Жаңалықтар

Саптағы сардар

Мерей

Біз бүгінгі әңгімеміз қауіпсіздік саласында отыз жылға жуық еңбек етіп, сан қилы сынақтардан сүрінбей өткен запастағы полковник Асан Есмаханов жайында болмақ.

Асан Бималиұлының қызметтік парағына көз жүгіртсек, 1974 жылы облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен мемлекеттік қауіпсіздік органына қызметке келгендігі, 1975 және 1977 жылдары Киев қаласындағы жедел қызметкерлер мен арнайы қызмет органдарының жоғарғы курстарын тәмамдағаны және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе, Қызылорда облыстары бойынша басқармалары басшысының бірінші орынбасары, орталық аппаратта департамент басшысының бірінші орынбасары болғандығы айтылады.

Арнаулы қызмет деп аты айтып тұрғандай, бұл сала қызметшілерінің жетістіктері, ерекше нәтижелері, марапаттары көп жағдайда жария бола бермейді. Әйтпесе, Асекеңнің де өз өмірін тәуекелге байлаған қажетті сәттегі жанқиярлық ерлігі үшін  мемлекеттік қауіпсіздік комитеті тарапынан алған бағалы сыйлықтары, алғыстары жетерлік.

Қызылорда облысы қауіпсіздік басқармасы басшысының бірінші орынбасары болып жүргенде де талай ұйқысыз түндер мен мазасыз сәттер аз болған жоқ. Байқоңыр бүкіл әлемге танымал ғарыш айлағының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еліміздің егемендігінің бастапқы жылдарында қарсы барлау қызметтерін атқару, ресейлік әріптестермен бірлесе отырып, көрнекті мемлекет қайраткерлерінің және мемлекет басшыларының қауіпсіздіктерін ұйымдастыру сынды жұмыстар— бүгінде айтуға ғана жеңіл, ал іс жүзінде әрбір минут, секундына дейін мұқият есептелген.  Қызметшілері кірпік қақпастан сақадай сай тұруға тиіс, аса жауапты, қырағылық пен жүйкеге сын болатын, нағыз бір ердің ері атқаратын істер нақтырақ айтқанда нағыз «көрінбейтін майдан» болатын.

Қазақ жерінен ғарышқа Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев ұшқан кездердегі қуана жүріп, күн-түн демей еңбек еткен күндер, ұйқысыз түндер бүгінде бәрі естелік болып қалды. Тоқтар бауырын ұшар алдында, экипаж мүшелерімен бірге суретке түсіріп алып, жерге аман оралғанда сол суретті өз қолымен тапсыруы, оған қолтаңбасын жазып тұрып батырдың:

— Бауырым, сенің бүгінгі ісің де ерлік қой, — дегені әлі санасында жаңғырып тұрғандай.

Арал экономикалық апат аймағына келген мәртебелі қонақтарды күтіп алып, қашан аттанып кеткенше құпиялық пен қауіпсіздігін қаматамасыз ету,

алдын ала  бекітілген бағдарламалық жоспарды қалтқысыз жүзеге асыру — қауіпсіздік қызметі адамдарының бірінші кезектегі міндеті болатын. Осындай аса жауапты мемлекеттік тапсырманы ұйымдастыру мен іске асыруда кәсіби білікті маман Асан Есмахановтың да сүбелі үлесі бар.

1980 жылы 19 шілдеде шымылдығын ашқан Мәскеу олимпиадасы тұсында да одақтас республикалардағы әріптестерімен бірге қоян-қолтық қызмет еткен кез бір жағынан «чекистік достықтың» іс үстіндегі көрінісі болса, екіншіден, қауіпсіздік саласы бойынша кәсіби тұрғыдан іскерлік пен біліктіліктің сайысы секілді сынақ болғаны анық. Бұл сынақтан қазақстандықтар сүрінбей өтіп, құрмет сатысына көтерілді. Асекең де қалтқысыз  еңбек ету арқасында одақтық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басшысының қолынан құрмет грамотасын алды.

Мәскеу олимпиадасы күндерінде зайыбы әулетті үлкен қуанышқа бөлеп, торсық шеке ұлды өмірге әкелді. Сондықтан бұл ұлының есімін осы олимпиаданың тұңғыш алтын медаль иегері Еналдиевтің құрметіне Асланбек деп атады.

Асекең сөзуар, әңгімешіл адам емес. Ол тиянақты іс пен жауапкершіліктің иесі. Оқта-текте шешіліп, әңгіме айта қалса, тақырыпқа байланысты өз ойларын, көзқарастарын түйіп, тиянақты айтатыны бар. Бірде бір отбасының жағдайы туралы сөйлесіп отырғанымызда Асекеңнің:

— Меніңше, әр отбасының бойында жауапкершілікпен қоса өрілетін ішкі қуаты болу керек. Сонда ғана отбасы мүшелеріне әкелік ықпал қалыптасады. Шаңыраққа берекет кіреді. Ал, ұрыс-керіс, айқаймен іс бітпейді. Ұрыс жүрген жерден береке қашады, — дегені бар.

