Басты жаңалықтар

Қайда демалып жүрсіз?

Жадыраған жаздың ең ыстық кезеңі өтіп барады. Бұл күндері жұртшылық демалысқа шығып, қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәт босап, еркін тынығуға қолайлы жер іздейді. Бірі отбасылық демалыс орталықтарына барып, көңілді уақыт өткізсе, енді бірі қала маңындағы жағажайларда суға шомылады. Осыған орай, бүгін біз оқырмандар назарына қаламыздағы демалыс орталықтары жайлы ақпарат бермекпіз.

 «Yurta рark» — отбасылық демалыс саябағы

«Yurta рark»— Батыс Қазақстандағы ең ірі ойын-сауық орталықтарының бірі.

Сондай-ақ ересектер мен балалардың мейрамын әрлендіре түсетін көпфункционалды отбасы саябағы. Қаладағы К.Нокин даңғылы бойында 5 гектар аумақты алып жатқан нысан өткен жылы жергілікті кәсіпкерлердің бастамасымен салынды.

Саябақта бизнес-әкімшілік, мәдени ойын-сауық, спорттық сауықтыру, отбасылық секілді бірнеше бөлімдер бар. Сонымен қатар балалардың жас ерекшеліктеріне қарай 40 аттракцион жұмыс істейді.

Аталған орталықтың әкімшісі Әсем Ізтілеуованың айтуынша,  «Yurta рark» былтырғы Бақытты бала жылы аясында 8 маусымда ашылды.Жаз айларында орталыққа күніне 2 мыңға жуық адам келеді. Сондай-ақ облыс аудандарынан да келушілер көп.

— Біздің орталыққа қала және аудан тұрғындарымен қатар, еліміздің Орал, Ақтау, Атырау қалаларынан да көптеген қонақтар келеді.

Жұмыс кестесі таңертеңгі 11:00-ден түнгі 12:00-ге дейін жалғасады. Тек дүйсенбіде түскі 13:00-де ашылады.

Көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге жеңілдіктер қарастырылған. Ал, мүмкіндігі шектеулі, оның ішінде 1-топтағы мүгедек жандар мен оларды ерітіп жүрген азаматтар тегін кіре алады.

Тамыз айындаәр сейсенбіде әкімдіктен жіберілген арнайы тізім бойынша 2 сағатқа 100-ден аса аз қамтылған отбасынан шыққан баланыжәне 10 жетекшіні тегін кіргізу жоспарланып отыр. Орталық қыста да өз жұмысын жалғастырады. Мұз айдынында коньки тебу, түрлі ойын-сауық қызметтері қарастырылған, — дейді Ә.Ізтілеуова.

 Кіру құны:

 3 жасқа дейінгі балаларға тегін.

13 жасқа дейін балаларға — 1 мың теңге.

Ересектерге — 2 мың теңге.

Саябаққа келушілер өзімен бірге тамақ алып кіруге болмайды. Бір адамға 1 литр су және емізулі аналарға сәбилерінің тамақтарын алып кіруге рұқсат етілген.

Орталықта арнайы тамақтану желілері орналасқан. Спорттық сауықтыру бөлімінде түрлі спортзалдар, мини гольф, боулинг, әсемдік салондары, мұзды сырғанақ алаңы, бильярд, теннис, үстел үсті ойындары, тауға өрмелеу жарыстары, батут бөлімдері бар. Сондай-ақ  отбасылық бөлімде балалар үйшіктері, тир, этноауыл, сауда павильондары, жаттығу клубтары, фотоалаң, балалар машиналары, лабиринт, 5D кинотеатр,жазғы кітапхана, хайуанаттар бағы орналасқан. Бұдан бөлек орталықта арқан қалашығы, гироскутерлер, түрлі түсті күмбезді балалар үйлері, ғашықтар аллеясы, «Мұхит» үрлемелі балалар батуты, тюбинг төбешігі, ересектерге арналған «Эверест» үрлемелі кедергілер алаңы, «Қиратқыш доп», «Ұшақ кілем»ойын аттракциондары,балалар мерекелеріне арналған шатырлар, т.б келушілердің уақытын көңілді өткізуге септегін тигізері анық. Сондай-ақ жаз бойы әуендетіп тұратын жастарға арналған би алаңы да бар.

