Жаңалықтар

Тамыз: толымды істер мен баянды бастаулар

Шолу

ЖАЗДЫҢ СОҢҒЫ АЙЫ — ТАМЫЗДА ДА ТЫҢ ЖАҢАЛЫҚТАР АЗ БОЛҒАН ЖОҚ.

ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АСҚАР МАМИН ОБЛЫСҚА АРНАЙЫ ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛІП, ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ-ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ.

ОБЛЫСТЫҢ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫНДА, АУДАНДАРДА БІРҚАТАР КАДРЛЫҚ ТАҒАЙЫНДАУЛАР ОРЫН АЛДЫ.

ТАМЫЗ КЕҢЕСІ БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ АЛДАҒЫ МЕЖЕЛЕРІН АЙҚЫНДАП БЕРДІ. ПРЕЗИДЕНТІМІЗ «САПАЛЫ БІЛІМ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫНА АЙНАЛҒАНЫН» АТАП КӨРСЕТТІ.

АУЫЛ-ЕЛДЕГІ ШАРУА ӨНІМДЕРІН ЖИНАУҒА КІРІСТІ. ОСЫ АРАЛЫҚТА КҮН СУЫТЫП, КҮЗДЕ БІЛІНЕ БАСТАДЫ.

Тағайындаулар

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин осы айда бірқатар жаңа қызметке тағайындаулар жасады.

Облыстың қаржы саласын басқаруға осы өңірдегі бұрынғы қызметтерін айтпағанда, Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын, қаржы басқармасын басқарған, әкімдік басқару тәжірибесі бар Бекбол Сағын келді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметіне  Ербол Данағұлов тағайындалды. Шалқар, Мұғалжар аудандарында басшылық қызмет мектебінен өткен тәжірибелі мемлекеттік қызметшіге бүгінгі күннің маңызды саласына жетекшілік жасау сеніп тапсырылды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымы тізгінін Алмаз Әлімбаев ұстады. Ол бұған дейін Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы, Новый ауылдық округінің әкімі, Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі қызметтерін атқарды.

Сондай-ақ, ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысы болып Халықаралық құқық қорғау органдары академиясын, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған Амангелді Нұғыманов тағайындалды.

Ал ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы —Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы қызметіне Әділбек Мұқашев кірісті.

Ақтөбе еті — Қытайға

Алға ауданындағы «Ақтөбе ет кластері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл алғаш рет Қытай Халық Республикасына 20 тонна ет жөнелтті. Бұл — Қазақстаннан Қытайға сиыр етін экспорттауға  құқығы бар деп танылған 4 кәсіпорынның бірі.

Жалпы алғанда биылдың өзінде облыстан 2 847,7 тонна ет және ет өнімдері шетелге шығарылды. Оның ішінде  2 126,0 тонна сиыр еті, 485 тонна шошқа еті, 91,4 тонна қой еті бар. Сиыр еті Өзбекстан, Ресей Федерациясы және Иран Республикасына жіберілуде.

Ет экспортының жүйелі түрде жүзеге асуына Ауылшаруашылық министрлігі мен  «Аграрлық несие корпарациясы» акционерлік қоғамы қолдау жасап отыр.

Қытайлық «Алашанкоу Фуксин Трейд», «Ситик», «Шенчжень», «Вей  Джиа Интернейшенел Трейд» секілді компаниялармен меморандум жасалды. Осы келісім аясында жыл аяғына дейін 4 мың тонна ет экспорттау жоспарланды.

«Бақытты отбасы»: үй алудың бір мүмкіндігі

«Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жолдама беру үшін осы айда қосымша өтініштер қабылдана бастады.

Аталған бағдарламасы үш жыл қатарынан жүзеге асырылатын болады, бұл мақсатта жыл сайын республикалық қазынадан 50 миллиард теңге қаражат бөлінбекші.

