Жаңалықтар

Қамқорлық пен мейірімнің мекені

Бала —  біздің болашағымыз, басты байлығымыз. Сондықтан балалардың бақытты, білімді және тәрбиелі болуы үшін барлық жағдайды жасау — ортақ міндет. Ал жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жан-жақты қолдау көрсету — бұл игілікті іс.

Өткен тарихқа көз жүгіртсек, бұрын балалар үйі болмаған. Қазақ халқы жетімді басынан сыйпап, бауырына басқан. Алайда еліміз тәуелсіз алған жылдары еліміздің әр түкпірінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны артып, соның салдарынан балалар үйі көбейді. Дегенмен соңғы жылдары елімізде балалар үйі жабылып, жетімдердің саны азайып келеді. Соның бір айғағы — облыстағы Алға балалар үйінің жабылуы. Аталған мекеме биылғы жылы ақпан айында өз жұмысын тоқтатты.

Балалар үйін 24 жыл басқарған

Кенжеғазы Байғазин — 37 жыл ғұмырын білім саласына арнаған білікті басшы. Алғашқы еңбек жолын Алға ауданындағы Тамды орта мектебінен бастаған ұстаз 1987 жылы Алға қаласындағы №16 кәсіптік-техникалық училищесіне директордың орынбасары болып тағайындалады. Ал 1995 жылдан бастап Алға облыстық балалар үйіне басшылық етеді.

Кенжеғазы Байғазин балалар үйін басқарған күннен бастап мектеп-интернаттың материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа басшы оқу және тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөледі. Көп ұзамай ол облыс басшыларына балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін лагерь қажеттілігі туралы мәселені көтеріп, нәтижесінде бұл ұсыныс оң шешімін табады.Сол уақыттан бастап балалар үйінің тәрбиеленушілері жыл сайын жазғы демалыста лагерьде демалуға мүмкіндік алады. Ал 2000 жылы ол балалар үйі түлектерінің әлеуметтік қорғау мәселелерін шешу үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болады. Білікті басшы Елбасына балалар үйі түлектерінің болашақ тағдырына алаңдайтынын айтып, түлектерге арнап облыста жасөспірімдер үйін ашу мәселесін көтереді. Осы кездесудің нәтижесінде 2003 жылы облыста жасөспірімдер үйі ашылады.

— 1990 жылдары елімізде экономика құлдырып, халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеді. Елде жұмыссыздардың саны артып, ата-аналардың арасында ажырасу, ішімдікке әуестену көбейді. Осының салдарынан ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны күрт артты. Ал балалар үйлерінде тәрбиеленушілерге беретін ыстық тамақ, жылы киім болмады. Сол кезеңде жарық та сөніп қалатын. Бюджеттен бөлінетін қаржы болмаған соң бізге көп жағдайда облыстағы кәсіпорындар, жоғары және арнаулы оқу орындары көмектесіп, балаларды тамақпен, киіммен қамтамасыз етті.

Мен балалар үйіне директор болып келгенімде мұнда 148 бала болды. Балалар үйінің жағдайы 2005 жылдан бастап дұрыстала бастады. Бізге келетін жетім балалардың саны азайып, мемлекет тарапынан қаржылай көмек көрсетілді. Ал 2012 жылдан бастап облыста отбасылық формадағы балалар үйі құрыла бастады. Атап айтсақ, облыста алғаш рет Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықта 10 балаға арналған аудандық балалар үйі ашылды. Одан кейін Хромтау, Қобда, Мәртөк аудандарында да осындай мекемелер жұмыс жасай бастады. Сондай-ақ патронаттық тәрбиеге беру үрдісі қалыптасып, отбасылық үлгідегі орталықтардың саны артты. Көптеген жағдайы жақсы, алайда бала сүйе алмаған ерлі-зайыптылар келіп, балаларды асырап алуға өз ниеттерін білдірді. Осылардың нәтижесінде 2012 жылдан бастап орталықта тәрбиеленушілердің саны азайды. Мәселен, 2012 жылы біздің орталықта 470 тәрбиеленуші болса, 2013 жылы — 360, 2014 жылы — 280, 2015 жылы 190 бала болды. Ал биыл балалар үйінде 16 бала ғана қалды. Оларды облыс орталығындағы «Аяла» балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту орталығына орналастырдық. Ол жерде балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ бірқатар түлектеріміз Ақтөбе қаласындағы «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Ол жерде түлектеріміздің 29 жасқа дейін тұруына толық мүмкіндігі бар. Сондай-ақ орталық басшысының қолдауымен жұмысқа орналастырылып, олардың тұрғын үй алуына да жағдай жасалуда, — дейді ол.

