Жаңалықтар

Медициналық бетперденің бағасы өспейді

Анық-қанық

Дәріханалардан медициналық бетперде, яғни маска сұраушылар көп. Осыны пайдаланып, бетперденің бағасын өсірушілердің де табылатыны рас.

Сондықтан облыс әкімдігі мен фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының аталған қауымдастыққа кірмейтін субъектілері және  облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Бұл келісім бойынша бір дана бетперденің бағасы  көтерме қоймаларда 15 теңгеден, ал бөлшек саудада 30 теңгеден аспауы тиіс.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәбит Искендировтің айтуынша, көтерме сауда қоймаларында 183 мың дана медициналық бетперде болса,  бөлшек саудада 73 мың данасы сатылып жатыр.

Әзірге бетперде жеткілікті. Соған қарамастан қосымша 3 миллионнан 10 миллионға дейін тапсырыс беріп жатырмыз. Жалпы эпидемиологиялық маусым болмаған кезде облыста жылына 1 миллион 300 мыңнан аса бетперде сатылатын, — деді Сәбит Искендиров.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі  медициналық бетпердені жедел респираторлық вирустық инфекцияның белгілері болған жағдайда ғана кию қажет екенін ескертеді. Сондай-ақ коронавирус инфекциясынан сақтану үшін қол мен бетті сабынмен жиі және мұқият жуу керек. Қолға спиртті антисептиктер жаққан дұрыс. Адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болған жөн. Егер суық тиіп, қызу көтеріліп, жөтеліп, тамақ ауырса, тұрғылықты жер бойынша дәрігерге қаралу керек. Сондай-ақ кез келген сұрақ бойынша министрліктің 1406 байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button