Жаңалықтар

«Тігін тіксем, рухани тыныштық табамын»

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері жұрттың көбі қашықтықтан жұмыс істеуге көшті, енді бірі үйде отырып, тірлік етіп жатыр. Солардың бірі —  үйде көрпе тігумен айналысып отырған Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлзада Абитова. 

Гүлзада біреуден бірдеңе күтіп, қарап отыратындардың қатарынан емес, қашаннан тырбынып, ізденіп, талаптанып жүреді. Оған күш беріп, алдағы күнге үмітпен қарауға үйрететін — балалары. Тұңғышы Жансұлу №30 орта мектептің 4- сыныбында оқып жүр. Созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын Орынбасары осы мектептің 1-сыныбында оқиды. Гүлзада осы баласының денсаулығына ерекше алаңдайды, ай сайынғы ішетін дәрісі аяқталарда жанын шүберекке түйіп, қатты қиналады, сондай сәтте ғана облыстық денсаулық сақтау басқармасының есігін қағады екен. Ал кішкентайы Рахмет №1 «Гүлдер» бала-бақшасына барып жүр. Үш баласын бір өзі өсіріп отырған Гүлзада:

— Елдегі төтенше жағдайға байланысты қазір балаларым қасымда. Жалпы халыққа бірдей тәртіпке бағынамыз. Алайда қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Балаларым көз алдымда отырғанда, өмір сүруге құлшыныс одан сайын артады екен. Тігін машинамды қолға алып, көрпе-жастық тігуді бастап кеттім. Бала күнімде тігін тігетін нағашы әжемнің қасында көп отыратынмын. Кейін  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы тігін курсын бітіріп алдым. «Глобус спецодежда» цехында тігінші болдым. Былтыр ақтөбелік шебер Айнагүл Қыдырғалиқызынан ою салып, құрақ құраудың қыр-сырларын үйрендім. Жақында құрақ құраудың шебері Ырза Тұрсынзаданың үш күндік шеберлік класына қатысып, сертификат алдым. Өзім секілді жандарды көріп, пікірлескесін бе, тігінге ерекше құлшыныспен кірісіп жатырмын. Тапсырыстар көршілерімнен түсті. Қазір оюлы көрпелер тігіп жатырмын, бір көршім риза боп, дайын болған өнімдерді алып кетті, — дейді.

Жалғызбасты ана балаларымен жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Табысы аз болғандықтан мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Ай сайын балаларына әлеуметтік пакет те беріледі. «Жүрегімді ауыртатыны — ұлымның денсаулығы. Алайда облыстың бас дәрігеріне рақмет, ұлымды үнемі бақылауда ұстап, дәрісін уақытында тауып беріп отыр. Жергілікті билік басшыларына, «аналар жыламасын, осыларға бір көмегіміз болсын» деп, бізбен тікелей жұмыс істейтін жанашыр апаларға алғысым шексіз. Жалпы мен — бақытты анамын. Балаларым бар. Сүйікті жұмысым бар. Мысалы, мен тігін машинасына отырғанда, рухани тыныштық табамын. Соған шүкірлік етемін. Меніңше, өзін сыйлайтын әр адам үйде отырғанда пайдалы іспен шұғылданады деп ойлаймын», — дейді тігінді серік еткен Гүлзада.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button