Басты жаңалықтар

Семей полигонында 11 мың ақтөбелік әскери борышын өтеді

Жаңғырық

1949-1991 жылдар аралығында 11 мың ақтөбелік Семей полигонында әскери борышын өтеген. Бүгінде облыста сол азаматтардың 1800-і ғана қалған. Оның ішінде 320 ардагер мүгедектер қатарына кірсе, қалғандары мемлекет тарапынан бүгінге дейін ешқандай қолдау көрмеген. БиылСемей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 28 жыл толады. Осы орайда біз«Семей ядролық сынақ полигонының ерекше тәуекел етушілер бөлімінің ардагерлері мен мүгедектері» облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Қамысбаевпен тілдескен едік.

— Осыдан тура 28 жыл бұрын,қырық жыл бойы ядролық жарылыстардан көз ашпай келген қазақ даласындағы сынақтардың бір күнде тоқтатылуы шын мәнінде үлкен тарихи оқиға болды. Қазақстан ядролық жарылысты тоқтату бойынша әлем елдері арасынан алғашқы болып батыл қадам жасады. Осы орайда Елбасымыздың ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн. Кейінгі тарих беттерінен білгеніміздей, алғашқы атом сынағы үшін әскери құрылысшылар көлемі 300 шаршы километр «тәжірибе алаңын» дайындаған. Алаңның қақ ортасындағы 30 метрлік темір мұнараның төбесіне қуаты 20 килотонна ядролық заряд орнатылып, оның айналасында темірбетон қорғаныштар, бронды мұнаралар бой көтерген. Орталықтан әртүрлі әскери техника, артиллерия қаруы, танктер, ұшақтар, автомобильдер, бронемашиналар әкелініп,алаңға әскери форма кигізілген адам кейпіндегі заттар, азық-түлік салынған жәшіктер қойылды. Мұның бәрі ядролық жарылыстың алапат күшін, қуатын зерттеу үшін дайындалды. Ал аталған жұмыстарды жасауда әскери бөлімдер мен ондағы сарбаздардың күші пайдаланылды. Солардың қатарында мен де болдым. Мен 1968 жылы Шұбарқұдықтағы №554 теміржол орта мектебін бітіріп, содан 1969 жылы әскер қатарына алындым. Ол кезде жас болдық па, полигон туралы ештеңе білген жоқпыз. Жіберген бөлімге барып, борышымызды өтеуді ғана ойладық. Сол кездегі Октябрский ауданынан 24 бозбала пойызға отырып, Оралдан Мәскеуге қарай батысқа бет алдық. Бір қарасақ, шығысқа қарай, Барнауылдан асып барамыз. Кейін біраз шақырым жүріп, Семейдегі әскери бөлімге барып түстік. Ондаған бозбала эшелонда вагоннан түсіп, перронда тұрғанымызда аяқ астында жер қозғалып, бәріміз қорыққаннан жата қалдық. Шын мәнінде не болғанын түсінген жоқпыз. Кейін әскери бөлімде жүріп, сол аумақта полигонның барын білдік. Сарбаз ретінде біз әскери форма киіп, жауынгерлік тактиканы үйренген жоқпыз. Екі жыл бойы полигондағы қазан-шұңқырларды бітеп, оның айналасын тазалап, құрылыс салу жұмыстарына атсалыстық.

Ал борышымызды өтеп, елге ораларда әскери бөлім басшылығы 25 жылға полигон туралы құпияны жарияламауға келісімшартқа отырып, жасаған жұмыстарымыз туралы жан баласына айтпауды талап етті. Жалпы полигон, оның зардабы туралы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ашық айтыла бастады. Радиация айналадағы тіршілік атаулыны бірте-бірте жойып, күн сайын кең байтақ даламызды, өзендеріміз бен көлдерімізді улаумен болды. Ядролық алапат — полигон маңында тұрған барлық қазақстандық денсаулықтарынан айырылды, елде небір түрлі аурулар пайда болды. Осы тұста айта кету керек, сол ядролық сынақтардың зардабы күні бүгінге дейін сезілуде. Жоғарыда атап өткендей, сол кезеңде елден әскер қатарына алынып, пойызға отырған 24 бозбаланың бүгінде үшеуі ғана қалдық. Қалғандары сол полигонның зардабынан ауырып, қайтыс болды.

— Елімізде алғашқылардың бірі болып біздің облыстаСемей ядролық сынақ полигонында болған ардагерлер мен мүгедектердің қоғамдық бірлестігі құрылды. Осы бірлестік туралы айтып берсеңіз.

  • Біздің қоғамдық бірлестік 2007 жылы құрылды. Содан бері облыстағы ардагерлер өзіміз сияқты азаматтарға көмек көрсетіп, қолдау танытып, қоғамдық жұмыстарға атсалысып келеміз. Облыста ұйымдастырылатын патриоттық іс-шараларға қатысып, жастарды тәрбиелеу, оларға жол көрсету жұмыстарына да өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бүгінге дейін бірлестік өкілдері 2014-2016 жылдары Семейде өткен дүниежүзілік конференцияға барып қатысып, 57 елден келген делегатпен бірге полигонның зардабы туралы әңгімелесіп, өзара пікір алмастық. Әсіресе, Жапониядан келген делегаттар бұл тақырыпты ашық, еркін түрде қозғау керектігін айтты. Айта кету керек, мұндай жарылыс біздің облысымызда, оның ішінде Байғанин ауданындағы Қаражар ауылының аумағында да болған. Деректерге сүйенсек, ол жерде атом бомбасы 11 рет жарылды. Алайда сол жарылыстың біреуі ғана бізге белгілі. Сондықтан бірлестік мүшелері полигон туралы шындық ашық, еш бүкпесіз айтылу керектігін айтады.

