Жаңалықтар

Үш бөлмелі пәтер сыйлады

Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіде бірнеше отбасы жаңа жылды жаңа үйде қарсы алды. Өткен жылдың маусым айында құрылысы басталған 2 қабатты 16 пәтерлік коммуналдық тұрғын үй  мереке ќарсаңында пайдалануға берілді.

Жалпы құны 129 202, 0 теңге тұратын тұрѓын үйдің көлемі — 1032, 58 шаршы метр. Жаңа пәтерлердің төртеуі шағын отбасыларға арналған бір бөлмелі болса, он пәтер — екі бөлмелі және үш бөлмелі екі пәтер бар. Жаңа баспананың кілтін негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері мен аз қамтылған және көпбалалы отбасылар алды.

Үш бөлмелі пәтердің бірі көпбалалы отбасы Алмаз Қонысовқа бұйырды. Өйткені оның шаңырағында мектеп жасында 6 бала бар. Жолдасы 30 жастан енді асқан Гүлбақыт Сариманова екі рет егіз баланы өмірге әкелген «Күміс алқалы» ана.  Тұңғыштары Таңнұр тоғызыншы сыныпта оқиды. Одан кейінгі екінші қызы Томирис —  6-сынып оқушысы. Ернұр мен Гүлнұр 4-сыныпта оқыса, екінші егіздері Бекарыс пен Жанарыс 3-сыныпқа барады.

Жарты жылдың ішінде осындай көппәтерлі үй салынып, отбасыларға берілуі өте үлкен қуаныш болды. Бұрын әпкемнің үйінде тұрдық. Пәтер де жалдадық. Үй кезегінде тұрғаныма бірнеше жыл болды. Балалар өсіп келе жатыр. Жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алдық. Бұл 14 жылдан бері күткен арманымыз болатын. Үйіміздің қасында екі мектеп бар. Өзім сол мектептердің бірінде күзетші болып жасаймын. Ал жолдасым тазалықшы. Балаларымды ескеріп, пәтер сыйлаған әкімшілікке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Коммуналдық төлем айына — 9 мың теңге. Бұл қымбат емес, — дейді жаңа үйдің иесі А.Қонысов.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button