Жаңалықтар

Ғылымнан сәуле іздеген…

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде филология ғылымдарының докторы, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері Жұманазар Асанның 70 жылдық мерейтойына орай «Қазыналы ғалым» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.

Шараға зиялы қауым өкілдері, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.

Алдымен жиналғандар экраннан ғалым туралы деректі фильмді тамашалады.

Ол Мөңке Тілеуұлы, Сарышолақ Боранбайұлы, Жөкей Шаңғытбайұлы, Ақпан Әйтбекұлы сынды ел ардақтыларын ғылыми айналымға енгізуде үлкен үлес қосты.

Шара барысында С.Бәйішев университетінің президенті Ахан Бекежан сөз сөйледі.

— Жұманазар Асан Ер Едігені өзінің ғылыми жұмысына тақырып етіп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оның идеясымен Ақтөбеде ескерткіш орнатылуы ерекше оқиға болды. Қаламызда Едіге есімімен аталатын көше бар. Бүгінде мектеп бағдарламасындағы 9-сыныптың қазақ әдебиеті пәніне енгізілді. Енді Ер Едіге туралы ғылыми мақалалардың жинағын шығаруды жоспарлап отыр. Мұның барлығы бүгінгі таңда ғалымның шыққан шыңы,— деді өз сөзінде.

Сондай-ақ шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов, «Ер Едіге» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Қайырқожа Елеусізов, т.б. зиялы қауым өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, ғалымның белгілі тарихи тұлғаларды зерттеудегі еңбегін ерекше атап өтті.

— Өлке әдебиеті мен тарихи тұлғаларына қатысты зерттеу жүргізіп жүрген Жұманазар ағамызды бабаларымыздың өнегелі істері мен ерліктерін кеңінен насихаттап келе жатқан бірегей азамат ретінде танимыз. Зерттеуші 300-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Оның қаламынан шыққан туындыларда халық эпостарының қаһармандары мен би-шешен, жыраулардың ерліктері жазылып, ұлы даланың мерейін асқақтатар тарихи тұлғалары айшықтана түсті. Ол ғылыми ізденістерімен жалпы жұртшылықтың санасына сәуле түсіріп, рухани әлемді жарықтандыруға үлес қосып келеді, — деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Қадірбаев өз сөзінде. Бұдан соң ол облыс әкімінің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ«Ақтөбе — құтты мекен» энциклопедиялық анықтамалық кітабын және ықылас гүлін тарту етіп, иығына шапан жапты.

Сонымен қатар Нұрхан Қадірбаев жақында 70 жасқа толған Қазақстанның Құрметті журналисі, баспасөз ардагері Жанғабыл Қабақбаевты мерейлі жасымен құттықтап, Алғыс хат табыс етті.

Жиын соңында мерейтой иесі Жұманазар Асан шараны ұйымдастырған облыстықәкімдік пен ішкі саясат басқармасына алғысын білдірді.Белгілі күйші Жайлау Асылхановкүмбірлете күй орындап, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілері әннен шашу шашты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button