Бүгінде қоғамдық бірлестік құрамында облыс бойынша 1800 адам бар. Оның 320-сы ғана мемлекеттен мүгедек ретінде жәрдемақы алады, ал қалғандары бүгінге дейін ешқандай көмек алмаған. Алдағы уақытта елімізде Семей ядролық сынақ полигонының ерекше тәуекел етушілер бөлімінің ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық қауымдастығы құрылса, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жандандыру жоспарымызда бар. Ал қазіргі таңда облыс, қала деңгейіндегі қоғамдық бірлестіктер Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Шымкент, Тараз, Петропавл қалаларында бар. 2014 жылдан бастап Ақтөбе облысының барлық аудандарында бірлестіктің филиалдары жұмыс істейді. Атап айтсақ, Семей полигонында болған ардагерлер облыс бойынша Темір, Шалқар, Мұғалжар аудандарында көп. Олардың дені — полигон аумағында әскери борышын өтегендер. Бүгінгі күні біздің бірлестік басқа облыстарда дәл осындай қоғамдық ұйым құру жұмыстарына барынша атсалысуда.

— Биыл халықаралық ядролықсынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай облыста қандай іс-шаралар өтеді?

— Семей ядролық сынақ полигонының жабылған және халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай 24 тамызда қалалық Мәдениет үйінде мерекелік шара өтті. Оған бірлестік мүшелері, Семей ядролық сынақ полигонының ерекше тәуекел етушілер бөлімі ардагерлерінің жесірлері мен ұрпақтары, сондай-ақ облыстағы зиялы қауым өкілдері қатысты.Бұл күні облыс әкімдігінің қолдауымен ядролық сынақ полигоны зардаптарынан ауырып, қайтыс болған азаматтарға ас берілді. Ал түстен кейін олардың ұрпақтары мен бірлестік мүшелері арасында шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, тағы басқа спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды.

Айта кету керек,биыл бірлестік мүшелері облыс әкімінің атына Ақтөбе қаласында Семей ядролық сынақ алаңының зардаптарынан ауырып, қайтыс болған ардагерлерге ескерткіш-белгі орнату туралы өз ұсынысымызды білдірдік. Бұл мәселе биыл облыс әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комиссияның отырысында қаралып, ұсынысымыз комиссия тарапынан қолдау тапты. Негізінен, ескерткіш-белгі орнату туралы хатымызды облыс әкімдігіне 2007 жылдан бері ұсынып келдік. Алайда бұл ұсынысымызға биыл ғана қанағаттанарлық жауап алдық.

Хатта жазылғандай, облыс әкімінің тапсырмасымен ескерткіш-белгіні орнату үшін қаланың көрнекті жерінен жер учаскесін бөлу және қажетті қаражатты анықтау мәселесі Ақтөбе қаласының әкіміне тапсырылған. Егер облыс орталығынан Семей ядролық сынағының зардаптарынан ауырып, қайтыс болған ардагерлерге арнап ескерткіш-белгі ашылса, біздің қуанышымызда шек болмас еді.

«Ақтөбенің» анықтамасы

Ресми деректерге сүйенсек, 1949-1989 жылдары Семей полигонында 500-ге жуық ядролық сынақ жасалған. Ғалымдардың пікірінше, ядролық зарядтың жалпы қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе артық. Ал 1989 жылы наурыз айында «Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Яғни, әлемде бірінші болып Қазақстан ядролық қаруды сынақтан өткізу полигондарын жабу туралы бастама көтерді. 1991 жылы тамыз айында, бұдан тура 28 жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем бойынша 4-орында болған Семей ядролық қару-жарақ қоймасын жою туралы тарихи шешім қабылдады.

— Сіздің негізгі мамандығыңыз — анестезиолог-дәрігер. Көп жылдар бойы емдеу ісі бойынша облыста қызмет еттіңіз. Жалпы сынақ полигонының зардабы, денсаулыққа залалы қандай?

Қазақ жеріндегі ядролық полигондардың кесірінен халық қырық жыл бойы у жұтып, ересектер де, балалар да небір түрлі дертке шалдыққаны шындық. Ядролық жарылыстардың адам өмірі мен денсаулығына тигізген залалы әлі күнге дейін сейілеремес. Ол үшін зардабы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қасіретті жеңілдетіп, оның жарасын жазу жолында атқарылатын жұмыс әлі де көп. Бұл туралы ғалымдар жыл сайын өз зерттеулерінде айтып, дабыл қағады. Жалпы радиация адамның клеткалары мен органдарының түрлі функцияларына зиянды әсер етеді. Радиация әсер еткенде клеткалардың шапшаң бөлінуі, құрылымы мен құрамының өзгеруі мүмкін. Радиациялық сәулелену тұқымқуалаушылық аппаратын өзгертуге, яғни мутацияға душар етуі мүмкін. Осыдан келіп радиация полигонда болған адамның өзіне ғана емес, оның 7-8 ұрпақтарына дейін әсер етеді. Яғни оның ұрпақтарында мүгедектік ауытқулар болуы әбден мүмкін. Сондықтан алдағы уақытта медицина мамандары осы мәселеге көбірек назар аударып, нақты жұмыстар жүргізсе деген тілегіміз бар.

— Әңгімеңізге рақмет!

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button