Жаңалықтар

Қараша: қабағы түзу ай

Шолу

Биылғы қараша қабағынан қар жаудыра қойған жоқ. Шаруаға жайлы болды. Ара-арасындағы қыс келерін сездірген іспетті ызғырық жел тұрғызып, оңтүстік аудандарды әбігерге ұшыратқан бірер күн болмаса, жайбарақат шаруа адамына жаз бойғы бітпей қалған тірлігін тиянақтап аяқтап алуға мүмкіндік берді. 

Осы айда облыс аумағында көптеген жоспарлы жұмыстар атқарылды. Сонымен, тағы бір ой толғамынан өткізсек…

Облыстағы оңды істер

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифингте бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, биылғы жылдың он айы қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар ауқымымен таныстырды.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін облыс экономикасына 600 миллиард теңге инвестиция тартылатыны атап көрсетілді. Қазіргі уақытта шетел инвесторларының қатысуымен 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде.

Облыста ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Оның ішінде ет экспорты үлесі молаймақшы. Сондай-ақ асылтұқымды малды көбейту де басты міндеттердің бірі болып отыр.

Жүйелі түрде жүзеге асырылатын басты мәселелер қатарында инфрақұрылымдарды дамыту, жолдарды жақсарту және таза ауызсумен қамту жайы айтылды.

Тұрғын үй салу жұмыстары да жанды жалғасын табуда. Биылғы жылдың он айы ішінде 600 мың шаршы метрден астам тұрғын жай пайдалануға берілді.

Жалпыұлттық бірлік бағдарымен

Қоғамдағы татулық пен ынтымақтастық бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбеде өткен кезекті сессиясы күн тәртібіне «Этносаралық татулықтан — жалпыұлттық бірлікке» тақырыбын қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған жайлар негізгі әңгіме өзегін құрады.

«Бұрын «Алдымен — экономика, содан кейін саясат» деген ұранмен келсек, енді әрі экономика, әрі саясат тең бағыт ретінде ұсталады», — деп атап көрсетті облыс басшысы Оңдасын Оразалин.

Қазіргі уақытта облыста тоқсаннан астам әртүрлі ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп келеді. Олардың басты мақсаты — ортақ үйіміздің өркендеуіне лайықты үлес қосу деп атап көрсетілді алқалы жиында.

Хорватия мүдделілік танытты

Хорватия Республикасы Ақтөбе облысымен әріптестік қатынасты нығайтуға мүдделілік танытуда.

Біздің облысымызда болған Хорватия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рефик Шабанович осы өңірде жаңа инвестициялық жобалар ашу жөнінде нақты жұмыстар жасалатынын мәлімдеді. Мұндай игі қадамға негіз де бар. Биылғы жылдың сегіз айында ғана Ақтөбе облысы мен Хорватия Республикасы арасындағы тауар айналымы 545 мың АҚШ долларын құраған.

Оның үстіне 2015 жылдан бастап Ақтөбе қаласында Хорватия Республикасының құрметті консулдығы жұмыс істейді. Оған белгілі кәсіпкер, басшылық қызметтерде тәжірибесі мол Арынғазы Беркімбаев жетекшілік етеді.

«Мал өсірсең — жылқы өсір!»

Өнімділік бағыттағы жылқы шаруашылығын өркендетуге Ақтөбе өңірінде ерекше маңыз берілуде. Облыстағы жылқы саны бүгінде 135 мыңға жетті. Оның ішінде асылтұқымды мал 22,5 мыңды құрап отыр. Бұл — осы ауқымдағы республикалық көрсеткіштен едәуір жоғары.

Қазіргі уақытта мұғалжар және көшім тұқымды жылқы тұқымын өсіруге бағыт ұсталынуда. Суыққа төзімді, сондай-ақ мол өнім беретін Ақтөбе жылқыларына сұраныс та көбеюде.

Облыста өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция алдағы уақытта саланы одан әрі дамыту, жылқы еті мен қымызын мол өндіру, мал тұқымын асылдандыру тақырыбын кең қамтыған ұсыныстар мен пікірлердің өрістеуіне жол ашты.

Ақтөбедегі әдеби форум

Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығына арналып Ақтөбеде «Әдебиет, Рух. Қоғам» атауымен республикалық форум өткізілді. Бұл шара барысында осы өңірден шыққан талантты қаламгерлер Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетовтердің шығармашылығына арналған кездесулер ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгерееваның жыр кеші өтті.

«Ақтөбе кітапханасы» сериясымен, сонымен бірге он жас қаламгердің туындыларынан оқырманға ұсынылған жаңа кітаптардың тұсаукесері де тағылымды болды.

Тарихты түгендеу

Облыста «Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институты» атауымен өткен ғылыми-практикалық конференция өз заманының белгілі билері Сегізбай Қалыбекұлы мен Сарышоңай Алыбайұлының өздері өмір кешкен дәуірдегі атқарған рөлі, әділдік орнатудағы ұстанымын көрсету тұрғысынан тәлімдік мәнге ие болды. Аталған тұлғалардың көрші елдермен қарым-қатынастағы дипломатиялық көзқарастары, ел мен жерді қорғау жолындағы қызметтері әлі де болса толығырақ зерттей түсуді қажет етеді.

Осы айда Шымкент өңірінде Сайрам соғысы батырларына елдіктің ескерткіші қойылды. Оған бір топ ақтөбеліктер қатысып, ерлер рухына тағзым етіп қайтты.

Одан кейін Алматы қаласында дала данышпаны, ұлы би, жырау Мөңке Тілеуұлы атындағы көшенің ашылу салтанаты болды.

Бұл игілікті шаралардың барлығы да тарихымызды түгендеу және өткенге тағзым ету болып табылмақшы.

Оқырмандармен кездесті

«Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы аясында Қобда ауданында оқырмандармен кездесу өтті.

«Ақтөбе медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин басқарма барған журналистер тобы газеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ертеңі туралы әңгімеледі.

Газет оқырмандары бұл әңгімеге қызу араласып, бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі келбеті туралы айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу барысында бір топ газет жанашырларына Алғыс хаттар тапсырылып, сый-сыяпат көрсетілді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button