Жеңіс

Тұлғаларың  әрқашан  биік  тұрар

Жеңіс-75

Биылғы жыл ақтөбеліктер  үшін тарихи  мерейтойлы жылнамаларға толы. Ақтөбелік Кеңес Одағының  Батырлары —  Виктор Бойченконың туғанына 95 жыл, Қожабай Жазықовқа 100 жыл толмақ. Осыған орай Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды музейінің қызметкерлері батырлардың мерейтойларына  арналған патриоттық  шаралар  мен  конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар  ұйымдастыруды жоспарлады.                            

Барлаушы Бойченко

1925 жылдың 21 шілдесінде Ақтөбе қаласында жұмысшы отбасында дүниеге келген Виктор Бойченко 1942 жылдан бастап кеңес әскері қатарында болды. Сол жылы майданға кетті.

496-жеке барлау ротасының барлаушысы (Оңтүстік-Батыс майдан, 46-армия, 236-атқыштар дивизиясы) ефрейтор В.Бойченко 1943 жылы 26 қыркүйектің түніне қарай барлаушылар тобы кұрамында Днепропетровск ауданы маңында Днепрден өтті, плацдармды басып алды. Түні бойы жаудың бірнеше шабуылына тойтарыс берді. Ұрыс кезінде оқпен және қолма-қол айқаста жеке өзі ондаған фашистің көзін жойды. Плацдармды кеңейту үшін болған ұрыстарда жаудың тылына бірнеше рет барып, өте маңызды деректер алып қайтты.

Соғыс жылдарында көрсеткен epлiгi мен қаһармандығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 1 қарашадағы Жарлығымен

ефрейтор Виктор Бойченкоға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Aғa лейтенант 1946 жылы запасқа шықты.1951 жылы сыртқы сауда институтын бітірді. Шетелдік туризм жөніндегі КСРО Мемлекеттік  комитеті төрағасының орынбасары болды. Соғыс ардагерлері кеңестік комитетінің, Бейбітшілікті қорғау комитетінің, Шетелдермен достық байланыс жасау кеңестік одағының мүшесі болып сайланды.

Ленин орденімен, I және II дәрежелі «Отан соғысы», Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», «Қызыл Жұлдыз», «Кұрмет белгici» ордендерімен және медальдармен марапатталды.

Виктор Бойченко — Кишинев пен Днепродзержинск қалаларының құрметті азаматы.

Батыр 2012 жылы 26 желтоқсанда дүниеден өтті.

Жазықовтың отряды

1920 жылы 4 қазанда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Көктүбек ауылында туған Қожабай Жазықов мектепті бітірген соң Ақтөбеде педагогика училищесінің сырттай оқыту бөлімінде оқып,  сонымен қатар Амангелді атындағы ұжымшардағы мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. 1942 жылы қаңтарда Қ.Жазықовты Teмip аудандық әскери комиссариаты қызыл әскер қатарына шақырады.

Воронеж маңындағы көпірлерді және Старый Оскол станциясына таяу тұрған Набокино разъезін қирату қажет болды. Бұл тапсырманы барлаушы Жазықовтың оқ атып бүркемелеуімен қопарғыштардың бip тобы орындап шықты.

Бірнеше күн өткен соң Волчье деревнясы маңында дұшпанның шегініп бара жатқан бөлімдерінің тосқауылын жою қажет делінді. Жазықовтың барлаушылар отряды бұл тапсырманы да орындап, немістердің 120 солдаты мен офицерін қолға түсіріп, қалғандары жойылды.

1943 жылғы 5 қарашаға қараған түні Жазықовтың отряды командованиенің тағы бip бұйрығын ойдағыдай орындады. Днепропетровск облысының Тегеловка деревнясы маңында дұшпанның күші бірнеше есе басым қорғаныс бөлімін жойды. Осы ұрыс болған жерде жау 300-дей солдаты мен офицерінен, оқ-дәрі тиеген екі автомашинасынан айырылды.

1944 жылы 28 тамызда Ясс ауданында Жазықовтың барлаушылар тобы алпыс шақты адамды тұтқынға түсірді. Тұтқындар жаудың ниеті туралы құнды мәліметтер берді.

1944 жылы желтоқсанның 24-нен 25-не қараған түні лейтенант Жазықовтың барлаушылар тобы Дунайдан өтті. Барлаушылар бекіністің  алдыңғы шебінен өтіп, жаудың жаяу әскер взводына шабуыл жасады. Аз уақытқа созылған айқас нәтижесінде дұшпанның взвод командирі бастаған алты солдаты қолға түсірілді.

26 желтоқсанға қараған түні Жазықов басқарған отряд тағы да Дунайдан өтті. Бұл жолы барлаушылар жаудың ротасына тұтқиылдан тап берді. Дұшпанның көптеген солдаты өлтіріліп, рота командирі және үш офицері бар 70-тен аса адам қолға түсірілді. Барлаушылар тобы Киш-Орош, Тотфалу, Сигетмоноштор деревняларын алып, аралды түгелдей жаудан азат eтті.

КСРО Жоғарғы Keңeci Президиумының 1945 жылғы 28 cәуірдегі Жарлығымен Богдан Хмельницкий орденді, Қызыл Тулы гвардияшы 25-ші Синельников атқыштар дивизиясының 22-дербес гвардияшы барлаушылар ротасы барлаушылар взводының командирі, гвардия лейтенанты Қожабай Жазықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.Бұл құрметті атақ Қ.Жазықовқа дұшпанның Будапешттегі тобын қоршауға алып, оны жоюға қатысқаны үшін берілді.

Фашистік Германияны жеңгеннен кейін көп ұзамай Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықов әскер қатарынан босап, Ақтөбедегі педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түсті. Оқуын бітіргеннен соң жас буынды тәрбиелеп, оқыту ісіне бар күш-жігерін жұмсады.

Батыр 1982 жылы 23 қазанда дүниеден өтті.

 Айсұлу  ТҰРАЛИЕВА,

Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың мемориалды музейінің бас қор сақтаушысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button