Жаңалықтар

Ақтөбе облысының қоғамдық ұйымдар және зиялы қауым өкілдерінің ҮНДЕУІ

Құрметті облыс тұрғындары, қадірлі жерлестер!

Ата-бабаларымыз қашаннан да қауіптің айтып келмейтінін ескертіп отырған. Сонымен бірге, «сақтансаң — сақтармын» деген тәмсіл де талайымыздың санамызға әлімсақтан сіңгені ақиқат.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дүниежүзін алаңдатып отырған коронавирустың таралуына байланысты халыққа Үндеуін жариялады. Онда бүкіл әлемнің өте күрделі ахуалды бастан өткеріп отырғаны айтылған. Осыған байланысты елімізде төтенше жағдай енгізілді. Барлық сақтық шаралары жүзеге асырылуда, жиын-той өткізуге, негізсіз бас қоса беруге шектеу жасалды. Мұның бәрі бекерге қолға алынып отырған жоқ.

Ең басты мақсат — ел-жұрттың амандығы. Ел-жұрт дегеніміз — сіз бен біз, отбасымыз, жақын туыстарымыз.

Сондықтан да төтеннен келген бұл жайға әрбір адам бейжай қарамауы тиіс. Турасын айтқанда, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын уақыт жетті. Ең алдымен, дәрігерлік кеңестерді мұқият ескеріп, әркім қажетті талаптарды орындап жүргені жөн.

Осы дүрбелең туған аз ғана уақыт ішінде күн сайынғы үсті-үстіне беріліп жатқан ақпараттар ағыны біздің өмірімізге «коронавирус» терминін берік енгізді, бірақ сырқаттың өзін мүмкіндігінше алыс ұстауымыз қажет.

19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі енгізілді. Бұл мәселеге де түсіністікпен қарауымыз керек.

Коронавирус — қауіпті дерт. Оған сөз жоқ. Бірақ одан да қауіптісі — дүрлігу мен абыржушылыққа жол беру, үрейге бой алдыру, жалған байбалам жасап, көпірме сөзге еру, көңілге алаң туғызу. Сондықтан да көпті көрген, талай сынды бастан өткерген алдыңғы буын өкілдері мен үлкен кісілеріміз айналаға басу айтып, тыныштықты сақтауға, жауапкершілікке жол сілтеп отырса, жарасымды болар еді.

Қазақта «көппен көрген — ұлы той» дейді. Көптің басына түскен қиындық, көптің бірігуімен ғана жеңілдейді. Мұндайда қасіреттен ешкім де пайда іздемеуі тиіс. Біздің кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген азаматтарымызға олардың азаматтығына, елге жанашырлығына байланысты сын сағаты туды деп есептейміз. Қысталаң сәтті пайдаланып, азық-түлік бағасын, басқа да қардар заттардың құнын арттыруға жол берілмеуі тиіс. Мұның жауапкершілігін біз сөз арнап отырған кәсіпкерлеріміз толық сезінеді деген ойдамыз.

Кеше жария еткен Үндеуінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселелерді нықтап айтты.

Сондықтан да осындай сын сағаттарда елдігімізге көлеңке түспесін.

Біздің халқымыз талай қиындықтарды бастан кешкенімен, еңсесін төмен түсіріп, ездікке салынбап еді ғой. Осы тұста да ауызбірлігімізден айырылмайық, ағайын.

Бір-бірімізді қолдайық, айналамызға жанашырлық танытайық, мұқтаж жандарға көмек берейік. Сонда ғана қауіпті дерттің бетін қайтарып, алаңсыз тірлігімізге көшетін күнді жақындатамыз деп ойлаймыз.

Сын сәттерде бірге болайық, ағайын! Біз біргеміз!

А.АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, профессор.

М.АҚДӘУЛЕТҰЛЫ, «Адырна» журналының бас редакторы.

Т.АЙЖАРЫҚОВ, еңбек ардагері.

А.ӘМІРҒАЛИЕВ, Ақтөбе облысының кәсіподақ орталығының төрағасы.

Ғ.БАЙДЕРБЕС, еңбек ардагері.

Қ.БАЙМЕНОВА, «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.

К.БІРМАНОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ғ.БІТІКОВ, облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы.

С.ВИШНЯК, облыстық мәслихат депутаты.

Е.ДАНАҒҰЛОВ, Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

К.ДАХНО, Әулие Николай православ шіркеуінің жетекшісі.

Ш.ДЖАМАЛОВ, «Азери» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы.

А.ДҮЙСЕНОВА, Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары ассоциациясының  президенті.

Е.ЕСЕНБАЕВ, еңбек ардагері, «Парыз» қоғамдық қорының жетекшісі

К.ЕСПАҒАМБЕТОВ, еңбек ардагері.

Б.ҚАЛМАҒАНБЕТОВ, «Т.Досымов атындағы Республикалық қоры» қоғамдық қорының директоры.

Е.ҚҰРМАНБЕКОВ, ҚР мәдениет қайраткері.

М.ҚОЙЛЫБАЕВ, «Ер Бақыт» спорттық – патриоттық клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

А.МЫРЗАЛИН, Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Р.ОТЫНШИН, Қазақстанның Журналистер одағының облыстық филиалының төрағасы.

Т.ОСПАН, «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы.

С.САҒЫНТАЕВ, еңбек ардагері.

Қ.САБЫР, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Ақтөбе облыстық филиалының директоры.

Х.САГАЕВ, «Вайнах» шешендер этномәдени бірлестігінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

А.САДЫҚОВ, «Ақжол» Қазақстан Демократиялық партиясының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.

А.ТАЙЖАНОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.

Н.ҮДЕРБАЙ, Қазақстан Республикасының Қызыл ай қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.

К.ЦХАЙ, Қазақстан кәрістер одағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button