Жаңалықтар

Шаруа қожалықтарына маман керек

Ақтөбе  көлік, коммуникация  және жаңа технологиялар колледжінде  өңірдегі  шаруа қожалықтары басшылары, колледж директорлары ауыл шаруашылығы құрылымдарын  мамандармен қамтамасыз ету мәселесін талқылады.

Ақтөбе облысында  бүгінде 7500 фермерлік және шаруа қожалықтары тіркелгенімен, алыстағы шаруашылықтар маман тапшылығын сезініп отыр. Қазіргі уақытта оқу орны, студент пен жұмыс беруші арасындағы үшжақты байланыстың әлсіздігінен ауыл шаруашылығы мамандығын  бітірген мамандардың  негізінен  алыстағы шаруа қожалықтарына барғысы келмейтіні өзекті мәселеге айналды. Аудандардағы шаруашылықтарда  ветеринар, тракторшы-механизатор, сауыншы мамандықтарына сұраныс өте көп. Ақтөбеде ауылшаруашылық колледжінен өзге де  оқу орындарында нарық сұранысына сай мамандықтарға оқытылғанымен, оқу орындарының материалдық-техникалық базасының әлсіздігінен, жұмыс берушілермен  қарым-қатынастың жүйелі түрде жолға қойылмауынан осы мәселе  өзекті күйінде қалып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыстық білім басқармасы 2013 жылдан бері кейбір жұмысшы мамандықтарына қысқамерзімді дуальды оқыту жүйесін енгізген. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының техникалық-кәсіби білім бөлімінің жетекшісі  Венера Шавкилова баяндады. Өйткені, колледж оқушысының 1 жылдық оқу ақысына мемлекеттен 350 мың теңге жұмсалғанымен, оқуды аяқтағаннан кейін шаруашылықтарға барып жұмыс істейтініне кепілдік  жоқ. Мұнымен бірге дуальды оқыту жүйесімен жұмыс берушілерді ауыл шаруашылығы мамандарымен қамтамасыз етуді  Ақтөбе облысының  кәсіпкерлер палатасы да  қолға алған.

«Ақтөбе фермерлік  орталығы» қоғамдық бірлестігінің белсенділерінің бірі, Алға ауданындағы «Тілеу» шаруа қожалығының жетекшісі  Александр Мандрыкин Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныс әзірлейтіндігін жеткізді. Оның ойынша,  орташа және ұсақ шаруашылықтарды субсидиялау саясаты түбегейлі өзгертілуге тиіс. Мандрыкиннің ұсынысын шаруа қожалықтарының иелері жақын күндері талқыламақ.

                                                                         Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button