әлеуметтік әлсіз топтарға азық-түлік жеткізгенін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button