Жаңалықтар

Қыркүйек: қынулы істер кезеңі

Міне, күздің алғашқы айы да аяқталды. Қыркүйек шаруа адамына оң көзбен қарағандай болды. Жайлы күндер егін, шөпті жинап алуға мол мүмкіндік берді.

Бұл айда облыс аумағында көптеген жобалар жүзеге асырылды. Әсіресе, экономикаға инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Облыс делегациясы арнайы Татарстан Республикасында болып, осы ауқымдағы ірі шараларға негіз қалап қайтты. Онда Ақтөбе облысы мен Татарстан Республикасы арасындағыбиылғы сыртқы сауда айналымы 19,6 миллион АҚШ долларын құрап отырғаны айтылды.

Күз — қыс хабаршысы. Сондықтан да осы кезеңдегі әрбір күнді тиімді пайдалану қажеттігі айтпаса да белгілі. 

Президент Жолдауы — жаңа бағыттар нұсқаушысы

Қыркүйек айының басты жаңалығы — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының жариялануы.

«Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын.

Біз өз жұмысымызда Елбасы ұсынған Бес институционалды реформа мен Ұлт Жоспарын толыққанды жүзеге асыру қажеттігін басты назарда ұстауымыз керек.

Елбасымыздың бастамасымен құрылған Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмысын қайта жандандыру қажет» деп мәлімдеді Президент.

Президент Жолдауында халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге баса назар аударылған.

Ақтөбе өнімдері — Нұр-Сұлтанда

Қыркүйек айының соңғы он күндігінде Нұр-Сұлтан қаласында облыстың тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл  жәрмеңкеге  Ақтөбеден барлығы 215 тонна көлемінде өнім жеткізілді.

Азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша республика өңірлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу шарасына ақтөбеліктер жақсы әзірлікпен барды.Жәрмеңкеге облыстың барлық ауданы және  Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарына 65 тонна ет, 85 тонна картоп және көкөніс, 10 тонна сүт өнімдері, сондай-ақ 13 мың дана жұмыртқа ұсынылды. Сондай-ақ саудаға 3 тонна балық шығарылды.

Жәрмеңкедегі азық-түлік бағасы Нұр-Сұлтан қаласындағы бағадан 15-20 пайызға төмен болды.

«Айс+», «Тау» агрофирмасы, «Мәртөк сүт» кәсіпорындары сүт өнімдерін ұсынса, «Шыңғыс», «Абылай» шаруа қожалықтары мен «Шекшек Ата» кооперативі сияқты шаруашылықтардан жеткізілген қымыз, шұбат, ешкі сүті мол сұранысқа ие болды.

«Жаңа-Әлжан астық комбинаты», «Рамазан», «Ақтөбе-нан» серіктестіктері шығарған ұн, макарон, «Айбек», «Степное», «Рокос» компанияларының шұжық,  «Изет Грин Хаус», «Гринхаус Казахстан» жылыжай өнімдері көпшілік көңілінен шықты.

Жоба аясында жұмыспен қамтылды

Ақтөбе қаласында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында бірқатар шаралар жүзеге асырылды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен қысқа мерзімді қайта даярлау курстары ұйымдастырылды.

«Бес Отау» ЖШС жанындағы оқу орталығында пішуші-тігінші мамандығы бойынша 37 адам курстан өтсе, оның 32-сі тұрақты жұмысқа орналасты.

Жалпы қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына 600 адамды бағыттау жоспарланды. Бағдарлама қатысушылары еңбек нарығында сұранысқа ие, аспаз, шаштараз, газэлектродәнекерлеуші, т.б. мамандықтар бойынша 3-6 ай аралығында тегін курстан өте алады.

Оқыту курстары Ақтөбе қаласындағы 9 оқу орталығы мен 2 колледжде жүргізілуде. Негізінен көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасынан шыққан азаматтар, жұмысқа жарамды ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мамандық алуға тартылуда.

 «FlyArystan» әуе компаниясы өз қызметін ұсынады

Келер жылдан елімізде өз жұмысын бастайтын «FlyArystan» жаңа әуе компаниясы Ақтөбеде жаңа авиациялық базасын ашып, тұрғындарға өз қызметін көрсете бастайды. Мұндай базалар Ақтөбе қаласынан басқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларында да ашылмақшы.

Бұл жаңалықты «Эйр Астана» компаниясының президенті әрі бас атқарушы директоры Питер Фостер жеткізді.

Облыста жаңа база аясында 100-120 жұмыс орны ашылып, «FlyArystan» әуе компаниясы жыл сайын 1 миллион шамасында жолаушылар тасымалдайды. Ақтөбе қаласынан еліміздің Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Ресейдің Мәскеу қаласына тікелей ұшатын жолаушылар үшін билет құны 5 мың теңгеден басталады.

Оқырмандармен кездесу

Облыстық «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығы ауқымында газет қызметкерлерінің аудандарға шығып, оқырмандармен кездесуі «Ауылым — алтын бесігім» шарасы аясында Байғанин ауданынан басталды. Одан кейін Темір өңірінде жалғасты.

Бұл кездесулердің ерекшелігі — елге еңбегі сіңген танымал, естен кетпес азаматтарының аттарындағы сыйлықтар белгіленді. Мәселен, Байғанин ауданында ұзақ жыл Комсомолдың 30 жылдығы атындағы мектепті басқарған Нұрман Қорбин, сондай-ақ  медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Қуандық Дүйсенов, ал Темір ауданында қазақ журналистикасының негізін қалаушылардың бірі Жиенғали Тілепбергенов, қазақтан шыққан даңқты генерал Жансен Кереев секілді дара тұлғаларға құрмет жасалды.

Журналистермен бірге кездесулерге сол өңірлерде қызмет еткен, бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлері, білім, медицина, мәдениет қызметкерлері қатысты. «Қазпошта» қызметкерлері баспасөзге жазылуды ұйымдастырып, аудандардағы белсенді оқырмандар «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның марапаттарына ие болды. Әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырды. Оқырмандар газет туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын таппақшы.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button