Жаңалықтар

Бұл суицид емес…

Анық-қанық

19 тамыз күні Шалқар қаласында пойыз астына құлап, 33 жастағы Гүлжанат Бұхарбаева екі аяғынан айырылды. Бұл жұртшылықты бейжай қалдырған жоқ. Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратта келіншектің суицидке барғаны туралы айтылған. Ал оқиға қалай болды? Келіншектің қазіргі күйі қандай? Бұл туралы зардап шегушінің ата-енесі Жалғас Бұхарбаев пен Ақдәрі Бұхарбаева айтып берді.

Гүлжанат Бұхарбаева «Қазақстан теміржолы» АҚ филиалы «Жүк тасымалы» мекемесі Шалқар станциясында кезекші болып жұмыс жасайды. Келіншек сол күні жұмыстан кеш шығыпты.

Келінім 18 тамыз күнітүнгі ауысымда  болды.Сағат 8:00-де жұмысынан шығуы тиіс болатын Бірақ сол күні күндегі уақытында келмеді. Оның алдында комиссия келетінін айтқан. Қоңырау шалған ұлыма кеш шығатынын, өзі хабар беретінін айтыпты. Алаңсыз отырдым. Бір кезде үйге жергілікті уақытпен 10:00-ге  таман екі жігіт келді. Гүлжанатты пойыз басып кетіп, ауруханаға жеткізілгенін айтты. Төбемізден жай түскендей болды. Есеңгіреп кеттік. Дереу ауруханаға келдік. Біз барғанда келінімді отаға дайындап жатыр екен. Ал оқиғаның болғанына екі сағаттай уақыт өткен.  Ертеңіне бұл жайт әлеуметтік желіде жарияланып, ел-жұрт білді. Онда келінімнің суицидке барғаны туралы айтылған. Онсызда қайғыдан қан жұтып отырған бізге бұл ауыр соққы болды. Менің аңдығаным — балаларымның қабағы. Үйге қандай көңіл күймен келеді, қандай проблемаға тап болып жатыр, барлығын олардың көзқарасынан байқаймын. Көңіл күйлері жоқ болса, сұраймын. Еңбек тәртібі бойынша келінім бір күн және түн жұмыс жасап, екі күн демалуы керек. Теміржолдың жұмысы ауыр, миы тынықпаса болмайды. Бірақ кейінгі кезде демалысы бір күнге қысқарып қалды. Гүлжанат «Апа, жұмысым қиындап кетті» деп айтып жүретін. Жұмысынан шаршап келеді. Ал сол түнгі кезекшілігінде жұмысы тіпті қиын болыпты, әрі кеш шыққан. Оны бірге жұмыс жасайтын әріптестеріне айтқан. «Бір жұтым суда ішпеп едім» депті. Түннен шаршап, нәр татпай шыққан келінім таңертеңгілік болатын жұмыс жиналысына қатысқан, содан кейінәлсіреп қалған. Вагонды жағалап келе жатқанда басы айналып, құлаған. Жанталасып денесін алып шығуға ғана әлі келген. Бұл ешқандайда суицид емес, оқыс оқиға, яғни өндірістік жағдай. Оқиға жұмыс орнының аумағында болып отыр. Келінімнің үстінде жұмыс формасы бар, — дейді Ақдәрі Бұхарбаева.

Келінім жас қой, болашағына алаңдаймыз. Өз-өзіне келсе, әрі қарай ем-домы жалғасады. Үш баласы бар. Үлкені 12-де болса, кішісі 6 жастан енді асты. Келінім жұмысына адал. Айналасындағы қызметтестерінің барлығы оның мықты маман екенін мойындайды. Айтып та жатыр.  Ал осындай адал қызметкерінің тағдырына мекеме басшылығы бейжай қарамауы керек. Жауапкершіліктен қашпауы тиіс, — дейді Жалғас Бұхарбаев.

Қызының жағдайын естіген анасы Дариға Әбдірашова Атыраудан сол күні жетіпті.

Сол күні қызым таңертең жұмысында отырып қоңырау шалды. Ақтөбедегі тойға билет алғанымды сұрады. «Өзің барасың ба» деп едім,  «менсіз той өте, ме мама» деді. Өз-өзін өлімге қиятын адам осылай айта ма?! Отбасында қиындық болса қызым үнсіз қалмас еді  ғой,  тұрмысқа шыққалы бірде-бір рет ата-енесі, күйеуі туралы артықсөз айтқан емес. Мен де олардың отбасына араласпаймын. Қызымнан артық ешкім жоқ. Егер отбасында бір жайсыз жайт болса айтар едім. Құда мен құдағайым, күйеубалама қояр ешқандай кінәм жоқ. Жаманшылығын көрмедім, —дейді анасы ағынан жарылып.

Ауыр жағдай отбасы мүшелерін есеңгіретіп тастаған.Күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ. Аудандық ауруханада жатқан Гүлжанатқа күйеуі Асылбек қана кіріп, жағдайын көзімен көрген. Өзгелерінің үйдің көркі, отбасының жанашыры болып, жарқылдап жүретін келіндерінің тізеден жоғары кесілген екі аяғын көруге жүректері дауаламай жүр. Ал балалары әлі аналарының мүгедек болып қалғанына сенбейді. Қазір Гүлжанат дәрігерлердің бақылауында. Дәрігерлер денсаулығы сәл жақсарса, Ақтөбеге апармақ.

Мәселенің мән-жайын білу үшін «Қазақстан теміржолы» АҚ филиалы «Жүк тасымалы» мекемесінің басшысы Жолдыбай Ізтілеуовке қоңырау шалдық. Мекеме басшысы оқиғаның жұмыстан тыс уақытта болғанын, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, ешқандай түсінік бере алмайтынын айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button