Білім саласында тәжірибесі мол, балаларға жанашыр бола білген Кенжеғазы Жаңабайұлы Алға балалар үйіне басшылық еткен жылдары орталық «Үздік интернат» облыстық байқауында бірнеше дүркін жеңімпаз атанса, 2005 жылы  республикалық байқауда «Үздік ұйым, мекеме, кәсіпорын» номинациясын жеңіп алған. Сондай-ақ білікті басшы мен орталық ұжымының тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Алға балалар үйі облыстық «Ең үздік мектеп ауласы» байқауында жеңімпаз атанып, 130 мың теңге көлеміндегі сыйақы мен «Аймақты абаттандыру ісі бойынша үздік білім беру ұйымы»  атағына ие болды. Ал 3-18 жас аралығындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуде, оларға жан-жақты қолдау көрсетуде үлкен еңбек сіңірген орталық директорының қызметтегі жетістіктерін де атап өткен жөн.

Білім саласына, оның ішінде Алға балалар үйінің жұмысын дамытуда жасаған еңбегі үшін Кенжеғазы Байғазин  Ақтөбе облысына еңбегі сіңген қайраткер, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері атанды, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», Ыбырай Алтынсарин,  «Ақтөбе облысы кәсіподақтарына 90 жыл», «Шапағат», «Астанаға 20 жыл», т.б. медальдармен марапатталған.

Балалар үйіне басшылық еткен 24 жылда мен талай қиындықты бастан кешірдім, еңбегім еленіп, көптеген жетістікке де жеттім. Осының бәрі балалардың маған деген сенімі мен сүйіспеншілігінің арқасында деп ойлаймын. Мен орталықтағы әр балаға әке болсам, олардың әрқайсысы мен үшін «жалғыз» болатын. Әрине, оқу және тәрбие процесінде, балалармен тіл табысуда бірқатар қиындықтар, кемшіліктер болды. Алайда орталықтағы әр баланың жан дүниесіне үңіліп, оларға жарқын болашақ пен жақсы тәрбие беруді ғана ойладым. Бүгінде түлектеріміздің дені абыройлы еңбек етсе, бірқатары үйленіп, тұрмысқа шығып, ата-ана атанып отыр. Олардың маған деген құрметі мен ілтипаты да ерекше. Содан болу керек, бүгінге дейін сол түлектерімнің балаларының тұсауын кесіп, батамды беріп, әкелік парызымды орындап келемін. Біз талай рет демеушілердің көмегімен түлектеріміздің үйлену тойын өткізіп, қуанышымен бөлісіп, үлгілі отбасы болуына жағдай жасадық, — дейді К.Жаңабайұлы.

Айта кету керек, Кенжеғазы Байғазин Алға балалар үйі жабылғанымен, түлектермен кездесіп, араласып тұрады.

Жетістікке жеткізген жылдар

  1. Жалпы жұмыс өт

Кенжеғазы Жаңабайұлы басшылық еткен жылдары Алға облыстық балалар үйінде мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлінді. Орталық тәрбиеленушілері жыл сайын облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткізілетін «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» атты фестивальға қатысты. Соның нәтижесінде «Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, қазақстандық рухани бірлікті қалыптастыруға зор үлес қосқаны үшін» номинациясының  жеңімпаздары атанған балалар үйінің тәрбиеленушілері —  А.Ходырев, А.Девятова, О.Юхно, В.Минаевалар баспаналы болды. Сондай-ақ білгір

басшының бастамасымен дарынды балаларды анықтау және дамыту жүйесі қолға алынып, балалар үйінің тәрбиеленушісі Д.Скендиров ағылшын тілінен «Флекс» конкурсының жеңімпазы атанып, Америкада бір жыл білім алып келді.

— Біздің балаларымыздың барлығы ғылымға, өнерге, спортқа құштар болды. Әр жылдары жеткен жетістіктерін айтсақ, тіпті тауысу мүмкін емес. Тәрбиеленушілердің дені жыл сайын аудандық, облыстық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері атанса, бірқатары республикалық, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысты.

Балалар үйінде, әсіресе, спортқа ерекше көңіл бөлінді. Еркін күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, стол теннисі секциялары жұмыс істеді. 2001 жылы балалар үйінде хореографиялық үйірме ашылып, 2007 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бұйрығымен «Қызғалдақтар» қазақ халық би ансамблі «Үлгілі ансамбль» атағына ие болды. Айта кету керек, бұл ансамбльдің құрылуына, жетістіктерге жетуіне «Әлия гүлі» үлгілі қазақ би ансамблінің көркемдік жетекшісі, балетмейстер Шолпан Айнабекованың үлесі зор. Аталған ансамбль Санкт-Петербург қаласында өткен «Кастальский ключ» атты халықаралық фестивалінде, сондай-ақ  I, II республикалық «Бөбек шақырады» фестивалінде дипломант атанып қайтты. Ал 2012 жылы республикалық «Таңшолпан» би байқауында «Қызғалдақтар» би ансамблінің орта буын бишілері жүлделі  ІІ орынға ие болып, Едачев «Қазақстанның болашақ балеті» номинациясын иеленді. 2013 жылы біздің тәрбиеленушілерімізді Қостанай қаласында өткен «Таңшолпан» республикалық балалар өнер байқауында «Бірлігі берік ұжым» номинациясымен марапаттады, — дейді К.Байғазин.

