Жаңалықтар

Барлығы да бала құқын қорғаудан басталады

Тәуелсіз еліміздің дамуының, демократиялық институттардың қалыптасып, Отанымызда бейбітшілік пен келісімнің патшалық құруына негіз болған Ата заң күні — мемлекеттік мерекеміз! 

Кез келген мемлекеттің құқықтық мәртебесін айқындайтын негізгі құжатта демократиялық, зайырлы мемлекетте ең жоғары құндылық — адам мен оның өмірі екендігі айқын көрсетілген. Ал адам құқығы баланың құқығын қорғаудан басталады. Елімізде баланың құқықтары мен мүдделерін қорғау заңмен бекітілген. Біздің әрбір баламыз бақытты болуға, ата-анасының қамқорлығына, махаббатына бөленіп өсуге, балабақшаға баруға, білім алуға, тәлім-тәрибие алуға толық құқылы. Балаларға қамқорлық жасай отырып, мемлекет бала туған кезде жәрдемақы төлейді. Көпбалалы отбасылары түрлі жағынан қорғауға алынған. Қазақстанның кішкентай тұрғындарын зорлық-зомблықтан, озбырлықтан қорғау, оларды тиісті деңгейде бағып-қағу, қамқорлық көрсету, лайықты білім беру — әрбіріміздің міндетіміз.

Еліміз ҚР Конституциясы берген құқықтар аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының «Бала құқықтары туралы конвенциясына» қол қойды. Бұл маңызды құжатта  балалар ерекше қамқорлық пен көмекке құқылы екендігі, баланың жеке басы толық және үйлесімді дамуы үшін оның отбасы аясында, бақыт, махаббат және түсінушілік ахуалында өсуі қажет екендігіайтылған.

Балаларымыздың кішкентайынан жақсы өсіп-өнуі үшін елімізде барынша жақсы жағдай жасалып отыр. Конституциялық заңнан туындаған түрлі құқықтық заңнамалар аясында бағдарламалар қабылданды. Соның бірі — 2010-2020 жылдарға арналған балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ететін «Балапан» бағдарламасы. Бұл құжатта 2020 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен мектепке дейінгі жастағы балалардың 100 пайызының қамтылуы көзделген. Елімізде осы мақсатта заманауи тұрғыда жабдықталған балабақшалар ашылып, педагог мамандарға кішкентайларымызға ата-анасындай қамқорлық көрсетуге талап қойылды.

Ақтөбедегі «Айлин» мектепке дейінгі ұйымы 2015 жылы 1 маусымда ашылды. Бүгінде бұл балабақшада 400-ден астам бала бар. Балаларға мектепке дейінгі білім беру бағдарламасына сай сабақтар жүргізіледі, кішкентайларымыз өздерінің ана тілдерімен қоса, шет тілдерін үйренеді, өнерге, спортқа баулимыз, танымдық, эстетикалық, музыкалық тәрбие беріледі.

Біз балаларымызды кішкентайынан Ата Заңымызды ерекше құрметтеуге шақырамыз. Осы мақсатта балалар арасында суреттер конкурсын өткізіп, балапандарымызды отаншылдыққа тәрбиелеуге тырысамыз. Себебі, елдің болашағы — кейінгі ұрпақтың қолында!

Малика ЖЕТПІСБАЕВА,

«Айлин» балабақшасының тәрбиешісі. 

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button