Жаңалықтар

Асхат ШАХАРОВ: Қала алдымен тұрғындар үшін жайлы болуы қажет

Кеше Ақтөбе қалалық мәслихатының сессиясында үш мәселе қаралды. Жаңадан тағайындалған шаһар басшысы Асхат Шахаров  депутаттарға тек қана нақты іспен көрінуді ұсынып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Жиында депутаттар коммуналдық мүлікті тиімді басқаруға қатысты бірнеше мәселе көтерді. Олар «Жолаушылар тасымалдау кәсіпорны» мен «Табыс Ақтөбе» ЖШС-ларының жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Артынша соңғы мекеменің әбден қарызға батқаны да сын тезіне алынды.

Сондай-ақ қаланың 2020-2022 жылдарға арналған бюджеті бекітілуге ұсынылды. Ақтөбе қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Амангүл Рүстемова өз баяндамасында қаражаттың қай мақсатта жұмсалатыны туралы есеп беріп, қандай салаларға қосымша қолдаудың керектігіне тоқталды.

Ал Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева әлеуметтік төлемдерді арттыру мәселесінің өзекті екенін, арнаулы топтағы адамдарға демеуді күшейту қажеттігі жөнінде:

— Бүгінгі таңда Чернобыль апатының мүгедектер саны — 240 адам. Оның 142-сі Ақтөбе қаласында тұрады. Облыс орталығындағы Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және мүгедектеріне теңестірілген осы санаттағы азаматтарға қазан-сәуір айлары аралығында коммуналдық қызметтер үшін 3500 теңге төленеді. Алайда бұл қаражат барлығын толық өтеуге жеткіліксіз екені белгілі. Соңғы 2 жылдан бері біржолғы төленетін жәрдемақы көлемі — 60 мың теңге. Мәселен, Атырау және Қарағанды қалаларының осы санаттағы мүгедектеріне коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге, біржолғы берілетін жәрдемақы 100 мың теңгеден тағайындалып, қалалық мәслихаттардың тиісті шешімдері қабылданған.

Жыл сайын мүгедектердің саны азайып келеді. Денсаулықтарын жақсартуға қатысты жеңілдіктер біздің өңірде қарастырылмаған. Санаториялық емге Чернобыль апатының барлық қатысушылары емес, тек жеке оңалту бағдарламасы бойынша ғана мүгедектер жіберіледі.

Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында 4527 соғыс және еңбек ардагері бар. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің саны — 27, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер —1000, тыл еңбеккерлерінің саны — 3470, ал қайтыс болған жауынгерлердің жесірлері — 30. Аталған топтағы адамдарға атаулы даталар мен мерекелік күндерге төленетін біржолғы әлеуметтік төлемдердің мөлшерін көбейту ұсынылды, — деді.

Басқосу соңында Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров Астана мен Алматы аудандары әкімдіктерінің  жұмысы әлі жүйелі емес екенін атап өтті.

— Қала әкімдігінің жанынан Астана мен Алматы аудандарының құрылғанын білеміз. Бірақ олар өз міндетін толыққанды атқара алмай отыр деп есептеймін. Әсіресе, бұл мемлекеттік қызметтердің ұсынылуы, халықпен жұмысқа қатысты. Депутаттар да өз сайлаушыларының алдында, жалпы халыққа есеп беруі керек. Кезекті сайлауға ұзақ уақыт қалған жоқ. Ертең тұрғындар алдында не дейтіндеріңізді де ойлаған жөн. Сіздерді сайлаған — солар. 

Халықтың әлеуметтік желілердегі, есептік кездесулердегі сұрақтары нақты әрі орынды. Енді соны шешуге тырысуымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде, бірлесіп жұмыс істейтінімізге үмітім зор.

Менің ойымша, қала алдымен тұрғындар үшін жайлы болуы қажет. Ол үшін әуелі жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіруіміз тиіс. Жаяу аралап көрдім, тротуарлар мен қоршаулар лас күйінде тұр. Бұны түзету үшін жұмысты жүйелеу қажет. Автомобиль жолдарын тазартқанда, жанындағы адам жүретін жерді ұмытуға болмайды.  

Бүгін көп мәселе көтерілді. Дегенмен осы айтып отырған сұрақтардың жауабын өздеріңіз білуге тиіссіздер. Себебі «Жолаушылар тасымалдау кәсіпорны» және «Табыс Ақтөбе» кәсіпорындарының құрылуы да, олардың даму стратегиясы да депутаттардың мақұлдауынан өткені баршаға белгілі, — деген Асхат Шахаров нақты жұмысты бағдарлап, шынымен іске асатын жоспарды халыққа жариялау керектігін, сонда ғана қарапайым жұртшылықтың билікке деген сенімі артатынын айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button