Облыс бойыншамемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте тұрған 30 мыңнан астам адамның үштен бірі  «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса алады.

Несие ең төменгі 2 пайызбен беріледі, қойылатын талап — бастапқы 10 пайыз жарнаның болуы және отбасындағы әр мүшеге шаққанда айлық табыс 42500 теңгеден аспауы.

Бүгінге дейін қалалық, аудандық жергілікті атқарушы биліктен «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін 1116 жолдама берілген. Әйтеке би, Алға, Байғанин, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Хромтау, Шалқар аудандарынан жалпы алғанда 32 жолдама иесі анықталды.

Жас кәсіпкерлерге — 21 миллион теңге грант

«Жас кәсіпкер» жобасы аясында жастарға 21 миллион теңге грант бөлінді. Оның ерекшелігі, грант қайтарымсыз негізде беріледі. Бір адамға берілетін грант көлемі 3 миллион теңгеден аспайды.

Мемлекеттік гранттар шағын кәсіпкерлік, соның ішінде өз ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге қайтарымсыз түрде ұсынылады. Ол грантқа ие болған кәсіпкерлерөз жобаларына жұмсалатын қаражаттың кемінде 10 пайызын өздері қаржыландыруы тиіс және жаңа жұмыс орындарын ашуы керек деп есептеледі.

Жас кәсіпкерлердің бірқатары бұған дейін «Бастау» кәсіпкерлік негіздері курсында оқыған.

Конкурсқа қатысушылардың жобаларының арасында этноауылды ұйымдастыру, былғарыдан жасалған бұйымдар өндірісі, алма бағы мен қымыз өндіру, отбасы үлгісіндегі кафетерий ашу секілді өзгеше ұсыныстар бар.

Көкжидеге көңіл аударылады

Облыс жұртшылығы үшін маңызды деп саналатын Көкжиде жерасты ауызсуларының бірегей кен орнын сақтауға бүгінде ерекше маңыз беріліп отыр. Осы мақсатта 2008 жылдан бері Көкжиде құмдарының нысандарында мемлекеттік экологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді. Зерттеудің нәтижесі бойынша Көкжиде құмдарының мұнай өнімдерімен ластанғаны байқалады. Бүгінгі күні облыс аумағындағы бес мұнай компаниясы  Көкжиде жерасты суларының кен орындарында көмірсутек шикізатын барлап, сынамалап және өндіру жұмыстарымен шұғылдануда.

Облыстық экология департаменті бірқатар мұнай компанияларына қатысты профилактикалық бақылау жүргізіп, «Көкжиде» құмдарының жерасты суларында мұнай өнімдері бойынша шекті рұқсат етілген концентрацияның артуы деректерін анықтады. Осыған байланысты ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бірқатар ұсыныстар жасалды. Онда жерасты ауызсуы тазалығын сақтауға қатысты нақты шаралар көрсетілген.

«Жібек жолы»: өнерді насихаттау

Ақтөбе үшінші рет өткізілген «Жібек жолы» эстрадалық әншілер байқауына Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстары және Семей,Нұр-Сұлтан қалаларынан үміткерлер қатысты.

Аталған байқауда Ақтөбе өңірінен шыққан даңқты өнер иелері Қызыл Тұрдалыұлы, Сары Батақұлы, Наурызбек жырау Нұржаубайұлы, Нұрпейіс Байғанин, Кердері Әбубәкір, Тәңірберген Молдабай, Шернияз Жарылғасұлы, Бәкір Тәжібаев және т.б ақын-жыраулардың, сазгерлердің шығармаларын насихаттау, ән өнерін дамыту және оны келер ұрпаққа жеткізуге ерекше көңіл бөлінді.

Байқауға арналған жалпы жүлде қорына бюджеттен 1 миллион 500 мың теңге бөлінді.Байқауға қатысушылардың өнерін белгілі композитор Бейбіт Оралұлы бастаған қазылар алқасы бағалады.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button