Жаңалықтар

Сексен бес жылдың белесі

Ақтөбе қаласындағы Баспасөз үйінде еңбек ардагері, Байғанин ауданының құрметті азаматы Мұхамбет Молдағазиннің мерейлі 85 жасқа толуына орай кездесу өтті. Оған белгілі еңбек ардагерлері мен қос газеттің ұжымы қатысты.

Жасынан еңбекке ерте араласып, соғыс жылдарында балалық шағын өткізген Мұхамбет Молдағазин Байғанин ауданында ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан. 30 жылға жуық уақыт аудандағы «Дияр» кеңшарын басқарған.

Шарада «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин мерейтой иесін құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Біз өткен жылдан бастап осындай игі шараларды өткізуді дәстүрге айналдырдық. Бүгін, міне, игілікті істің сәті түсіп, ел азаматы Мұхамбет Молдағазин ағамызға құрмет көрсеткелі отырмыз. Бұл кісі ұзақ жылдар кеңшарды басқарды, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосты. Биыл ағамыз мерейлі 85 жасқа толып отыр. Сондықтан ағамызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, алдымызда асқар тау болып жүре берсін деген тілектестік білдіреміз, — деді ол.

Бұдан кейін басқосуда С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті ауылшаруашылық және экология кафедрасының аға оқытушысы Түрікпенбай Айжарықов, еңбек ардагері, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Серік Ботағарин, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Келдібай Еспағанбетов мерейтой иесінің ел дамуына, ауыл-аймақтың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі мен азаматтық болмысы туралы сөз қозғап, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Шара соңында Серік Ботағарин облыстық ардагерлер ұйымы атынан кеш кейіпкеріне Алғыс хат табыстаса, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының» қоғамдық бірлестігінің І дәрежелі «Еңбек даңқы» және «Ауыл шаруашылығының құрметті ардагері» төсбелгісін, сондай-ақ серіктестік атынан Алғыс хат табыс етті.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button