Оның айтуынша, балалар үйінде әрбір тәрбиеленушінің өзіне ұнаған іспен айналысуына барлық жағдай жасалған. Балалар күрестен, бокстан, жүзуден, футболдан, баскетболдан жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Атап айтсақ, еркін күрестен Алға ауданының, облыстың намысын абыроймен қорғаған тәрбиеленушілер — Қ.Нашенов, Қ.Тоқсанбаев, Е.Попова, С.Шолпанқызы, М.Ильченко, Е.Тодорожко, Д.Кель, А.Чумакова,

А.Орынбасарова, бокстан А.Артеменко, Б.Едигенов, Н.Задорожный республикалық жарыстарда жеңіске жетсе, В.Симбирская, Н.Колесовалар әйелдер арасындағы еркін күрес бойынша ІІІ Еуразиялық спорт ойындарының чемпионы атанған. Ал 2018 жылы А. Назаренко еркін күрестен Жапония мемлекетінде өткен Азия чемпионатында ІІ орынды иеленген. Аталған спортшыларға еркін күрестен Қазақстан  Республикасының «Спорт шеберлігіне үміткер» спорттық разряды берілген.

Біздің тәрбиеленушілеріміз керлингтен облыс құрама командасының сапында болып,  Қазақстан Республикасының Кубогында аралас командалар арасында және әйелдер арасындағы керлингтен жеңімпаз атанды. Осы тұста айта кету керек, 2017 жылы маған  керлингтен облыстық федерацияның төрағасы Мирал Жармұхамбетов келіп, республикаға команда керек екенін айтты. Мен балалармен келісіп, жарысқа баруға ұсыныс тастадым. Балалардың жарысқа қатысып, Алматыны көргенін, спортта өз бақтарын сынағанын қаладым. Осылайша біздің балаларымыз бір апта бұрын Алматыға   барып, дайындалып, жаттығып, ақырында жеңіспен оралды. Бұл күтпеген жеңіс еді, алайда мен өз балаларыма сендім. Себебі біздің тәрбиеленушілердің барлығы үйреткен, көрсеткен нәрсені тез қағып алады, мүмкіндікті құр жібермейді. Кез келген уақытта спортта бәріне дайын тұрады. Соның нәтижесі болу керек, біздің спортшыларымыз жан-жақты, тәжірибелі және қиындықтан қашпайды. Бүгінде сол түлектеріміз облыстағы спорт мекемелерінде, бассейн орталықтарында абыройлы еңбек етіп жүр, — дейді балалар үйінің басшысы.

Кенжеғазы Байғазиннің айтуынша, балалар үйінің спортшылары ғана емес, өнерпаздары да облысқа танымал. Мәселен, 2013 жылы алғаш рет жас өнерпаздардан құрылған «АДД» вокальды аспаптар ансамблі көптеген байқауларға қатысып, көрерменнің көзайымына айналса, ансамбль әншісі Алла Сильченко Ресейдің «НТВ» телеарнасы өткізген «Ты супер!» халықаралық вокалдық байқауында өнер көрсеткен.

Балалардың бәрі өнерлі, талантты. Тек олардың дарынын аша білу керек. Ол үшін әр баламен жеке-жеке жұмыс жасап, оның қызығушылығын анықтау керек. Біздің ұжымның қызметкерлері осы тұрғыда ауызбіршілікпен, ұйымшылдықпен жұмыс жасай білді. Соның нәтижесінде балаларымыз жаман жолға түспеді, теріс ағымға кетпеді. Бәрі бір үйдің баласындай тату болды.

Балалар — біздің басты байлығымыз. Сондықтан олардың болашағы үшін, олардың бақытты болуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балалардың балалар үйінде тәрбиеленіп, қиын тағдырды басынан өткеруіне ата-ана және қоғам кінәлі. Менің түйгенім, балалар үйінде тәрбиеленгендер бақыттың бағасын біледі, қамқорлықты түсінеді, кешірімшіл, көпшіл болады, — дейді К.Жаңабайұлы.

Р.S. Биыл Алға облыстық балалар үйі жабылған соң оның ғимараты жергілікті колледжге, ал лагері «Бақытты бала» жобасы аясында ашылған «Күншуақ» сауықтыру лагеріне берілді. Қазіргі таңда аталған лагерьге Кенжеғазы Байғазин басшылық етеді. Оның айтуынша, жыл бойы жұмыс жасайтын бұл лагерьде бір жылда 960 бала демалып, сауықтырылады.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button