— Мен бақытты адаммын, — дейді ол бізбен әңгімесінде. — Әкем Бималиден туған тоғыз баладан қазір жетеуміз жер басып жүрміз. Әкеміз милиция қызметкері бола жүріп, бәрімізді оқытты, жеткізді. Арамызда әке жолын жалғастырғандар да бар. Бүгінде өзіміз де ата-әже болдық. Жолдасым Балжан екеуміз үш баламыздан сегіз немере сүйіп отырмыз. Немерелеріміздің алды отау тігіп жатыр. Бұйырса шөберелі боламыз.

Ол бұл жолы да ұзақ жылғы әскери қызметтегі дағдысы бойынша нақты да қысқа сөйледі. Балалары туралы таратып айтпады.

Әйтсе де, біз Асекең мен Балжан жеңгейдің  Гүлжан, Жәнібек, Асланбек есімді балаларын, олардың лауазымды қызметтер атқаратынын білетінбіз.

Асан Бималиұлы органдағы қызметі аяқталғаннан кейін еңбек жолын «Групп-4»  компаниясында жалғастырды. Қазақстан-Британ біріккен фирмасындағы бұл қызметтің жауапкершілігі бұрынғы міндетінен кем түспейді. Бұл компания да «Тенгизшевройл», «Филипп Моррис» сияқты алпауыт кәсіпорындар болатын. Осында өткен бес жылдан астам уақытта үлкен абырой мен құрметке бөленуіне ұлттық қауіпсіздік саласында жүріп жинаған бай тәжірибесінің көп пайдасы тиді. Аз мерзім ішінде темірдей тәртіп және іскерлік ахуал қалыптасты.

— Мен халқымыздың «Өмір-мектеп» деген даналығына қайран қаламын. Бұл терең және құндылығын ешқашан жоймайтын философия екен ғой. Жасаңдау кезімізде көп нәрсенің байыбына бара бермейтінбіз. Жасымыз ұлғая байқағаным — өмірдің әрбір күні, әр сағаты, сәті адамның ойына ой қосатын, тәжірибе алатын нағыз өнеге мектебі екен. Ұзақ жылғы қауіпсіздік қызметінде қаншама адамдармен жұмыстас, сапарлас, дәмдес-сыйлас болдық. Болашағыма керекті қаншама құндылықтардың куәсі болдым. Олар менің болмысымды қалыптастырды.

Мен осы жұмысқа комсомолдық жолдамамен  келгенмін. Іштей қобалжысақ та, міндеттелген істі мұқият орындап, қызметке деген адалдықты басты ұстаным ете жүріп, меңгеріп кеттік. Басымыздан қаншама сын сағаттарын өткерсек те «басқа жұмысқа, тыныш қызметке кетпедім-ау» деген ой басымызға келмепті. «Отанға қызмет — ерге міндет» деп алаңсыз жүріп, біраз белестерді бағындырдық, — дейді полковник.

Айтса айтқандай, ес білгеннен әкенің қызметтік дағдысы мен өнегесін көріп өскен бойы сергек, жаны елгезек, іс-әрекеті шапшаң, арманшыл жан қандай істе де ұқыптылық пен нәтижені бірінші орынға қояды. Артық сөз, артық уәдешілік, сылтау айту, уақытты зая кетіру жоқ. Ондай әрекеттер оған әуелден жат болатын. Қолы қалт еткенде сүйікті ісі кітап оқу.

— Жасыратыны жоқ, біз мектепке барар тұста қазақ мектебі болмағандықтан орта білімді орысша алып, бүкіл оқуымыз сол тілде болды. Қазақ ақын-жазушыларының туындыларын аударма арқылы оқыдық, — дейді ол.

Біз білетін Асан Бималиұлының көбіне-көп уақыты бола бермейді. Ағайын-тума, жора-жолдас, әріптестер — бәрімен тығыз байланыста. Бәріне де үлгереді. Ол сондай адам.

Міне, ол тағы да қызметке қарай асыға басып кетіп барады. Қызмет демекші, ол қазір облыс бойынша ұлттық қауіпсіздік департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы. Мұнда да жұмыстар жеткілікті. Ардагерлердің қоғамдық белсенділігін арттыру, денсаулығы сыр берген қарттарды үйден емдеу, тұрмыс-жағдайын есепке алу, әлеуметтік көмектер ұйымдастыру, жастарға шеберлік сабақтарын өткізу — оның күнделікті шаруа ауқымы осындай.

Департамент басшысына жасаған ардагерлерге арнап жеке ғимарат бөлу туралы ұсынысын генерал-майор М.Ирменов қолдады. Аз уақыттың ішінде мекеме жанынан екі қабатты ғимарат  берілді. Ардагерлерге толық жағдай жасалды, олардың қоғамдық істерге белсене араласуына жол ашылды. Ардагерлер қанатында демалыс бөлмесі, үстел спорт ойындары, кітапхана, конференц-зал, бильярд бөлмелері бар.

Бүгінгіде жетпістің желмаясын мінгелі тұрған бір әулеттің атасы, бір ұжымның рухани көшбасшысы, сонау жылдары қауіпсіздік басқармасының есігін имене аттап қатардағы лейтенант шеніндегі жедел қызметкерден полковник шеніне жеткен өнегелі өмір иесі, саптағы сардар Асан Бималиұлының  жүріп өткен өмір жолдары осындай.

Нұрлыбек ҚАЛАУОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button