Жаңалықтар

Ақпан: қысқа айда — қырық шаруа

Қыстың соңғы айы әдетте қысқалығымен ойға түседі. Бір жағынан, бұл айда күннің жарығы молайып, көктемге бір қадам жақындай түсеміз.

Ақпанда да облыс аумағында аз шаруа тындырылған жоқ.

Соның бастыларына тоқталсақ…

Жыл есебі және алдағы міндеттер

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин халықпен есептік кездесуін өткізіп, өңірдің 2019 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындылары туралы баяндады, ағымдағы жылдың міндеттері туралы айтты.

Барлық салада оң динамика байқалғаны нақты деректермен келтірілді. Оның ішінде негізгі капитал инвестициясының өсімі 160 млрд теңгеге 25 ірі жобаны жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етілгені атап айтылды. Кәсіпкерлердің жыл ауқымындағы өндірген өнімі көлемі 680 млрд теңге құрады. Есепті жылы ауыл шаруашылығының өсімі 103,7%-ға жетті. Жиында  ақтөбелік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидиялауға 15,7 млрд теңге бөлінгені айтылды.

Облыс әкімі алдағы атқарылатын істер туралы да кеңінен баяндап берді, сонымен бірге жұртшылықтың сауалдарына жауап берді.

Жыл есебіне қатысушылар өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтумен бірге, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Сыртқы байланыс ұлғаяды 

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық аясындағы шаралар біздің облысымыздың сыртқы байланыстарын нығайта түсуге септігін тигізбекші.

Үргеніш қаласында «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнестің ынтымақтастығы» тақырыбымен форум өтті.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Науаи облысының басшысы
Кобул Турсунов  өзара меморандумдарға қол қойды. Сонымен бірге, Ақтөбенің өнеркәсіптік кәсіпорындары алдағы 5 жылға жалпы сомасы 120 млн доллар болатын келісімшарттарға отырды.

Ақтөбе облысы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы тауар айналымы 2 есеге артпақшы.

Ақтөбе облысынан  «Ақтөбе рельс арқалығы» зауыты, «Грант-Адал»  ЖШС, «Эпсилон-Груп» ЖШС, «Жаңа Әлжан ұн зауыты» ЖШС, «Ақтөбе Фудс» ЖШС, «Айбек» ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтыну кооперативі өз өнімдерін таныстырды.

Кәсіпкерлерге — мемлекет қолдауы

Облыста мемлекет қолдауымен кәсіптерін кеңінен дамытып отырған кәсіпкерлер көптеп саналады.

Солардың қатарында «Шинторг-Центр» ЖШС, «РИДК» фитнес орталығы, «Дентко» стоматологиясы мен «Моголь» кондитерлік наубайханасы сияқты құрылымдар бар.

«Шинторг-Центр» серіктестігі автомашиналар мен авто-аксессуарларын сатумен айналысып келеді. Компанияның Нұр-Сұлтан қаласымен қатар Хромтау, Қандыағаш, Мәртөк аудандарында  филиалдары жұмыс істейді.

Компанияны басқаратын кәсіпкер 150-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Ал адам денсаулығын нығайтуға бағыт ұстаған «РИДК» фитнес орталығы ақтөбеліктер үшін 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бизнес-үдерістерді есепке алуды автоматтандыру бағытында кәсіпкерге Еуропа қайта құру және даму банкінің өкілдері консультациялық көмек көрсетіпті.

«Дентко» стоматологиялық клиникасы балалар мен ересектерге арналған заманауи стоматологияның барлық түрлерін ұсынады. Өзінің жабдықталуымен еуропалық деңгейге сәйкес келетін стоматологияда кеңес беру, рентгенодиагностика, терапия, хирургия, физиотерапия, ортопедия және имплантология кабинеттері бар.

«Моголь» кондитерлік наубайханасы Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен жаңа сатыға көтерілді.

Аталған кәсіпорындар бойынша баспасөз туры ұйымдастырылуы олардың жұмысын насихаттауға жол ашты.

Бақытты отбасы болғыңыз келсе…

Облыс орталығындағы «Анаға тағзым» ғимаратында «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Былтырдан бастап осында отбасы күнінен бері отбасын сақтау кабинеті жұмыс істеп келді.

Санаулы мерзім ішінде кабинет қызметкерлері 320 отбасының тағдырына ортақтасты. Араға сына түскен ерлі-зайыптыларға ең алдымен ұлттық салт-дәстүрлер үлгісі таныстырылады, жақсылық жолы ұсынылады.

Орталық қызметкерлері жастарға ата-енені сыйлау, үлкенді құрметтеу тұрғысында насихат жұмыстарын жүргізеді. Қоғамдағы қатерлі жағдайлардан сақ жүруге кеңес береді.

Орталықта сондай-ақ азаматтарды мемлекеттік орган басшылары, депутаттар қабылдайды. Мұнда кәсіби медиаторлар, заңгерлер, психологтардың көмегіне жүгінуге де болады.

Мұнайшылар жалақысы 25%-ға жоғарылады

Ірі мұнай компаниясы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жұмысшыларының еңбекақысы артты. Биылдан бастап компания жұмысшылары бұрынғыдан 25 пайыз жоғары жалақы алатындығы ресми түрде жария етілді.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин жергілікті компаниялардың басшыларына қаржы тауып, жұмысшылардың еңбекақысын көтеру туралы тапсырма бергені мәлім. Бұл бастама «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы басшылығы тарапынан қолдау тапты. 6550 қызметкері бар үлкен ұжымда бұл қамқорлық айтарлықтай серпіліс туғызды.

Тұрғын үй құрылысы қарқынмен дамиды

2016-2019 жылдар аралығында 5291 пәтер салуға бағытталған 27,6 миллиард теңгеге мемлекеттік облигациялар шығарылды. Соның есебінен барлығы 70 үй және 194 коттедждің құрылысы қаржыландырылды. Оның ішінде бүгінгі күнге жалпы ауданы 275,1 мың шаршы метр 59 үй мен 194 коттедж пайдалануға берілды.

Биылғы жылы халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 15 тұрғын үй немесе 1597 пәтердің құрылысын аяқтау көзделуде.

Өткен жылы облыста 1 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Оның ішінде жалға берілетін, несие арқылы алынған үйлер де бар. Облыс басшысы сол қарқынды биыл да төмендетпеуге бағыт ұсталатындығын айтты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button