Сонымен қатар орталықтың бір ерекшелігі —киіз үйдің ішіндемузей жасақталған. Онда қазақтың ұлттық аспаптары мен киімдері, ыдыстары, қолөнер бұйымдары қойылған. Келушілерге ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, намазхана да қарастырылған.

Орталық 100-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Бүгінде саябақтың ішінен жаз айларында жұмыс істейтінбассейннің құрылысы жүргізіліп жатыр.

«Tree of life Aqtobe» аквапаркі

Былтыр Елорда күні қарсаңында Ақтөбеде тұңғыш аквапарк халық игілігіне пайдалануға берілді. Қалада бұрын-соңды мұндай демалыс орны болған жоқ. Балалар мен жасөспірімдер, ересектер жаздың аптап ыстығында осында тынығып, бос уақытын тиімді өткізеді. Әсіресе суға шомылып, асыр салған балалар мәз-мейрам.

Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ аумағында орналасқан аквапаркте 3 ашық бассейн бар. Одан бөлек ойын алаңдары мен жағажай орналасқан. Келушілер арнайы аттракциондар арқылы сырғанап, суға шомылады. Нысан жыл бойы жұмыс істеп, күніне мыңға жуық адамды қабылдауға қауқарлы.

Айтып өтейік, аквапарк қыста да жабық алаңда жұмыс істейтін болады. Мұнда қазір 92 ақтөбелік жұмыспен қамтылып отыр.

— Қазіргі таңда аквапарк аумағынан 300 орынға арналған мейрамхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Қыркүйек айында ашылуы жоспарланды.

Аквапаркке келушілерге жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, жұмыс күндері таңғы сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін және кешкі 18.00-де кіріп үлгерсеңіз, кешкі 22.00-ге дейін ересектерге — 3 мың теңге. Ал, балаларға — 2 мың теңге. Сондай-ақ көп балалы аналар жұмыс күндері сағат 12.00-ден 18.00-ге дейін жеңілдікпен кіре алады. Көпбалалы отбасы екендігін растайтын куәліктің және балаларының куәліктерінің көшірмесі болуы шарт. Сенбі-жексенбі күндері жеңілдік қарастырылмаған, — дейді аквапарк басшысы Марат Сырбаев.

Кіру құны:

7 жасқа дейінгі балаларға тегін.

7-14 жас аралығындағы балаларға — 3 мың теңге.

Ересектерге — 5 мың теңге.

Аквапаркте тамақтануға арналған фаст-фуд орталығы және бассейнге арналған құрылғыларды сатуға арналған сауда нүктесі жұмыс істейді.

Сағира МАЗИКЕНОВА, қала тұрғыны:

Ақтөбе қаласында көптен күткен нысан еді. Соған қала халқы ризамыз. Барлық жағдай жасалып тұр. Таңертең келгеннен, әлі демалып жүрміз. Өте ұнап жатыр. Ауылдан туысқандарымызды да әкеліп жатырмыз. Балаларға демалуға өте қолайлы. Бағасы да қолжетімді. Балаларыма жеңілдікпен 2 мың теңгеден, өзіме 3 мың теңге төледім. Ақтөбенің туризм орталығы болуға әбден мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

Арайлым Оспанова, қала тұрғыны:

— Әр маусымдағы демалыстардың өзіндік ерекшеліктері бар. Қаламыздағы аквапаркке келуге бүгін алғаш рет жол түсті. Шынында, мұндай демалыс орталықтарына баруға жиі көңіл бөле бермейміз. Алайда, қаланың қарбаласынан тыс уақыт тауып, бір сәт отбасыңмен осындай жерлерге келсең, ерекше демалып қаласың.

Бүгінде қаламызда 9 жазғы демалыс орталығы бар. Мәселен, Қарғалы өзенінің жағасында демалатын көптеген туристер үшін сүйікті орынға айналған «Green Land» демалыс орталығы,  Кірпішті елді мекенінде орналасқан «Под Мостом» демалыс базасы, «Сазды», «Саяхат» секілді т.б жағажайларды атауға болады. Жазғы демалысыңызды жоспарлап жүрсеңіз, жоғарыда аталған демалыс орындарына барып, демалып қайтуыңызға әбден болады.

Демалыс орталықтары жөнінде толық ақпаратты облыстық сыртқы байланыстар туризм басқармасының сайтынан білуге болады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button